Instagram
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам

Киношолу: Күрескер әйелдер жайлы үздік фильмдер

by Перизат Мырзахмет
06.03.2021
Reading Time: 1 min read

сурет avangard.rosbalt.ru сайтынан алынды

Фейсбукта бөлісуWhatsapp бөлісу

Төмен етектілердің «жаңа жылы» келе жатыр. Жұмыстағы, тұрмыстағы тірліктен демалып жатқанда уақыты жақсы өтсін деп қыз-келіншектерге қыз-келіншектер туралы фильмдердің тізімін жасап тастадық. Бұл мереке жер бетіндегі әйел затына әуелде құдай берген құқығын алып беру үшін күрестен бастау алған еді. Сондықтан бүгінгі бестік өз құқығы, тірлігі, ар-ұяты үшін күрескен қыздар мен аналардың жан дүниесіне үңілдіретін фильмдерден тұрады. Төменде әңгімеге тұздық болатын фильмдердің ортақ айтары біреу: кез келген күрес өзіңді жеңуден басталады. Содан соң ғана ауылыңды, ауданыңды, еліңді және әлемді аузыңа қаратасың. Үнің шығып, сөзің естілетіндей болу үшін мыңдаған жауды жермен жексен етудің де қажеті жоқ. Бар болғаны мойныңа артылған миссияны абыроймен алып шығу маңызды. Айтпақшы, бір қызығы бұл фильмдер әр елдегі әйелдердің жағдайын көрсетеді. 

Тамшылар (Брызги, 2020) ешқашан үнді фильмдерінің фанаты болған емеспін. Бірақ Үндістандағы әйелдердің құқығы киелі сиырларынан кем болғанына қарамастан түсірілген осы бір фильмді бірінші атауды жөн көрдім. Соңғы жылдары үнді фильмдерінің Шолпан жұлдызына айналған айрықша сұлу Дипика Падуконенің адам танығысыз түріне қараудың өзі үлкен күшті қажет етеді. Фильмнің авторлары Үндістанда аса кеңінен таралған айуан қылмыстың құрбандығына айналған қыз-келіншектердің жоғын жоқтайды. Жайлап қана баяндап отырып, жаныңа батырады. Классикалық сюжет желісі, классикалық актерлік ойын, бірақ тақырыптың өзектілігі, ащылығы және өкінішке қарай шындығы көрерменді жайбарақат қалдырмайды. 

сурет ok.ru сайтынан алынды

Талли (2017). Алдыңғы фильмде Дипиканың сұлулығын сағынсаңыз, бұл фильмде Шарлиз Теронның өзіне сенімді жанарын, жүзіктің көзінен өтердей сымбатын аңсайсыз. Жалпы Шарлиз Терон жақсы рөл үшін жанын салып, келбетін де, сымбатын да аямай сынға салатын жанкешті актриса. Бұл фильмде көп балалы, үй шаруасындағы, жас босанған әйелдердің миында болып жатқан «ауытқушылықтарды», гормондардың салтанатынан болатын өзгерістерді әдемі әрі мұңды жеткізген. Бұл фильмді жалғыз көріп өзіңізді аяп отыра бермей, жаныңызға отағасын отырғызып қойыңыз. Фильмнен соң үй шаруасына көмектесіп, баланы бағысып, арқаңызды сипап еркелетіп берері анық. Әрине фильмді түсінсе. 

сурет film.ru сайтынан алынды

Шөлде өскен гүл (Цветок пустыни, 2009). Сомалидің көшпенді тайпасынан шығып, сән әлеміндегі ең танымал жұлдызға айналған қара қыз Варис Дириенің өмірлік күресімен таныстырады. Антигумандық салт – қыздарды сүндеттеу туралы әлемге жайып салды. Жұрттың баласы Марсты игеріп жатса, Сомалидегі көптеген тайпалар қыз балаларды 3 жаста сүндеттейді. Лас жерде, лас құралдармен, шыңғыртып отырып. Тура тас дәуіріндегі жабайылық. Не діни, не ғылыми негіз жоқ. Батыр қыз Варис те осы салттың құрбаны. Бірақ ол бүк түсіп жатып қалған жоқ. Басқа қыздар осындай айуандықтан аман қалсын деп өз басынан кешкендерін әлемге айтып берді. 

сурет zen.yandex.ru сайтынан алынды

Айка (2018). Қазақтың қызы Самал Еслямоваға Канн фестивалінің басты аталымында жеңіс сыйлаған туынды. Режиссер Сергей Дворцевойдың шығармашылығымен таныс болсаңыздар, қолтаңбасын бірден тануға болады. Ащы, өткір, тым шынайы, тым ашық, тым жалаңаш… Жоқ, актриса жалаңаш емес. Тақырып. Өз еліндегі қысымнан қашып, жат жұртта күн көру үшін арпалысып жүрген қырғыз қызы Айканың өмірі арқылы Ресейде гастербайтер атанған аз халық өкілдерінің ауыр тағдырын көрсетеді. Бірақ қанша ауыр, қанша қиын тақырып болса да, көру барысында қанша қиналсаңыз да 100 минуттың ішінде бір сәтке де жалықпайсыз. Сол үшін режиссерлік, операторлық жұмысқа алғыс айтуға болады. Самалдың ойыны бір бөлек жыр. Қатты сендіреді. 

сурет film.ru сайтынан алынды

Севастополь үшін шайқас (Битва за Севастополь, 2015). Алдыңғы бір киношолуларда орыстар спорт және соғыс драмасының шеберлері деп жазып қалған едім. Соның бір дәлелі осы фильм. Басты кейіпкер мерген Людмиланың рөлін алып шыққан Юлия Персильдтің ойыны таңдай қақтырады. Мейірім мен махаббат үшін жаралған нәп-нәзік қыздың майдандағы тағдырын баяндай отырып, қауыз жармаған гүлдерін соғыс жұлып кеткен миллиондаған қыз-келіншектердің ішкі шерін шығарған. АҚШ журналистері алдында «менің арқама тығылуды қойыңдар» деген бір ауыз сөзі жалпы әйел қауымының адамзатқа айтылған бір ауыз назы сияқты. 

сурет lenta.ru сайтынан алынды

Көңіл көтеретін емес, миды қоректендіретін фильмдер. Дегенмен ішіңізге жасырып тастаған нәзіктік пен қылықты оятып, «мен әлемді тербететін әйелмін» деген мақтаныш сезімін тауып береді. 

Tags: Айкабитва за Севастопольбрызгиталиицветок пустыни

Opa.kz — мәдениет, өнер, сән, спорт, денсаулық, технология әлеміне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған медиа ресурс.

жарнама
Контактілер
Instagram Envelope
© 2020 "Syntax Media" ЖШС