Мулен Руж (2001). Мені мюзикл жанрымен таныстырып, қызығушылығымды оятқан туынды. Классикалық махаббат оқиғасы: сұлу қызға екі жігіт ғашық, бірі кедей, бірі бай. Қыз кімді таңдайды? Екі сері жігіт қыз жүрегін қалай жаулайды? Оқиғаның қалай аяқталатынын шашамен болжап отырсаңыз да, көздің жауын алатын костюмдер, құштарлыққа толы билер, сюжетпен керемет ұйқасатын әндер және керемет актерлік құрам экран алдынан тапжылтпай ұстап отырады. Мен үшін бұл мюзиклдің басты жетістігі Николь Кидман мен Юэн МакГрегор бірлестігі. Екеуінің арасындағы байланыс өте нанымды, иландырады. Никольдың жұмысқа берілгені сонша, түсірілім барысында қабырғасын сындырып, тізесін шытынатып алса да, кейбір сахналарды креслода отырып ойнап берген екен…

Чикаго (2002). Көп мамандар ХХ ғасырды мюзиклдар ғасыры дейді. Бірақ өзім үшін ХХІ ғасырдың басы. «Мулен Руждың» жемісті жолынан кейін шыққан, керемет актерлік құраммен, шиеленіске толы сюжетімен басыңды айналдырып әкететін мюзикл — «Чикаго». Сол кезде талай төмен етектінің жүрегінде әдемі сезім оятқан Ричард Гир, Рене Зелвегер және Кетрин Зета-Джонс үштігі, олардың актерлік шеберлігі тамсандырмай қоймайды. ХІХ ғасырдағы қылмысқа толы Чикагоның тылсым, қатыгез демін әдемі жеткізген. Экспрессияға толы әндері, оларға қойылған билерді түсірудің режиссерлік шешімдері шабыт сыйлайды. Сондықтан болар, қанжығасында 6 бірдей Оскар бар.

Қараңғыдағы би (Танцующая в темноте, 2000). Бұл нағыз еуропалық мюзикл. Әр кадр, әр ән, әр бұрылыста иісі аңқып тұрады. Канн фестивалінің үздігі. Бас рөлдерде — Бьорк және Катрин Денев. Ал режиссері — атақты Ларс фон Триер. Киномандар үшін бұл ақпараттар сапа белгісі. Иммигрант Сельма деген әйелдің өз баласының болашағы үшін күрес жолын баяндайды. Бьорктың басты рөлге алынуы ең керемет шешім деп ойлаймын. Өзінің қиялымен өмір сүріп, мына қатал да жүрексіз тірлікке сыймайтын, арманына ұмтылғанды қоймайтын Сельманың ерлігі жүрек елжіретеді.

Ұлы шоумен (Величайший шоумен, 2017). Кейінгі жылдары шығып, мюзиклда орындалған әр әні хитке айналып кеткен туынды. Алғаш көргенде «Мулен Руж» сияқты әсер алдым. Тура сондай жарқ-жұрқ. Қиялыңды қияндарға жіберетін шығарма. Әрине, шын мәнінде тасжүрек құлиеленуші болған Барнумның оқиғасын мүлдем басқа ракурстан көрсету дұрыс болды деп ойламаймын. Бірақ режиссерлік шеберлік те сол шығар. Барнумның арман қуған ақжүрек болғанына сеніп, жанкүйер болып отырасың. Мюзиклда менің жүрегімді жаулағаны әнші Дженни Линдтің образы және оның «Never enough» әнін орындағаны (әнді негізі Loren Allred орындайды). Әлі күнге дейін плэйпарақшаның гүлі.

Сәнқойлар (Стиляги, 2008). Негізі басында сүйікті актрисам үшін көріп, соңында жылына бір рет қайталап көретін туындыға айналған мюзикл. Кеңестік биліктің кезі. Қырғиқабақ соғыстың дәуірі. Жас жүректер басқа да әлем бар, сұлулық, махаббат бар, адамның таңдауы бар деп сеніп, сол сенім үшін күресу жолдарын іздеп жүрген романтикаға толы уақыт. Режиссер мен сценарист жүйенің асыра сілтеу әдістерін, идеологияның олқы тұстарын ащы көрсетеді. Ол уақыттың куәсі болмасам да, осы мюзикл арқылы барлық суығын сездім. Музыка керемет үйлесім табады, сол суықты әдемі жеткізген. Басқа да көптеген тақырыптар қозғалып, ой салдырмай қоймайды.
