Clubhouse деген не?
Clubhouse — қолданушылар тек аудиобайланыс арқылы сөйлесе алатын жаңа әлеуметтік желі. Түсінікті болу үшін – мұнда мәтіндік хабарлама арқылы тілдесу мүмкіндігі мүлде жоқ. Басқа желілерден басты айырмашылығы да осы. Сондай-ақ, қосымшаны әзірге тек IOS-тан ғана жүктеуге болады.
Әлеужелі кең қолданысқа былтырғы көктемде берілген. Пандемия кезінде жұртта сөйлесуге деген құштарлық туғанын байқаған Стэнфорд университетінің түлектері Пол Дэвисон мен Роэн Сет ойлап тапқан. 2021 жылғы қаңтарда Clubhouse миллиард долларға бағаланды.
Clubhouse бөлмесі (room)
Clubhouse қолданушылары түрлі чат-бөлмелер (room) аша алады. Виртуал бөлмеге жиналған жұрт арнайы бекітілген тақырып төңірегінде әңгімелеседі. Чат-румға бөлмені ашқан және қатысып отырған адамдардың фоллоуерлері оңай қосыла алады. Әр бөлмеде модераторы, спикерлері және тыңдаушылар болады. Тыңдаушыдан спикер статусына өту үшін қолдың суреті бар батырманы басып, модератордан рұқсат сұрайсыз. Рұқсат берген жағдайда басқа спикерлерге сұрақ қойып, ой бөлісе аласыз. Бірақ танымал тұлғалар қатысып отырған бөлмеде қатысушы саны көп болғандықтан, спикер атану үшін біраз күту керек болады.
Clubhouse-қа қалай тіркелсе болады?
Club house Илон Маск, Джаред Лето, Марк Цукерберг сияқты танымал адамдар тіркелгеннен кейін әлемге әйгілі бола бастады. Себебі олармен тілдесуге қарапайым халық мүмкіндік алды. Бірақ әлеуметтік желіге тіркелу де оңай емес. Екі жолы бар. Біріншісі — желіге тіркеліп үлгерген досыңыз сізге инвайт (шақыру) жіберуі керек. Екіншісі — қосымшаны жүктеп, тіркелуге өтініш қалдырасыз. Оның өзінде де өтінішті тіркелген достарыңыз көріп, қабылдаған жағдайда ғана қолданушы атанасыз. Алғаш тіркелгендерге бірден 2 инвайт беріледі. Кейін желіде белсенді болған қолданушыларға тағы бірнеше инвайттан беріліп отырады.
Желінің шектеулі мүмкіндіктерінен кей қазақстандықтар пайда тауып, инвайт сата бастаған. Olx тауар мен қызмет сататын платформада бір инвайттың (шақыру) құны 2 мың теңгеден басталып 50 мыңға дейін жетеді.
Clubhouse неге сонша танымал болып кетті?
10 ақпандағы Аppannie деректеріне сүйенсек, Clubhouse қосымшасын әлем бойынша 8,1 млн адам жүктеген. Жүктеу саны бойынша желі кейінгі кезде мейнстримге айналған Tiktok-тан да асып түскен. Әсіресе қаңтарда белсенділік жоғары болыпты. Google trends анализінен іздеп көрсек, Қазақстанда бұл әлеуметтік желіге деген қызығушылық 7-13 ақпан аралығында өсе бастаған, ал 20 ақпанға таман қазақстандықтар желі туралы ақпаратты Google-дан жиі іздеген екен.
Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Бейбіт Әлібеков, Қыран Талапбек, Динара Сатжан, Dequiine сияқты танымал отандық жұлдыздар тіркелді. Бұл желінің қазақстандық жұртқа кең танылуына әсер етті. Себебі танымал тұлғалармен тілдесуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ, clubhouse пайдалы ақпарат алып, нетуоркиң орнатып, басқалармен танысатын алаңға айналды.
Қазақстандық жұлдыздардың Clubhouse туралы пікірі қандай?
Қазақстандық Clubhouse белсенділердің бірі — кәсіпкер, блогер Бейбіт Әлібеков. Оны желідегі бөлмелерде не модератор, не спикер ретінде жиі көруге болады. Фоллоуер саны бойынша қазақстандықтар арасында бірінші орында — 25,2 мың адам жазылған. Көбіне бизнес, инвестиция тақырыбында сөз қозғайды. Тіпті telegram-да clubhouse-қа арнап бөлек канал ашты. Онда жаңа әлеужелінің қыр-сырын бөлісіп, пайдалы чат-бөлмелер туралы айтып отырады. Әлібековтің пікірінше, clubhouse аудиториясын әдеттегі әдемі суреттермен емес, ақпаратты дұрыс жеткізіп, тақырыптан ауытқымай сөйлей білу қабілеті арқылы жаулауға болады.

