Бұл бала күнінде бәріміз сүйіп көрген фильм кейіпкерлерін сомдаған, балаларға арналған отандық шоулар жүргізген көпке танымал жұлдыздар. Қазір олардың көбі — кәсіби актерлер. Біразы арманын басқа салалардан іздеп кетті. Opa.kz редакциясы көрермен көзайымына айналған балалардың қалай өзгергенін, қазір қайда жүргенін зерттеп көрді.
“Аңшы бала” фильміндегі Қамбар (Санұржан Сүлейменов)

Жазғы демалысында ауылдағы ата-әжесінің үйіне келген қала баласы, оның қасқыр аулауға шығуы туралы баяндайтын фильм біраз баланы экранға телміртті. 2012 жылғы бұл туындыда қала баласы Қамбарды сомдаған Санұржан Сүлейменов — қазір кәсіби актер. “Аңшы бала” Санұржанның кино әлеміне жасаған алғашқы қадамы болды. Жас актер “Рэкетир-2”, “Тракторшының махаббаты”, “Алдар Көсе” сияқты фильмдерге түскен.
“Санжар мен Қайсар” – Қайсар (Нұрдәулет Есболған)

Бұл “Балапан” телеранасының балаларға арналған тұңғыш телехикаясы. Кішкентай Санжар мен Қайсар көп баланың сүйікті кейпкерлеріне айналды. Нұрдәулет Есболған сериалдағы жаңалыққа құмар, өжет бала – Қайсардың рөлін сомдайды. 2013 жылғы сериалдың кішкентай кейіпкерлері қазір қатты өзгерген. Нұрдаулет әлеуметтік желіде танымал, парақшасын белсенді жүргізеді. Түрлі вайндар түсіріп, іс-шаралар жүргізумен айналысады.
“Санжар мен Қайсар” сериалындағы Санжар (Абылай Жұмабай)

Тентек Қайсармен салыстырғанда Санжар — білімге құштар, тәртіпті бала. Қайсар екеуі тығырыққа тірелген сайын амалын тауып, қиындықтан алып шығатын да Санжар болатын. Сериалдағы кішкентай Санжар рөлін сомдаған Абылай Жұмабай қазір 18-де. Актерлік жолын жалғастырып жүр. Жас жұлдыз жақында Gakku телеарнасының “Бір тоқсан” сериалына түсті.
“Айгөлек” балалар байқауының жүргізушісі Еркеш Хасен

“Айгөлек” байқауын жүргізіп, көзге түскен кішкентай Еркеш қазір Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі. Сондай-ақ, ән айтады: Alem band тобының мүшесі. Кино өнеріне де жақын: 2019 жылы “Өз үйім” сериалында Жұлдызбаевтар отбасының мүшесін сомдады.
“Айгөлек” байқауының жүргізушісі Назым Әбілдина

7 жасынан бастап сахнада жүрген кішкентай жұлдызды жұрт “Айгөлек” байқауының жүргізушісі ретінде таниды. Одан бері Назым 2019 жылы Kesh You құрамында өнер көрсетті. Көп ұзамай топтан шығып, жеке шығармашылығын бастады. Назымның өзі көпшілік оны Kesh You әншісі емес, “Айгөлектің жүргізушісі” деп білетінін айтады.
“Санжар мен Қайсар” сериалындағы егіздің сыңары Саида (Мерей Мақажан)

Мерей — актер Тимур Мақажановтың қызы. Кішкентайынан кино әлемінде жүрген жас таланттың ерке қылығы көпшілікті тәнті қылды. Мерей “Қарлығаш ұя салғанда” сериалындағы Зере рөлінен кейін танымал бола бастады. Одан бөлек “Анаға апарар жол”, “Ақ құс”, “Өмір сынағы”, “Игра на вылет” фильмдеріне түсті. Өнерлі жас бірнеше бейнебаянға түсіп, тележүргізушілікпен де айналысты.