Жақында өнім авторларының бірі — Салтанат Бисеновамен сұхбаттастым. Шетелге қалай қоныс аударғаны, жырақта жүріп отандық өнімге сусағаны, парфюм өндірісіне қалай келгені, жолдасымен тағдыршешті таныстығы, коронавирус пандемиясына кәсіпкерлік адаптациясы туралы айтып берді. Оқыңыз!
«Шетелде тұратын қазақтардың біразында өзгеше бір отаншылдық сезімі болады. Шетелдіктерге бірдеңе дәлелдегің келіп тұрады…»
ФРАНЦИЯҒА КӨШКЕНІ, ШЕТЕЛДІК ӨМІРГЕ АДАПТАЦИЯСЫ ТУРАЛЫ
Францияға көшкенімізде жасым сегізде еді. 2003 жыл болатын. Ата-анам шетелге сіңлім екеуміз сапалы білім алсын деп көшті. Алғашқы екі-үш жыл қиын болды. Бастапқыда Қазақстанды, туған өлкемді қатты сағынатынмын. Ол кезде Францияда қазақтар аз еді. Қазақстандағы интернет жағдайы да нашар болатын. Елде қалған туған-туысқа хабарласу үшін осындағы бір дүңгіршекке барып, арнайы карта сатып алуға тура келетін. Сол арқылы ғана телефон шалатынбыз.
Шетелде тұратын қазақтардың біразында өзгеше бір отаншылдық сезімі болады. Себебі мұндағылар сенің елің туралы ештеңе білмейді, я болмаса, оларға дұрыс ақпарат жетпейді. «Қазақстан» дегенде, әлі киіз үйде өмір сүретін дамымаған халықты елестетеді. Содан болар, шетелдіктерге бірдеңе дәлелдегің келіп тұрады. Қазір бұл, Құдайға шүкір, өзгерді. Тіпті француздардың өзі Қазақстанды, Астананы барып түсіріп келіп, барды бар етіп көрсететін болған. Бірақ, біз көшіп келгенде мұның бірі де болмады. Сол үшін отаным шығарған өніммен мақтана алатындай, «Қазақстанда анау дамыса, мынау дамыса» деп армандайтынмын.
«Өзіміз шығарған өнім өзімізге керек болмаса, ол кімге керек?»
ЖЫРАҚТА ЖҮРІП ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ АҢСАҒАНЫ ЖАЙЛЫ
Сіңлім екеуміз франциялық фильмдерді тамашалап, көбіне еуропалық типтегі актрисаларды көріп өстік. Анда-санда Қытай, Корея киноөнімдерінен біздікіне ұқсас түрлерді көріп, қуанып қалушы едік. Бірақ, ол да жеткіліксіз еді. Фильм көріп отырып, былайынша айтқанда, «өзімді», өзіммен ортақ түр ерекшеліктерін көргім келетін. Сондай кезде халықаралық деңгейдегі өз ұлтымның жұлдыздары шықса дейтінмін. «Қазақстанда кино саласы керемет дамыған», «Біздің дизайнерлер ең үздік», «Біздің елде жақсы көліктер шығарылады» деп жаһанға жар салғым келетін. Себебі «Не деген керемет француз иіссуы», «Ғажап неміс көлігі», «Керемет америкалық фильм» дегендерді естіп өстім. Сол бала арманым бүгін орындалып келе жатқандай.
Мысалы, өзім қазір қазақша әндерді сүйіп тыңдаймын. Байқасаңыз, отандық, ұлттық өнімдерге деген ел деңгейіндегі махаббат пайда бола бастады. Соның себепкері боп жүрген жаңа жұлдыздар шығып жатыр. Әлжеліде де қазақ қыздары мен жігіттерін, қазақы өмірді, дәстүрлі отбасыларды бейнелейтін суретшілер сұраныста. Неге? — Себебі, біз бұл суреттерден өзімізді көре аламыз. Шетелдік өнімдер әдемі шығар, бірақ, олардан өзімізді, өз болмысымызды тани алмаймыз. Қазақша әннің мәнін, қазақы суреттің мазмұнын біз түсінгендей ешкім түсінбейді.
