Instagram
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам

Динара Болат: Кей арман-мақсаттың орындалмағаны жақсы

Жаңа жыл қарсаңында Opa.kz осы мерекенің бірден-бір фанаты, саяхатшы, жиһанкез блогер, психолог Динара Болатпен сұхбаттасты. Әдетте, бұндай уақытта Динара Американың Нью-Йоркі немесе Францияның Страсбургі сияқты рождестволық көңіл-күйді порция-порциямен сыйлайтын қалаларға кетіп қалатын. Бұл жолы пандемияға байланысты қиыннан қиыстырып, мерекелік көңіл-күйдің пазлдарын өзімізден жинап құрап жүр. Алматыға келген бір күнінен блогер бізге де уақыт арнады. Пандемия кезіндегі саяхат, қашықтан оқитын жасөспірім қызымен қарым-қатынасы, ата-ана ретінде тапқан шешімі, жаңа махаббаты - дорамалар туралы әңгімелестік.

by Назгүл Назар
18.12.2020
Reading Time: 8 mins read

Фото: opa.kz

Фейсбукта бөлісуWhatsapp бөлісу

Пандемия кезеңінің өзінде Африканың Кениясына, Түркияның Алачатысына барып қайттыңыз. Карантин кезіндегі саяхаттың кәдімгі саяхаттан айырмашылығы қандай екен? 

Кедергілері сол — қазір ешқайда ПЦР-тест жасатпай шықпаймыз, көп мемлекет жабық, транзитпен өтер болсақ, өткізетін ел бар, өткізбейтіні бар. Соның бәрін алдын-ала біліп, қауіпсіздік шараларын жіті сақтап шығу керек. Бірақ, карантин кезіндегі саяхаттың минус тұсы қаншалықты көп болса, ұтымды жақтары да аз емес. Мәселен, қазір ковидтан қорқатын халық бар да, қорықпай тәуекелге бел буып саяхаттап жүргендер тағы бар. 

Бірақ, екіншілердің пайыз үлесі өте төмен. Сондықтан, барған еліңізде туристер анағұрлым аз, көшелер бос болады. Осы ретте Африкаға саяхатымды мысалға келтірейін. Саванналарда, әдетте, курорттық сафари жасайтын 30-40 джип жүреді. Ковидке дейін солай болған. Біз барғанда, 5-6-ақ джип болды. Бүкіл флора-фаунаны еш кедергісіз, кезексіз көрдік. Бұл — бір артықшылығы.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Dinara Bolat (@dinarabolat)

Сондай-ақ, жақында отбасыммен Түркияда болдым. Сонда байқағаным, лакшери санаттағы қонақ үйлердің өзі бағасын екі есе төмендеткен. Бұл да карантиндегі саяхаттың ұтымды тұсы. Түркияның Алачатысын Ежелгі Грекияның ауылы деуге келеді. Өте әдемі жер. Әдетте, мұндағы әсем көшелерде болатын ығы-жығы қозғалыстан өту қиын, айналадағы сұлулыққа сүйсіну қиын.  Бірақ осы жолы көшелер де бос, адамдар да аз: асықпай бақылап, демалып, тамашалауға керемет мүмкіндік туды. 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Dinara Bolat (@dinarabolat)

Қайткенмен де, саяхатшы үшін биылғы сапарлар порциясы бәрібір аз шығар. Саяхат сыйлайтын рухани экстазды немен алмастырып жүрсіз? 

Иә, ол рас. Сол үшін үнемі қызық бірдеңелер ойлап тауып, күнделікті өмірді қолыңдағы бар нәрсемен көркемдеп, жоқтан бар жасау керек. Астананың өзінен, елдің ішінен небір альтернатива табуға болады. Мысалы, өзім жаз бойы Шығыс Қазақстан облысын араладым. Бұған дейін өзге елдерге саяхаттап жүріп: «Жарайды, өз елім ғой, ешқайда кетпейді, бір орында тұрады, әлі үлгеремін», — деп, кейінге қалдыра беретінмін. Карантин сол кейінге ысырылған мақсаттарды орындауға мүмкіндік берді.  

