Әлем қазір феминизм толқынында. Әлемдік киноөндіріс соңғы 5-6 жылда мықты қыз-келіншектердің кейстерін мықтап қолға алып, кейде сәтті, кейде сәтсіз, асыра сілтеуші образдар тудырып жатыр. Дегенмен кино деген құбылыстың орасан зор күш екенін тағы да дәлелдеді. Жылдар бойы патриархал, сексист көзқараспен өмір сүріп келе жатқан қоғам бірден болмаса да, аса қарқынды қадамдармен жабулы қазанның астында не жатқанын көруге құлық танытты. Сонымен, біздің бүгінгі шолу мықты әйелдер туралы фильмдерге арналады. Бірақ мен қазір сәнге айналған фильмдерді емес, өз уақытынан ертерек шығып, феминизм дәнін еккен фильмдер туралы жазғым келіп отыр. Ендеше, кеттік.
Тұман арасындағы гориллалар (Гориллы в тумане, 1988) атақты зоолог Дайан Фоссидің өмірі мен еңбегіне арналған байопик. Адамдардың ашкөздігі мен жауыздығына қарсы тұрған ғалымның образын керемет ашқан Сигурни Уиверге бас игізеді. Сол еңбегі үшін Сигурни «Алтын глобус» жүлдесіне лайық деп танылды. Өз ісіне құштарлықпен қарау, өз принциптеріне адал болу, өзінің әрекетімен жер бетіне тамшыдай болса да жақсылық әкелу – бәрі Дайанның әр сөзі мен әрекетінде. Өзі ғалым, өзі әйел, өзі жат жерде мыңмен жалғыз алысып, нағыз мотивациялық өмірбаян қалдырған. Фильм көп байопиктер сияқты бәрінің басын қамтимын деп шұбалып кетпейді. Бір демде көріп шығасыз. Көп жыламасаңыз.

Өгей шеше (Мачеха, 1998) Джулия Робертс пен Сьюзен Сарандонның керемет одағынан шыққан туынды. Бәйбіше мен тоқал. Туған шеше мен өгей шеше. Әйелге тән қызғаныш, бәсекелестік, әлсіздік көз алдыңызда даналыққа, жылулыққа, достыққа, жылы қарым-қатынасқа айналғанда «уау, бәрекелді!» дейсің. Олар әлемді бағындырып, жойқын күштерді жеңіп, жауларын тұқыртқан жоқ. «Онда неге мықты әйелдер?» деген заңды сұрақ туады. Ең бастысы олар өздерінің ішкі ібілістерімен алысып, бақытқа апаратын дербес жолдарын тапты. Қабылдады. Қанағат тапты. Бұл мен үшін нағыз мықтылықты көрсететін қасиеттер. Сондықтан шын жүректен ұсынамын.

Малена (2000) Ооо. Еее. Моника Беллуччидің фанаттары жүректері езіліп көретін фильм. Оның сұлулығына дау жоқ. Бірақ бұл туынды көзі бардың бәрін ғашық қылатын Мониканың актерлік шеберлігін бірінші орынға алып шыққан. Мониканың өзі бір сұхбатында «Адамдар бәрін кешіреді, бірақ сұлулықты кешірмейді» депті. Расы сол. «Малена» қызғаныш деген қызыл ит адамның ішін тырнап, дал-дұлын шығаратынын, адами құндылықтардың бәрі итжеккенге айдалатынын көрсетеді. Бозбаланың көзімен әйелдің, сұлу әйелдің өз ортасынан көрген қорлықтарын, пендешілік пен екіжүзділіктің құрбаны болған тағдырды керемет суреттеген. Ызаға булығып, көз жасына ерік беруге дайын болыңыздар.

Еркіндік жазушылары (Писатели свободы, 2006) Киномандар көптеген драмалық рөлдері арқылы таныған Хилари Суэнктің фильмографиясындағы айрықша жұмыстардың бірі. АҚШтың нәсіл мәселесіндегі көлеңкелі тұстарын жақсы аша білген. Жас күндерінен өз болашақтарына сенбейтін, адамзаттың бәрін жау деп білетін, өз мүмкіндіктерін марқұм қылып жүрген жастарды дұрыс жолға салған, өзінің әлемге деген ашық жүрегі мен махаббатын оқушыларға жұқтыра алған ұстаздың қиын да қызықты еңбегіне қарап сүйсінесің. Бізге осындай ұстаздар жолықса ғой деп армандайсың. Ұзын сөздің қысқасы, көру маңызды.

Малефисента (2014). Ертегі ғой дерсіздер. Бірақ Дисней таң қалдыра алады. Әсіресе соңғы онжылдықтағы фильмдері үлкен фем-қозғалыс сияқты. Бұған дейін барлық ертегілерде жағымсыз кейіпкер, антогонист болып шығатын Малефисентаның ішкі дүниесіне үңілдіріп, оны қаталдық жолына түсірген не деген сұраққа жауап береді. Мәселенің басқа қыры. Басты рөлдегі Анджелина Джоли бір сұхбатында Малефисентаның қанатын қырыққан жерді «зорлық көрген қыздардың күйін осылай көрсеткіміз келді» дегенін оқып, жүрегім аузыма тығылды. Шын мәнінде зорлық көрген адамның күл-парша болған жағдайы Малефисентаның сол қанатсыз күйі ғой. Сондықтан мықты әйелдер туралы фильмдердің қатарына қосуға лайықты бірден-бір фильм деп қостым.

Шағын шолуым сіздерге пайдалы болды деген үмітпен демалыстарыңызға сәттілік тілеймін!