Бұйрабас Сью (Кудряшка Сью). 30 жыл бұрын Холливуд шығарған отбасылық комедиялық драма. Тоқсаныншы жылдар АҚШ комедияларында әдемі бір романтика, лирика, тәтті, жүрек тебірентер ноталар бар уақыт еді. Бас қатырып отыратын шым-шытырық ештеңе жоқ, қарапайым ғана сюжет. Бірақ бас кейіпкердің ойыны мен ғажайыпқа сендіретін оқиға көрген адамды бейжай қалдырмайды. Ешқандай саяси, гендерлік астарсыз, тап аралық айырмашылықты суреттей отырып, отбасы құндылығын, адами байланыстың бағасын әңгімелейтін туынды. Жүрек кірін аршитын фильм. Соңында көңіл-күйіңіз әжептеуір көтеріліп, қанат біткендей күй кешетініңіз анық.


Жанды болат (Живая сталь). 2011 жылы Хью Джекман түскен футурологиялық бағыттағы отбасылық драма. Жай ғана елестетіңіз: болашақта бокс антигуманды спорт деп жарияланып, қарапайым спортшылардың орнына роботтар рингке шығады. Сол кезде спорт жұлдыздары кім болмақ? Фильмнің техникалық жетістіктерін қарапайым көрермен мерекелік күндері бағалай қоймас, дегенмен оқиға желісі қиялдың талай қырына алып кетері анық. Сюжет тағы да қарапайым. Кәдімгі спорттық драма. Сәтсіздіктер, жеңілістер, жемісті уақыт, қайта құлдырау, соңында… Соңында темір үшін уайымдап жаныңыз ашып, көз жасынан көзіңіз ашып отырасыз.

Галгамет. 1996 жылы шыққан фэнтези фильм болған соң қазіргі балалар оның техникалық әрленуіне күле қарауы мүмкін. Бірақ балаларыңызға жауапкершілік, достық, әділдік, қайсарлық туралы шығарма көрсетіп, әсерлендіргіңіз келсе – ойланбаңыз. Ортағасырлық Еуропаның қаптаған бір корольдіктерінде болған оқиға, оның ішіндегі кішкентай айдаһар балаларды да, сізді де немқұрай қалдырмайды. Классиканың аты классика ғой.

Марли және мен (Марли и я). Егер үй іші жан-жануарларды, оның ішінде иттердің достығы мен жанкештілігін құрметтейтін болса, міндетті түрде плэй басыңыз. Кино әлемі «балалар мен мен жануарлардан асқан актер жоқ» дейтінін білетін шығарсыз. Бірақ оларды шебер түсіру, ұтымды сәтті пайдалану, тәтті қылықтарын іліп алу нағыз ерлік дер едім. Әрине, жан-жануарлар туралы фильмдерде бас кейіпкерді бірнеше «актер» (ит, мысық, маймыл, піл) ойнайды. Бірақ сюжеттің жетегінде шығандап кеткеніміз сонша, ешқандай айырмашылық байқамаймыз. «Марли және мен» сондай жан тебірентер әдемі оқиғалардың бірі. Бұл тақырып сізге ұнап қалса, кино кешті «Белый плен», «Хатико: самый верный друг», «Собачья жизнь», «Зов предков» сияқты фильмдермен жалғастырыңыз. Өкінбейсіз.

Мерекелік киномарафонға даңқты тірі қалған бала Хәрри Поттерге арналған франшизаны ұсынғым келеді. 8 күн, 8 демалыс бойы бала-шағаңызды жаныңызға алып, үш достың басынан кешкен шытырман оқиғалардың куәсі болыңыз. Фильмдерді бірінен соң бірін жұта бермей, детальдарға назар аударып, Роулиңнің қиялын, ол қиялды режиссерлердің іске асыруын бақылап отырсаңыз, уақытыңыз бірнеше есе қызықты өтеді. Хәрри, Рон және Хәрмиона көз алдыңызда өсіп, маглдар мен сыйқыршылар әлемінің ортасында ғажайып күй кешесіз. 8 бөлімнен кейін үй ішінде «экспекто патронум» деп айқайлағыңыз кеп жүреді.

Демалыстарыңыз жайлы да қызықты өтсін. Киномен дәмдеп, әрлеп қойсаңыз, жаныңыз бен тәніңіз бірдей риза болады.