Жақында жолдасым маған әдемі қазақи принті бар орамал сыйға тартты. Отандық өнім екен. Шынымды айтсам, Louis vuitton, әйтпесе, Hermes сияқты брендтерден гөрі маған өзімізде шығарылатын осындай заттарды алған әлдеқайда ұнамды. Құны әлемдік брендтерден төмен, арзан шығар, алайда сыйлайтын эмоциясы, құндылығы жоғары. Қазір осындай мүмкіндіктің бары үшін қуанамын. Кішкентай кезімде біреудің Қазақстанға барып келетінін естісем, сол жақта шығарылған киім әкеп берші деп өтінетінмін. Жай ғана өз елімнің өнімін тұтынғым келетін. Жапонияда Toyota көлігі өндіріле бастағанда, ел басқарған императорлардың бірі халыққа «өзіміз шығарған өнім өзімізге керек болмаса, ол кімге керек?» деген месседж тастаған екен. Менің де пікірім сол. Психологтар да біреуге сыйлы болу үшін алдымен өзіңді өзің сүй деп жатады. Өз басым тіпті біреуге үлгі болу үшін де емес, жай ғана отандық өнімге деген шынайы махаббаттан алғым келеді.
Сол себепті парфюм шығарарда да, оның қазақстандық болғанын, сапалы болғанын мақсат тұттық. Адамдар «өзімдікі» деп сатып алып, мақтанып тұтынса екен дедік.
«Парфюм саласымен айналысамын деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бәрі күйеуіммен танысқаннан кейін басталды»
ЖОЛДАСЫМЕН ТАНЫСТЫҒЫ, ПАРФЮМ ӨНДІРІСІНЕ ҚАЛАЙ КЕЛГЕНІ ЖАЙЛЫ
Мамандығымның парфюм саласына түк қатысы жоқ. Өзім тіпті мұндай салаға келіп, мұндай жобамен айналысамын деп еш ойламадым да. 30-35-ке келгенде бір бизнес ашып алармын дейтінмін әрі кетсе. Бірақ дәл мынандай кәсіпке қатысым болады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бәрі күйеуіммен танысқаннан кейін табан асты өзгерді.
Біз 2019 жылы таныстық. Страсбургте оқып жүрген кезім. Соңғы курсты тәмамдап жатып, Париждегі бір банкте қосымша машықтанып жүрдім. Емтихандарым да боп жатты. Содан шаршағанымды басып, демалып қайтайын деп, Бельгияда өтетін футбол матчына билет алдым. Қазақстан құрамасы ойнайтынын естіп, жанкүйерлер қатарынан табылайын деп шештім. Оның үстіне, футболдың не екенін, неге ұқсайтынын өз көзіммен көргім келді.
Брюссельге жан-жақтан мен сияқты қазақ жастары жиналды. Арасында жолдасым Батырхан да болды. Көбі Алматыдан, Астанадан келдік деп жатты. Ол болса, Батыс Қазақстаннан болып шықты. Ата-бабам да сол өңірден болған соң, руың қандай деп сұрадым. Мен сияқты шеркеш екен. Шымкентте тусам да, кіші жүзбін. Содан, таңғалып, жағдай сұрастық. Матч тамашалап, бірге суретке түстік. Үйдегілермен кездескенде, «Бельгиядан бір шеркеш жолықтырдым, ойлаңыздаршы» деп, осы қызық оқиғаны айтып бердім. Сонымен, екеуміздің хикаямыз бітті деп ойлағанмын. Бірақ ортақ танысымыз көп болып шықты. Араласа бастадық.
Араға бірнеше күн салып, ол Парижге келіп, осы парфюмге қатысты жобаны бірге бастауды ұсынды. Басында жай қолдау үшін волонтер, аудармашы ретінде жұмыс істеп жүрдім. Ол кезде бұл research қана болатын: нені, қалай жасауға болатынын екеуміз әбден зерттедік. Сөйтіп ақырындап, мақсат та, жасау керек тірлік те көбейе бастады. Бір қарасам, екеуміз дизайнын ойластырып жатырмыз. Өзімнің де осы кезде жобаға қызығушылығым артты. Себебі қазақ әдебиетінің кейіпкерлерінен, ұлттық сөз өнерінен идея іздей бастадық. Ақырындап, парфюм иістерін таңдауға кірістік.
