
«Екі кесе»
Подкастер: Белла Орынбетова
Қазақ тілінде сапалы подкаст тыңдағыңыз келсе, Белла ханым сізді «Екі кесе» шайға шақырады. Форматы жеңіл, дыбыстық сүйемел шебер қолданылған подкаст. Қою шайдан ұрттап, бақтағы құстар әнін тыңдап отырғандай релакс күй кешесіз. Өзіңді сырттай тыңдаушы емес, әңгіменің тікелей қатысушысы сияқты сезінуге мүмкіндік бар.
Подкастта өмірге, адамдарға, құбылыстарға қатысты тың ойлар қозғалады, өмірлік мысалдар келтіріледі. Подкастер түрлі оқиғамен бөлісіп қана қоймай, нәтижесінде қандай да бір ой түюге, өз-өзіңе сұрақ қойып, оған жауап іздеуге бағыттайды.
Бір эпизодында Белла Орынбетова барлық адамды ортақ үрей сезімімен күресуге шақырады. Қонақтармен жекелей мысалдарды талдап, үрей түсінігі мен оның әсерін талқылайды. Қызығы, осы подкастты тыңдаған адамдардың ойы екіге бөлінген. Бірі үрейді — жақсы қасиет, позитивті нәтиежеге жету үшін қолдануға болатын күш десе, басқалары үрейді — әлсіздік, негативті қасиет деп сипаттапты.
Эпизодтың орташа ұзақтығы: 50 минут.
Подкастты Google podcast, apple podcast, VK платформаларынан тыңдауға болады.
Ozgeru kerek

Подкастер : Айна Досмахамбет
Apple podcast рейтингінде төрт күннің ішінде ТОПқа шығып, қызу талқыға түскен подкаст. Ерекшелігі — максималды шынайы атмосферада айтылатын қысқа әрі еркін әңгіме. Сол үшін де Ozgeru kerek-тің эпизодтарын жолда, көлікте келе жатқанда немесе жұмыс арасындағы үзілісте тыңдаған ыңғайлы. Қысқа уақыт ішінде пайдалы әңгіме тыңдағыңыз келсе, бұл подкаст тура сіз іздеген формат.
Ozgeru kerek Айна ханымның #ажыраспа жобасынан туған подкаст. Өмірде шешім қабылдауға әсер ететін қарапайым тақырыптар талқыланады. Әдеттегі подкастардағыдай сұхбат форматында емес. Автор өз оқиғасына талдау жасап, эмоцияларымен, тәжірибесімен бөлісіп, нәтижесінде тыңдарманға шешім қабылдауға көмектесетін кеңестер ұсынады. Ер адамның бақыты, Жұрт не дейді, Махаббаттың 5 тілі, Шыдамдылық сияқты эпизодтары шыққан.
Проблеманың бәрі өзімізде. 99% проблема ішкі өзгерістің нәтижесінде шешіледі
Эпизодтың орташа ұзақтығы: 10-15 минут.
Подкастты Apple podcast, Google podcast платформаларынан тыңдай аласыз.
«Narikbi LIVE»
Подкастер: Нәрікби Мақсұт

Балет мектебінің оқушысынан әлемдік деңгейдегі компанияның IT маманына дейінгі жол. Подкаст авторы Амстердамда тұрады. Шетелде жүріп-ақ, қазақ тіліндегі ақпарат кеңістігін дамытуға болатынын дәлелі. Форматы — сұхбат. Подкаст қонақтары — қоғамдағы ықпалды, жетістікке жеткен инфлюенсерлер: Өркен Кенжебек, Марфуға Шапиян, Молдияр Ергебеков, Руслан Меделбек және т.б. Нәрікби олармен өмір құндылықтарын анықтау, жетістік жолы сияқты түрлі тақырыптарда әңгіме өрбітеді.
Эпизодтардың орташа ұзақтығы — 1 сағат.
Ұзақ жолда, кептелісте салмақты сапалы әңгіме тыңдағыңыз келсе, таптырмайтын подкаст. Әр эпизодтың сипаттамасында әңгіме құрылымы тақырыпшаларға бөлініп, ыңғайлы таймлайн ұсынылған. Бұл өзіңізді қызықтыратын эпизод бөлігіне дейін айналдырып, тыңдауға мүмкіндік береді.
Подкастты Apple podcast, Google podcast платформаларынан тыңдай аласыз.