Психотерапевтердің пікірінше, біз пандемия салдарын әлі толық сезінбедік. Вирустан кейінгі реабилитациядан өткен күннің өзінде, қазір «ковид депрессиясы» деген жаңа ұғым шығып жатыр. Психолог ретінде, осыған ойыңыз қандай?

Халықтың дені депрессиядан өткенін байқадым. Ол да болса, вирустан көз жұмған адам саны көп болғандықтан, «ауырып қалам ба екен, жұқтырып алам ба екен?» деген ойларынан туындады. Ондай адамдарды «ипохондрик» дейді: қорқынышты ойларын одан әрі өрбітіп, ісіріп алып, өз-өздеріне психологиялық қысым көрсетіп жүреді.  

Фото: opa.kz

Инстаграм-директ депрессив хатқа толып қалмады ма? 

Жоқ, ондай хат көп болмады. Қазақ халқының ерекшелігі сол — шүкіріміз бар. Шетелге тур ұйымдастырғанда да үнемі осыған куә болатынмын. Кей ұлттар секілді, конфликтке, эмоцияға бой алдыра бермейміз. Бір-бірімізден қымсынуымыз, ұялуымыз мүмкін. Бірақ, одан артығы, бұлқан-талқан болу жоқ. Сол үшін де шүкір деймін. Пандемия кезінде «бастысы — бас аман болсынымыз»  ұранға айналып кетті ғой. Менталитетіміздің осы бір тұсы қиын шақта халқымызға күш, сенім берген сияқты. Өзімізді сабырда ұстап, келешекке үмітпен қарауға көмектесті.

Қатаң карантин режимін өзіңіз қалай өткердіңіз?

Өзімде ондай ешбір қорқыныш болмады. Маған мұң сыйлаған жалғыз нәрсе — саяхаттай алмай қалғаным. «Қап, қанша жоспар бұзылды, ковид болмағанда, мына елдерде жүрер едім», — деп көңілсіздендім. 

Фото: opa.kz

Солай көңілсізденгенде, қандай ақиқат демеу болады?

Бір нәрседен үмітті боп, оным іске аспай қалса, ылғи өзіме айтатын нәрсем — бұның артында қайыр бар. Себебі, өмірлік тәжірибеден білетініміз, кей арман-мақсаттың орындалмағаны біз үшін қайта жақсы. Оны кейін уақыт көрсетіп жатады. Ал көңілсізденгенде, жай ғана сол көңілсіз  күйді кешем. Мұңнан қашпаймын, бірақ оның ұзақ болғанын да қаламаймын. Өз эмоцияларымды басқаруға тырысамын. Адам ылғи көңілді, тұрақты қуаныш күйінде болуы керек деген қате түсінік. Адамда уайым да болады, мұң да болады. Оның бәріне көңілде қуанышпен қатар орын болуы шарт. Бастысы, адам өзінің шама-шегін біліп, негатив эмоцияларын тоқтатып, басқара білуі керек.

Қызыңыз — жасөспірім. Бұл онсыз да адам дамуының күрделі өтпелі кезеңі. Пандемия, одан қалды қашықтан оқу басталысымен ата-ана ретінде қандай қиындықтарға кез болдыңыз? Өзіңіз үшін не шешім таптыңыз?

