Абайдың дегенінен әркім дәйексөз алып, ойын көркемдегісі келеді. Маңызды сұрақтарына жауап іздеп, өмірдің мәнін түсінуді мақсат етеді. Содан да болар, Абай тақырыбы қашан да актуал. Бірақ оны әркім өз түсінігінде қабылдайды. Суретшілер де.
Негізі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қоры-музейінде екі фотосуреті ғана сақталған. Оларды мұражайға кезінде Мұхтар Әуезов тапсырған екен.
Суретте Абайдың Ділдәдан туған тұңғыш баласы Ақылбай, Абайдың өзі және Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл. Сурет 1896 жылы Семей қаласында түсірілген, фотограф — Н. Г. Кузнецов.
Бұл — Абайдың отбасымен 1903 жылы түскен суреті. Бірінші қатарда Пәкизат — бөрік киіп отырған қыз бала мен Әубәкір. Бұл екеуі — Ақылбайдың балалары. Ортада отырған — Абай. Екінші қатарда — Мағауия, Еркежан және Әубәкірдің әйелі Камалия. Алдыңғы қатарда отырған — Тұрағұл.
Қызығы, Абайдың шын бейнесін сақтаған осындай тарихи жәдігерлер халыққа кең тараса да, суретшілер Абайды өзінше көріп, басқаша бейнелейді. Халық та сан түрлі «өзгерген Абайды» бірден таниды. Солардың бірқатарын мысалға келтірдік.
Абайдың мынадай мультфильм стилінде салынған кейпі көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Ұлы ақынмен қоса, бірнеше тұлғаны осы стильде салған — белгілі иллюстратор Бекзат Исамбергенов. Біз одан Абай Құнанбайұлының қазіргі уақытта интернетте тараған суреттеріне пікірін білдік.
Соның алғашқысы — Igraphic дизайн бюросының қазақтың белгілі тұлғаларына қатысты жобасы. Igraphic Мұхтар Әуезовтің, Тоқтар Әубәкіровтің, Қаныш Сәтпаевтың, Бауыржан Момышұлының және тағы басқа заңғар тұлғалардың портретін шабыт беретін сөздерімен заманауи стильде салып, таратқан еді. Қазіргі уақытта олардың барлығы дерлік Қазақстанның білім ошақтарында ілініп тұр. Соның бірі — Абай Құнанбайұлының портреті. Igraphic портретке әр тұлғаны ашатын сөздерін жіті таңдауға тырысқан. Ғалымдардың пікірінше, Абайдың жоғары этикалық идеалы «Адам бол» моральдық формуласында көрінеді. Igraphic Ұлы ақынның портретіне дәл осы сөзін жазған.
Бұл серияның авторларына қол соғу қажет. Олар иллюстрацияға емес, дизайнға акцент берген. Негізі олар фотоларды алып, қайтадан жақсылап сурет етіп салып шыққан. Түстерін сәтті таңдаған, бір жағынан есте жақсы сақталады. Бұл — интернетте танымал стиль. Бір жағынан бас қатырудың қажеті не? Бастысы — мәнін жеткізу, — дейді Бекзат Исамбергенов.

Аты-жөнін көрсетуден бас тартқан Didarkm нигімен танылған суретші Абай шығармашылығына назар аудартуды қалаған. Ол Сан-Франциско суретшісі Elle Luna-ның ұйымдастырған #the100dayproject хештегімен таралған челленджіне қатысып, оған өзінің сүйікті ақыны Абайды бейнелеген. Суретші Абайдың ойын қалың көпшілікке жеткізу үшін даналық сөздерін ағылшынша жазған.
Осы өзіме өте қатты ұнап қалған еді. Есте қалатын стиль. Минимализм әрқашан трендте. Артық ештеңе жоқ, негізгі мәнін жеткізеді, — дейді иллюстратор Бекзат Исамбергенов.
Qazaqstan ұлттық телеарнасының Instagram-дағы парақшасы Дінмұхамед Қонаевтың, Шоқан Уәлихановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Абай Құнанбайұлының желіде тараған заманауи стильдегі суреттерін салды. Бұл суреттер кейбіреудің қолпаштауына ие болса, кей комментатор ұлы тұлғаларға «жарасымсыз стиль», «мазақ ету» деп айыптады. Ал біздің дизайнер суреттер жоғары кәсібилікпен орындалғанын айтады.
Бұл — 3D. Өте жоғары кәсіби деңгейде салынған. Стилі жағынан да қарапайым емес. Машинасы, киімі де аристократия көңіл-күйін көрсетеді. Аздаған хипстерлік, — дейді ол.
ShoQan by Shoqan Ualikhanov ерлер костюмі бренді әлеуметтік желіде қазақ зиялыларын ресми стильде бейнелеп таратқан болатын. Бұл бастамалары көпшіліктің көңілінен шығып, оң бағасын алды.
Бұрыннан келе жатқан поп-артқа жақын немесе сол бағыттан шыққан стиль. Суретті автор жақсы салған. Әрине, Абайды костюмде көруге көз үйренбеген :), — дейді иллюстратор Бекзат.
Жалпы Абай бейнесін брендке қолданып жүргендер аз емес. Қазақстандағы банктің бірі де оны сәтті қолдана білді деуге болады.
Банк Movies Idea Farm шығармашылық агенттігімен бірлесіп, Абай Құнанбайұлының «Қара сөзіне» негізделген 2020 күнтізбесін шығарды. Бұны олар қазіргі бейнелеу мәдениеті мен ойшылдың әдеби мұрасының синтезі деп көрсетті. Банк өкілдері классиктің 175 жылдық мерейтойы — оның шығармашылығына жаңа қырынан қарауға тамаша мүмкіндік екенін жеткізді.

Жарқын, керемет. Банктің стиліне сай. Әртүрлі иллюстрация назар аудартады, әр біреуіне қарап ойланасың. Бір деммен, — дейді маман.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп өткен Абайды осылай бейнелеуге тырысатындардың таласы да қарасы да артып келеді. Бірі оны таныта түсуді көздесе, жоғарыдағыдай мысалдардан байқағанымыздай коммерциялық бағытты көздеген ұйымдардың көпшіліктің назарын жаулағысы келетіні де жасырын емес.
Абай — икона. Әр елде, халықта, өзінің иконасы бар. Икона дегенде, христиандардың иконасы емес, стиль иконасын айтамын. Абай — мол қазына қалдырған тұлға. Әр адамның ішкі дүниесін дамытуына көмектесетін шамшырақ тәрізді, — дейді Бекзат Исамбергенов.