“Clubhouse қай бағытта дамитыны әлі белгісіз. Мұнда тұрақты түрде форум, семинарлар өткізіліп тұра ма, әлде тікелей эфир форматындағы дүние бола ма? Әйтпесе, бұл жерге халық жай әңгімелесу үшін жинала ма? Бірақ бір білерім — аудиторияны әдемі фотосуреттер арқылы емес, сауатты сөйлеу мен қызық, пайдалы ақпаратты жеткізу қабілетімен жаулап алу керек”, — деп жазды Бейбіт Әлібеков telegram каналында.
Оның Alibekov clubhouse telegram каналының дерегі бойынша, Қазақстанда ең көп қатысушы жинаған бөлме 2 500 адамның басын құраған.
Clubhouse-та белсенді болып жүргендердің бірі — танымал PR маманы, блогер Әлішер Елікбаев. Оның 16,4 мың фоллоуері бар. Әлішер алғаш болып Сlubhouse-та ұтыс ойындарын өткізе бастады. Оның бөлмесінде 5 сұраққа дұрыс жауап берсең, 10 000 теңге ұтып алуға болады. Сауалдар түрлі тақырыптарды қамтуы мүмкін.

Блогер twitter парақшасында Сlubhouse-ты мынадай мақсатта да қолдануға лайфхак бөлісіп:
“ Сөйлесіп отырған адам шаршатып, жалықтырып жіберсе, Сlubhouse-ты ашып, ағылшын тіліндегі бір бөлмеге кіріңіз де: “Кешір, менің зумда маңызды жиналысым бар” деп құтылыңыз”, — деп кеңес берді Елікбаев.
Танымал IT маман Тимур Бектұр Clubhouse-тағы қазақша чат-румдардың белсендісі. Ол желіде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қазақстандық программист мамандардың басын біріктіріп, елдегі цифровизация мәселесін талқылап жүр.

“Кеше түнделетіп Франциядағы Salesforce компаниясында программист боп істейтін Назерке қарындасымызбен Еуропадағы, Жапониядағы ІТ-дің жай-күйін айттық. Артынан Google-дің Цюрихтегі офисінде істейтін Аман мен Амстердамдағы Booking.com-да істейтін Нәрікби де қосылды”, — деп жазды Тимур instagram парақшасында.
Сондай-ақ, Тимур Илон Маск президент Путинді Clubhouse-қа шақырғаны сияқты қазақстандық министр Бағдат Мусинді өз чат-румына құрметті қонақ ретінде күтетінін айтты.
Қазақша чат-румдардың бірінде жақында желіні шулатқан Айқын Төлепбергеннің “Хәрри Поттер” кітабын сынағаны да біраз талқыланды. Назгүл Қожабек, Раиса Қадырқызы бастаған бір топ баспагер, аудармашылар “Өзіміз отырып шәй ішейік” бөлмесінде саганың қазақша аудармасы туралы әңгіме-дүкен құрды. Steppe & WORLD Publishing баспасының бас редакторы Назгүл Қожабек Facebook парақшасында Clubhouse-та қазақша контентке сұраныс барын атап өтті.

“Өзіміз отырып ішкен шайға елудей адам қатысты. Кішігірім конференция болды. Ал енді айтып көр, қазақша контент керек емес деп”, — деп жазды ол.
Ал Batyroff деген атпен танымал блогер Нұрлан Батыров Сlubhouse туралы жиі айтып жүрген таныстарына арнап мынандай әзіл вайн түсіріпті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Подкастер, әрі марафоншы Марина Шарипова болса, кезінде аудиохабарлама жіберуді даттағандар мен подкастты сынағандардың қазір Сlubhouse-қа тіркелуге ұмтылысы ерекше жоғары екенін айтып әзілдеуде. Оның сөзінше жаңа әлеуметтік желі өзіңді басқаларға танытуға тағы бір тамаша мүмкіндік.

“Қазір бұл маркетиң, IT, кино, подкаст, дизайн, инвестиция, шағын және орта бизнеске қызығатындардың жиыны. Өзімді танытудың керемет мүмкіндігі деп есептеймін. Мысалы, “үлкен қазақстандық live” бөлмесінде 2 сағат көлемінде спикер болғанымда маған 150 фоллоуер тіркелді”, — дейді Марина telegram каналында.
Шарипова Сlubhouse-тың болашағы қандай болары белгісіз дейді. Бірақ жұрт Instagram, Facebook сияқты желілерден шаршап, қарапайым дүние қалайтынын айтты.