Иә, қызыма қашықтан оқу оңай боп жатқан жоқ. Мінез-құлқынан, әрекетінен шаршау байқалады. Сондықтан, үй жұмысы, үй шаруасы бойынша көп талап қоймауды ұйғардым. Жалпы, бұрыннан сабақ үлгеріміне аса талап қоймайтынмын. Бізге «бестік қажет!» деген әңгіме әлгіннен жоқ. Барынша қолдауға тырысамын. Әуелден көп құшақтасамыз. Қазіргі кезде жүктеменің көптігінен шығар, көңіл-күйі бұрынғыға қарағанда төмендеу. Сондықтан, демалысын, хоббиін, қалауын түгелімен өз еркіне қойдым. Бұрын «мынау сен үшін пайдалы, мынау сен үшін зиян» деп бағыт-бағдар беретінмін. Қазір немен айналысып, не көргісі келсе де, өзі біледі деймін. Сабағы мен үй тапсырмасы өте көп, сондықтан, кейде тым босаңсып кетсе де, бәріне рұқсат беріп жүрмін. 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Dinara Bolat (@dinarabolat)


Психолог болған соң, жасөспірімдердің ата-аналары көп жазады. Соңғы кезде байқағаным, халық психологиямен етене таныса бастаған соң, қарапайым нәрселердің өзін үдетіп, үрмелеп, күрделендіріп алып жүр. Соның ішінде, осы бала тәрбиесі бар. Өзімнің және өзгелердің тәжірибелеріне сүйене отырып, ашқан нәрсем — баланы өз еркіне, жайына қою керек. Қазбалап, «Сенің неге көңіл-күйің бұндай?», «Сен неге былай киінбейсің?» деп, әр нәрсеге бір алаңдап, қорқып, балаға байлана бермеу керек. Жасөспірімдікті өткеріп жатса, оны сол уақытқа босатып жіберу керек. Сонда ғана бала ол кезеңнен оң өтіп, өз проблемаларын өзі шешіп үйренеді. Ата-ананың мақсаты — тек қолдау, қажет болса, ақылын айту, жанында болу, жай ғана жақсы көру, осы кезеңдегі оның мінез-құлқын қабылдау. 

Карантин кезінде нағыз «дорамщикке» айналдыңыз. Кәріс сериалдары несімен ұнап қалды?

Иә, карантин кезінде өзім үшін ашқан жаңалығым — дорамалар болды. Жалпы, сериал көрмегелі біраз болған. Он жылдан астам өзімді өсіру мақсатында үздіксіз кітап оқумен болдым. Ара-тұра америкалық сериалдарды көріп жүрсем де, ол — басқа. Керемет көңіл-күй сыйлайтын дорамалар бар. Көргеннен кейін кәдімгідей жеңілдеп, өзім насихаттайтын «өмірге шексіз ғашық» күйге енуге болады. Бір анықтамадан дәл осындай күй «feel good» деп аталатынын оқыдым. Яғни, дорама сол «feel good» сезімді сыйлайды. Сонысымен ерекше. Екіншіден, психолог болған соң, әлеуметтік желіде жастар өздерінің психологиялық мәселелеріне (өзін-өзі табу, мансап жолы, ата-анасымен қарым-қатынас, оқудағы қиындықтар) көмек сұрап жазады. Соның барлығын осы дорамалар соңғы кезде әдемі етіп көрсетіп жүр. Бір ғана мәселенің психологиялық астарын неше түрлі ракурстан түсіндіреді. Америкалық сериалдар секілді жұлып алатын ауыр диалогтар арқылы емес, жастарға, қарапайым халыққа қайсыбір дүниені түсінікті тілмен, қарапайым сөзбен, болмысымызға жақын етіп сездіреді. 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Dinara Bolat (@dinarabolat)

Оқырмандарым: «Өмірге шексіз ғашық» кітабын оқи отырып, өзімді көрдім, өзіммен кездестім» деп жатады. Дәл сол сияқты, дорамалар да қазіргі заманауи трендтерді, жастардың ізденісін, әйел баласының бойындағы өзекті мәселелерді әдемі жеткізеді. Оны көріп отырған адам менің кітабымды оқығандағыдай, өзін көріп, өзімен кезігеді. 