«Екеуміз де бұл салада эксперт болмаған соң, парфюмерлермен сағаттап кеңестік. Өнім сапалы болса дедік…».
ПАРФЮМ СЕРИЯСЫНДАҒЫ ХОШ ИІСТЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ҚАЛАЙ ТАҢДАЛҒАНЫ ЖАЙЛЫ
Біздің парфюм Францияның оңтүстігіндегі Грасс қаласында өндірілді. Оны әтірсулар мекені деуге де болады. Ірі-ірі брендтердің парфюмерлік өнімдері осы жерде шығарылады. Әйелдерге арналған жұпар иістерді таңдарда, өз талғамыма сендім. Мысалы, «Сезім» деп аталатын иіссудың классик болғанын қаладым. Қатты аңқитын, өткір емес, нәзіктікті білдірер иіс болса дедім. Сол үшін көпшілікке ұнайды деп раушанның иісіне басымдық бердім. Тағы бір айта кетері, «Сезімді» сепсең, әр теріде ол әртүрлі боп сезіледі. Ерекшелігі де сол. Мысалы, менің терімде ол бірте-бірте сәбидің иісіне ұқсап кетеді.
«Сезім» — нәзік иіс болса, «Баян Сұлу», керісінше, өткір, анағұрлым тәтті иіс. Өзімнің анам соны жақсы көреді. Бірақ, әу баста мен оны жас қыздар алады деп топшылағанмын. Іс жүзінде басқа боп шықты: «Сезімді» жастар санаты, «Баян Сұлуды» анам сияқты белсенді әйелдер, бизнесвумендер ұнатады. Осыған қатты таң болдым.
Ерлерге арналған жұпар иістерді Батырхан таңдады. Біздің парфюмнің бұл ретте де ерекшелігі бар: ауыр хош иістерді таңдамауға тырыстық. «Қалан» мен «Қозы Көрпеш» деген екі әтір де өте жеңіл жұпар иістер санатынан. Тіпті унисекс деуге де болады. «Қозы Көрпеш» — бергамот негізіндегі қышқылтым иіс болса, «Қаланды» сепсеңіз, мұрныңызға теңіз иісі келеді.
Біз үшін маңыздысы — сапа болды. Екеуміз де бұл салада эксперт болмаған соң, парфюмерлермен сағаттап кеңесіп, консультация алдық. Білер болсаңыз, иіссуды сепкенде алғашында бір хош иіс шығады, бірте-бірте ол өзгеріп, екінші, үшінші жұпар иістерге ұласады. Осының бәрін қадағаладық.
Логотип пен дизайнды Қазақстанда жасаттық. Бұл жұмысты алматылық мамандарға сеніп тапсырдық. Қазақилықты сезіне алатын, жеткізе алатын адамдар керек болды. Францияда мұны жасай алмас едік деп ойлаймын. Мысалы, «Баян Сұлу» әтірсуын шығарарда дизайнына көп күш жұмсалды — қазақ қызының силуэті әдемі шықса дедім. Оның үстіне, өз кейіпкерлеріміз үнемі халық есінде жүрсе деген ой болды.
«Парфюм презентациясы былтырғы Ғашықтар күнінде Париждегі Қазақстан елшілігінде өтуі керек болған. Бірақ кенет коронавирус басталды…».
ӨНІМ АТАУЫ, КОРОНАВИРУС КЕСІРІНЕН ШЕГЕРІЛГЕН ПРЕЗЕНТАЦИЯ ТУРАЛЫ
Өнім идеясы секілді атауы да Батырханға тиесілі. Атауы арқылы ол біздің елдің ерекшелігін көрсеткісі келді. The Scent of the Steppe деген «Дала иісі» боп аударылады. Бір елдер теңізбен, орманмен, енді бірі суықпен ассоциацияланады. Қазақстан дегенде, құшағы кеңге жайылған шетсіз-шексіз дала елестейді. Бос дала емес, бай дала. Соған акцент қойылды.
