Танымал шоу-бизнес өкілі Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлі сахнаны бағындырмаса да, әрдайым тұлғалық дамуға бағытталған лайфстайлы арқылы көпшіліктің жүрегінен, дәлірек айтсақ, Instagram-нан орын алған блогер. 955 мыңнан астам фоллоуері бар. Әншінің қарындасы парақшасында түрлі тәттінің рецептісін, сондай-ақ, дене күтімі, спорт, саяхат жайлы жазбаларын жиі бөліседі. Фаризаны оқырмандары кітап оқу әдеті үшін де жақсы көреді. Сол себепті ол жазылушыларының сұрауымен өзі оқыған кітаптар туралы жиі жазады. Көбіне психология, дін тақырыбындағы кітаптарды оқиды екен. Өзінің айтуынша, Фариза психологиялық кітаптарды оқуды 5-сыныптан бастаған.
Фариза Төреәлінің ұсынған кітаптары:
«Біз неге ұйықтаймыз», Мэттью Уолкер
Мэттью Уолкердің кітабы интеллектуал қызығушылықты қанағаттандырудан асып түседі. Автор кітапта ұйқының ұзақтығы мен сапасының танымға, денсаулыққа, қауіпсіздікке, жұмысқа қалай әсер ететінін түсіндіреді. Кітап өміріңіздің сапасын жақсартудың жолдарын көрсетеді.
«Шекарасыз өмір», Ник Вуйчич
Кітап авторы Ник Вуйчич өмірге аяқ-қолы жоқ болып келген. Оның қиындықты, мұңды жеңуге жәрдемдесетін, шабыт беретін кітабы адамды өзіне сенуге, бақытты болуға үгіттейді. Автор кітабында өзіне көмектескен, өзі құрастырған өмір ережелерін бөліскен.
«Жан-дүниеге қажет тауық сорпасы» сериясы
Бұл дүниежүзінің әр тарабындағы адамдардың шынайы өмірге негізделген мотивациялық оқиғаларының сериясы. Әр кітапта 101 оқиға жинақталған. Серияның кітаптары әлемнің 100-ден астам елінде 43 тілге аударылып, жарық көрді. Әлем бойынша 500 миллионнан астам данасы сатылып кеткен. Кітап сериясы белгілі бір топтарға бағытталған, мысалы, аналарға, 9-12 жас аралығындағы балаларға, жасөспірімдерге, әкелерге және тағы басқаларға арналған.
«Түпсана құдыреті», Джон Кехо
Әр адамның санасында жасырынған орасан зор ресурс — түпсана логикамыз дәрменсіз болғанда ең күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Джон Кехо жасаған бағдарлама өмірді біржола жақсы жаққа өзгерту үшін мидағы шексіз ресурстарды іске қосуға көмектеседі.
«Жоспары бар әйел», Мэй Маск
71 жастағы супермодель, әлемдегі ең бақуатты адамның бірі Илон Масктың анасы Мэй Маск ұзақ ғұмырында көрген-білгенін, өмір сабақтарынан түйгенін бөліседі. Денсаулықты қалай күту керегін, әдемілікті сақтау жолдарын, сәнді әр өзіңе сенімді болуды үйретеді.
«Ислам және өнеге», Құдайберді Бағашар
Дінтанушы Құдайберді Бағашар бұл еңбегінде «өмір» атты кеңістіктің галлереясын түзіп, рухани құндылықтармен сусындауға шақыратын, оқырмандарға ой саларлық туындыларын ұсынады.
Бұл кітапты Фариза Төреәлі өзіне ерекше ұнайтын діни кітап ретінде атап өтеді. Сонымен қатар, автордың кісі ақысы жайындағы «Ала жіпті аттама» атты кітабын да оқуға кеңес береді.
«Жастарға арналған 30 хадис», Асқар Әкімханов
Кітапта Аллаһтың сүйікті елшісі Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жастарға қатысты хадистері іріктелген. Тақырыпқа сай таңдалған әр хадистің мәтіні араб және қазақ тілдерінде беріліп, әр хадиске жеке түсіндірме жазылған.
Блогер бұл кітапты да өзінің сан сауалына жауап берген құнды еңбек деп бағалайды.
«Адамдар ойнайтын ойындар» және «Ойын ойнайтын адамдар»
Бұл — американ психолог және психиатр Эрик Берннің транзакциялық анализге негізделген, 1964 жылы шыққан әлемге әйгілі кітабы. Кітап негізгі екі бөлімнен тұрады: «Адамдар ойнайтын ойындар» және «Ойын ойнайтын адамдар». Екі бөлім бір кітап және екі бөлек кітап болып сатылады.
Фариза Төреәлі бұл еңбекті екі бөлек оқуды жөн көрген. «Осылай өзіммен бірге алып жүруге ыңғайлы», — дейді ол.
Фариза Төреәлінің кітап оқудағы лайфхактары
Фариза кітапты толық оқуды мақсат етпейді. Ол «ең бастысы — кітаптан керегіңді ала білу, өмірде қолдану» деп есептейді.
Алдымен кітаптың мазмұнын ашып, өзіме қызық тақырыптарды таңдап аламын және соларды ғана оқимын. Мені қызықтырмаған бөлімдерге уақытымды құртпаймын. Профессорлар да солай оқиды. Әрине, сол сала бойынша эксперт болғыңыз келмесе, осы тәсілді қолданғаныңыз пайдалы болады деп ойлаймын, — дейді Фариза Төреәлі.
Оның айтуынша, кітапты аз болса да, күнделікті оқу керек. Бірақ көңіл-күйі болмаса, адам өзін қинамағаны да жөн. Себебі ондай кезде кітаптан пайдалы ақпарат алу көп жағдайда мүмкін емес деп есептейді екен.
Бірінші ереже — сүйікті жанрыңды таңда. Ұнамайтын фильмді көрмейтінің сияқты, көңіліңе жақпайтын кітапты да оқымаған дұрыс. Мысалы, маған роман, автобиография оқыған ұнамайды. Кітапты дұрыс таңдамасаң, кітап оқуды менікі емес деп қалуың мүмкін, — деп кеңес береді Фариза Төреәлі.