Instagram
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам

Киношолу: балалармен бірге отырып көретін үздік фильмдер

by Перизат Мырзахмет
12.03.2021
Reading Time: 1 min read
Фейсбукта бөлісуWhatsapp бөлісу

Бұл аптадағы шағын киношолуды отбасылық фильмдерге арнағым келіп отыр. Балалардың талғамын қалыптастыруда, адамгершілік құндылықтарын насихаттап, ой-өрісін дамытуға көмектесетін көп құралдардың, аса әсерлі құралдардың бірі – кино. Аптасына бір, тым болмаса айына бір рет балалармен бірге отырып кино көріп, оны жан-жақты талдап, әңгімелеп берудің өзі көп сағаттық «ақыл айтулардан» артығырақ әсер етеді. Балалар туралы кино түсірудің режиссерлік, техникалық қиындықтарын былай қойғанда, материалдық тұрғыдан ақталмай қалу қаупі бола тұра осы тақырыпқа тәуекел етіп енетін мамандарға деген құрметім зор. Актерлік білімі жоқ балалармен жұмыс істеп, олардан нанымды ойын шығара алатын режиссерлер нағыз шеберлер. Сонымен, балалар туралы балаларға арналған фильмдер бестігі мынадай. 

Аспан балалары (Дети небес, 1997). Оскар номинанттарының бірі болған бірінші иран фильмі. Әрине, атақты мүсінді қоржындарына сала алмады. Дегенмен мамандар бірауыздан мойындап, көрермен қошеметіне ие болды. Бұл сирек кездесетін құбылыс. Ағалы-қарындас екеудің басынан өткен қарапайым, сол қарапайымдығымен керемет оқиғаны әдемі баяндап берген. Балалардың ойыны сенімді. Ең бастысы айтылар ойды сөз арасынан аулап отырмайсың, бас кейіпкердің әрбір әрекеті, әрбір сөзі ой салады. Жүректеріне пенделік дағы түспеген кішкентай періштелер көрген баланың да, үлкеннің де көңілін толқытпай қоймайды. 

сурет film.ru сайтынан алынды

Керемет (Чудо, 2017). Соңғы жиырма жылдықта коммерциялық пайдалы фильмдерге жатып алған Холлиудтан сирек шығатын әдемі туындылардың бірі. Ерекше баласы бар отбасының қызықтары мен қиындықтары, отбасы мүшелерінің жеке және отбасылық мәселелерге деген қарым-қатынасы шабыттандырады. Отбасындағы сенім мен қолдаудың айрықша орнын баса көрсетеді. Әр кадр мейірімге толы. Әр диалог жақсылық істеуге, қайырымды болуға үндейді. Басты рөлдердің бірін сомдаған Джейкоб болашағынан үміт күттіретін актер. Оның қоржынында бұдан да басқа керемет сапалы, ойлы, Оскарлы фильмдер бар. 

сурет soyuz.ru сайтынан алынды

Бөгде планеталық (Инопланетянин, 1982). Киномамандар «киноклассика, ғасыр фильмі, балаларға арналған кинобиблия» деп атаудан қорықпайтын туынды. Бөгде планетадан жерді зерттеуге келіп, байқаусызда өз тобынан адасып қалған мақұлық пен баланың достығын, бір-біріне деген пәк, нәзік сезімін әдемі баяндай алған туындыны Стивен Спилбергтің ең үздік жұмыстарына қосады. Режиссер мен сценаристің жүйрік қиялы, актерлердің әдемі ойыны ешкімді бейжай қалдырмайды. Сол себепті болар, ол кезде саясиланып үлгермеген Алтын глобустың екеуін қанжығасына байлап үлгерді. Балалар мен үлкендер қатар отырып көріп, бірдей тәрбие алатын, теңдей ой түйетін туынды. 

сурет pyatnizza.com сайтынан алынды

Қаһармандар қаласы (Город героев, 2014). Анимациялық фильмдер номинациясында жеңіске жетіп, Оскарға лайық деп танылған фильм. Көтерген тақырып, беретін ой жағынан ешқандай жаңалық ашпағанмен, сюжеттің баяндалуы, қаһармандардың техникалық әрленуі, жарқын образдар галереясы жүрек жаулайды. Ең бастысы, көрермен балаларға ғылыммен айналысуға, білімге құштар болуға керемет мотивация береді. Бала санасын әлеуметтік желіге байлап қойған уақытта кішкентай жүректерге басқа іс-әрекет моделі бар екені, оның да керемет ғажайып, қызыққа толы әлем екенін көрсетеді. Кез келген достық осындай болса екен деп армандайсың. 

сурет wallpapers.99px.ru сайтынан алынды

Коконың құпиясы (Тайна Коко, 2017). Музыкаға жаны құмар Мигельдің басынан кешкен оқиғалары арқылы Мексика халқының Өлілер күні атты мерекесінің мағынасы арқылы керемет ой айтады: жақсы көретін адамың ұмытқанда сен тірілер қатарынан кетесің. Мәңгілікке. Сондықтан қашан да жақсылық жасауға ұмтыл, махаббатқа қызмет ет, қашан да отбасыңды таңда. Былай қарап тұрсаң, бала түгілі үлкендердің тісі батпайтын, миы қорытпайтын тақырып. Бірақ Пиксар шаблонның бәрін жыртып, ойнақы бір ырғақпен әдемі жеткізе алған. Визуал, музыкалық әрленуі өте жоғары деңгейде. Сондықтан да екі Оскардың иесі. 

сурет a-garvey.livejournal.com сайтынан алынды

Назарыңызға рахмет. Бұл тізімнен өзіңізге де, балаларыңызға да қызық дүние тауып, керемет уақыт өткізесіздер деп сенемін. 

Tags: Аспан балаларыБөгде планеталықКереметКоконың құпиясыҚаһармандар қаласы

Opa.kz — мәдениет, өнер, сән, спорт, денсаулық, технология әлеміне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған медиа ресурс.

жарнама
Контактілер
Instagram Envelope
© 2020 "Syntax Media" ЖШС