Бұның бәрі жай ғана сату, коммерция мақсатында жасалмады. Батырхан екеуміз жобаға жан салдық десем, артық айтқандық емес. Маркетиңін, визуалын, тіпті өнімді салып беретін пакетке дейін егжей-тегжейлі ойластырдық. Дизайнерлер біздің өтінішімізбен логотипті, парфюм сыртына бейнеленетін суреттерді бірнеше рет өзгертті. Ойымыздағы нәтиже шықпайынша тынбадық. Бәрі асқан махаббатпен жасалды. Сол үшін де жобаның біз үшін маңызы зор. Бізге көмекке келген адамдар да біз жасап жатқан жұмыстың терең мән-мағынасы барын сезіп, қолдау білдірді.
Процесс белсенділігі тура артқан кезде, коронавирус пандемиясы басталды. Былтыр сәуірде Ғашықтар күніне орай Париждегі Қазақстан елшілігінде парфюм презентациясы өтуі керек болған. Әлемдік ахуалға байланысты кейінге шегерілді. Басында соған қатты көңіліміз түсті. Себебі, шараны түгел жоспарлап қойып едік. Өту барысы, келетін қонақтар, журналистер тізімі — бәрі дайын болған. Бірақ жағдаймен санасып, бәрін қайтадан ойластыра бастадық.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Өнімнің шығу тарихы махаббат хикаямызға, жеке өмірімізге қатысты болғаннан кейін бұның бәрін ашық айту ойда болмаған…».
ӨНІМГЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР МЕН ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ РЕАКЦИЯСЫ, БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР ЖАЙЛЫ
Елшілікте болмаса да, жүрген жерімде парфюмді таныстырып, презентация жасап жүремін. Парижде тұратын Гауһар есімді қазақ кәсіпкер әйел бар. Өнімді соған көрсеткенімде, ерекше сүйсінді. Ұнатқаны соншалық, процент сұрамай, өз ресторанына қойып сатуды ұсынды. Бұл да болса, менің осы өнім маңызын түсіндіре алғаным шығар. Жобаның бастапқы кезеңінде мен тіпті француз әріптестерімнің өзіне де бұл туралы шет жағасын айтып көрдім. Олар да таң болып, біразы дәл сол сәтте сатып алуға даяр болды. Өзім өсіп, білім алған Страсбургке барып, сондағы таныстарыма да көрсеттім. Арасында қазағы да, қазақ емесі де бар. Басында көбі өнімнің қазақстандық екенін аңғармай, «жақсы екен» деп жатты. Бір кезде сыртындағы жазуын көріп, таңырқап, қуанып, неше түрлі эмоция білдірді.
Бұл Қазақстандағы алғашқы парфюм бренді. Арабтарда бар, француздарда бар, америкалықтарда да, неге қазақтарда жоқ? Неге үнемі біреудікін ала беруіміз керек? Осы сауалдардан кейін туған сапалы өнім бұл.
Жақында әлжеліде жеке парақшамызды аштық. Жұрт жақсы қабылдап жатыр. «Қайдан шыққан?», «Кім шығарған?» деп қызықтап сұрай бастады. Өнімнің шығу тарихы өзімізге, махаббат хикаямызға, жеке өмірімізге қатысты болғаннан кейін бұның бәрін ашық, тәптіштеп айту ойда болмаған. Бірақ парфюм жайлы неғұрлым көп адам естіген сайын, өнім туралы көбірек білгісі келетіні заңды екен. Сол үшін ақырындап осы сауалдарға жауап бере бастадық. Көбі ұнатып жатыр. Бұл біз үшін өте маңызды.
Алдағы уақытта Қазақстан, одан қалды шетел жұртшылығы әрі қарай да жақсы қабылдаса, бұйырса, басқа хош иістер сериясын да шығару ойда бар.
Посмотреть эту публикацию в Instagram