Визажистер қас формасы бет пішініне сай болғаны маңызды екенін жиі айтады. Кейінгі жүзжылдықта бьюти саланың дамуымен қас формасына деген тренд те сан өзгерді. Бұрын екінің бірінде “жіп” тәріздес қас пішіні болса, қазір көбі табиғи сұлулыққа ұмтылады. Мұндай эксперимент қазақстандық жұлдыздардың да басынан өткен. Opa редакциясы 30-шы жылдардан бері қас формасы қалай өзгергенін отандық жұлдыздар мысалында зерттеп көрді.
1930 жылдары
Бұл кезеңде еліміздің мәдениеті қарқынды дамыды. Алғашқы театр, мемлекеттік оркестрі, филармониялар құрылды. Сонымен қатар, қазақтың тұңғыш дыбыстық кинокартинасы “Амангелді” түсірілді.Әнші, актрисалардың қас жұлып, оны бір формаға келтіруі де дәл осы кезеңде басталған көрінеді. Қазақстан мәдениетінің дамуы жолында көп еңбек сіңірген Күләш Бәйсейітова, Әмина Өмірзақова, Шара Жиенқұлова сияқты өнер жұлдыздары қасын жіңішке етіп жұлып, кішкене доға пішін берген екен. “Қасы қияқтай” деген анықтама осы апаларымызға ерекше жарасатындай.
1940-60 жылдары
50-70-ші жылдары қазақ өнері одан әрі дами түсті. Академиялық опера және балет театры жұмыс істеп, ән-би ансамбльдері көптеп құрыла бастады. Осы жылдары ерекше танылған халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Роза Жаманова сияқты апаларымыз алдыңғы толқынның “көтеріңкі қас” формасын аздап қана өзгертті: қастың жоғары жағы қиғаштана бастады.
1970-1980 жылдары
«Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Айгүл» эстрада ансамбльдері құрылып, әлемге таныла бастаған кезең. Кино, театр салалары да дамып, 70-тен астам фильм түсірілді. Бұл кезеңде Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Мадина Ералиева, Нағима Есқалиева, Майра Ілиясова сияқты әншілер қазақ өнерін күллі әлемге паш етті. Өнерге жаңа леп келгені секілді, әдемілік стандарттары да өзгере бастағандай. Біреуінің қасы біреуіне ұқсамайтын кезең. Десе де, ортақ пішін жоқ емес еді: қысқа, бірақ бұрынғылардан қалыңырақ, “сынып қиғаштан” қас формасы иелері көбейді.
1990-2000 жылдары
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары “Қазақфильм” тарихи туындыларды көптеп түсірді. Танымал «Махаббат бекеті» фильмі түсіріліп, басты рөлді сомдаған Баян Есентаева танымал бола бастады. “Азия дауысы”, “Жас қанат” сияқты музыка фестивальдері өткізіле бастады. 90-жылдардың басында “А-студио” тобы, “Мюзикола” және “L” дуэті әйгілі жұлдыздар еді. Бұл жылдары әншілер көбіне жарқын, бірден көзге түсетін эпатаж образдарға жақын болды. Сол себепті қою қара түсті қарындашпен боялған, қиғаш, көтеріңкі жұқа қастар трендке айнала бастады.
2000-2010 жылдары
Екі мыңыншы жылдардың басында “Рахат Лукум”, “Дауыс international” және “FM” герлзбендтері мен Ділнәз Ахмадиева, Қарақат Әбілдиналар ерекше танымал болды. “Superstar.kz” жобасы басталып, эстрадаға жаңа жұлдыздар келді. 21 ғасырдың басында косметология қарқынды дамып, бет-әлпетке тәжірибе жасаудың шексіз мүмкіндігін ашты. Соның бірі — қасқа жасалатын татуаж. Процедураға жүгінген әншілер аз болмады. Сол себепті де “жіп” формалы бірдей қас иелері көбейді.
2010-2020 жылдары
Соңғы онжылдықта музыка саласында жаңа бағыттар пайда болды. Қазақ эстрадасы трансформациялық кезеңді өткеріп отыр. Қас формасына келсек, ол да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Табиғи сұлулық трендке айналып, жұлдыздар қалың формалы қасқа орала бастады. Бұрынғы қанық татуаждың орнына табиғи етіп көрсететін перманент макияж, ламинация жасау процедуралары келді. Сондай-ақ, кейінгі кезде шашыраңқы таралған, мега қалың қастар сәнге кіріп, жұлдыздар осындай эффект сыйлайтын продедураның фанатына айналды.