ТОП-сүйікті дорамаларыңыз…

Алые сердца Коре, Цветок зла, Итэвон класс, Стартап 🙂

«Өзімді жақсы көруге, күтуге ерте де емес, кеш те емес, саналы түрде келдім» депсіз бір постыңызда. Жалпы, осы «өзіңе деген махаббат» — қазір тренд-тақырып. Оны үйрететін курс та көп, маман да көп. Ойыңыз қандай? «Өзіңді сүю» деген сіз үшін не? Оған саналы түрде келудің жолы қандай? 

Иә, өзімді жақсы көруге саналы түрде келдім. Мен өзімді іздеп жүргенде психолог, коуч дегендер болған жоқ. Кей курстарға өзім, мүмкіндігім келгенше қатысуға тырыстым, көп оқыдым. Оған психологиялық, интеллектуалдық, өмірлік қиындықтар, әжем мен анамның айтқан ақылы қосылып, тәжірибені білім толықтырып, бәрі бір-біріне себепші болып, «өзіңді жақсы көру» деген ақиқатқа алып келді. Ерте де емес, кеш те емес, өз уақытында, саналы түрде келдім. «Саналы түрде» деген — көрген-білгеніңді өз бойыңнан, ой сүзгіңнен өткізіп, оны әбден сынап көріп барып, қорытынды жасау.  

Біреулер: «анау курсқа қатысып жатыр, мен де содан қалмайын», — дейді.  Әйтпесе, «өзіңді жақсы көру деген не өзі?», — дейді де, біреуге ілесіп кете береді. Бұны бәрібір «саналы түрде келу» деуге келмейді. Бұл — үгіт-насихаттың, манипуляциялық мәжбүрлеудің, маркетиңнің құрбаны болу деген сөз. «Мен кіммін?», «Мендік өмірдің сапасы қандай болуы керек?», «Келешекте қалай өмір сүрем?», «Менің қадірім қандай?», «Өмірдегі орным қандай?», «Өзімді не үшін жақсы көруім керек?» деп, бұл сұрақтарға өз бетіңмен, аса зор құштарлықпен, аштықпен келіп, ізденсең ғана, сол нәтиже береді. Міне, осыны өзіңе деген махаббатқа саналы түрде келу деуге болады. 

Фото: opa.kz

«Өмірге шексіз ғашық» тіркесі туралы айтсақ. Кітапқа атау болды. Көптің пікірінше, өзінше бір философияға айналып келеді. «Өмірді тым лайт реңкке бояп қойдыңыз» деген пікірлер болмай ма?  Авторы ретінде тіркестің сізге артқан жауапкершілігі бар ма? 

Осы тіркесті алғаш естіген оқырмандарымның бірі: «Бұлай айтуға бола ма екен?! «Шексіз» деп, өзіңізге тым көп алып қойған жоқсыз ба? Олай бола бермейді ғой», — деп, көп сұрақтың астына алған. Мен түсіндіруге тырыстым, әрине. Бірақ кейін «Өмірге шексіз ғашық» кітабын оқыған әр адам тіркестің шынайы, терең мәнін ұғынды деп ойлаймын. Кітапта «Тағдырымды сүйемін» деген бөлім бар. Сонда өмірдің көп қиындығына, сан қилылығына қарамастан, жарық дүниеден, адамдардан түңілмей, өмір сүруге болатыны жазылды. Шындығы сол, адам болған соң, түрлі уайым-қайғыны өткеріп, әр алуан көңіл-күйді кешесің, бұл — қалыпты нәрсе. «Өмірге шексіз ғашық» — соның бәріне қарамастан, өмірден бас тартпау туралы қарапайым ақиқат.  

Жаңа жыл — сүйікті мерекеңіз. Карантин уақытында феериясын жоғалтпады ма? 

Жоқ, мерекелік феериясына карантин кедергі емес. Әрине, әдетте, Рождество, Жаңа жыл кезінде мен ылғи шетелде болатынмын. Осы мерекелер әдемі тойланатын, әсем безендірілетін қалалар мен елді-мекендерге кетіп қалатынмын. Себебі, шетелдегі осы мерекелік күйді, атмосфераны сезінгенді жақсы көремін. Бірақ осының орнына қазір үйді безендіріп, дәл сондай ерекше көңіл-күйді қолдан жасауды барынша меңгеріп, іске асырып жүрмін. Бұл да болса, карантиннің пайдасы деп ойлаймын. 

Фото: opa.kz

Жаңа 2021 жылға қандай инсайттармен қадам басқалы тұрсыз?

«Жаңа жылға инстайттармен аяқ аттау» деген ізденісте жүрген жастардың түсінігі сияқты Мен өзімді ересек адам санағаннан ба, жаңалықтың бәрі бұған дейін ашылып қойғаннан ба, «әрі қарай өмір сүру» деген қарапайым ғана инсайтпен қадам басамын.

Былтырғы Динара мен қазіргі Динараның айырмашылығы қандай? Жеке өзгеріске, қандай да бір трансформацияға тоқталсақ… 

Былтырғы Динара өте белсенді болды. Кәдімгі дамыл таппай еңбек еткен, көп саяхаттаған, кітабын жарыққа шығарған, кездесуден кездесу қалдырмай, марапаттар мен оқырман қошеметіне бөленген өте белсенді адам болып көрінді. Солай болған да шығар. Биыл оның бәрі қысқарды, азайды. Мега трансформация өткердім дей алмаймын, бірақ жақсы демалыстың жылы болды. Себебі, өте белсенді жылдан өте тыныш, өзіңмен-өзің қалатын жылға аяқ бастым. Сала меңгерген жоқпын. Есесіне, өмірдегі негізгі ақиқаттардың бірі — бәрі уақытша, бәрі өткінші екеніне тағы бір көз жеткіздім.

Фото: opa.kz

«Жыл соңы жақындаған сайын, аса бір өзгеріс болмайтынын сезем» деген постыңызды оқып қалдым. Пессимистік көңіл-күйге не себеп?

Мен өзімді не пессимистке, не оптимистке жатқызбаймын. Бұл ойым фактілерге негізделген. Әлі көп елдің шекарасы жабық болған соң, саяхатшы ретінде мен келесі жылы әлі де емін-еркін, кедергісіз ел аралап кете алмаймын. Сондықтан да, осы вайбты осы қарқынмен өткеріп, келесі жылдан тым көп нәрсе күтпей, «арық кіріп, семіз шығу» принципін халыққа да ұсындым. 

Десе де, неден үміттісіз? 

Вакцина табылуынан үміттімін. Тіпті табылмаған күнде де халық осы індет жағдайында өмір сүріп кете аларынан үміттімін. Неге? — Себебі, саналы түрде вирустың әлі біраз болатынын, өмірімізге енетінін қабылдау керек. Бізде бастапқыда үрей басым болды, тіпті қазір де бар. Шетелге шығуға, әйтпесе жай ғана көрші қалаға аттанудың өзіне адамдарға сол асқан сақтығы бөгет боп жүр. Бір жерде қорқып отыра бергеннен гөрі сақтық шараларын сақтай отырып, тірлігіңді әрі қарай жалғастыра беруді құп көремін. Көптің соған келерінен үміттімін. Алдағы жыл бізге осыны үйретеді деп ойлаймын. Жасырынбай, қорықпай, қолдан келгенше сақтық шараларын қадағап, аурудың алдын алып, емін-еркін өмір сүріп кете аламыз деп сенемін. Бастысы — cанамыздағы үрейлерді түбімен жоқ қылу. Келер жылдан осыны күтем! 

Tags: 2020депрессияДинара Болатжаңа жылпандемияПсихологиясаяхат

Opa.kz — мәдениет, өнер, сән, спорт, денсаулық, технология әлеміне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған медиа ресурс.

жарнама
Контактілер
Instagram Envelope
© 2020 "Syntax Media" ЖШС