Instagram
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам

Ермек Тұрғанбек және Нарқыз Айдарова: “Махаббатымызға сериал себеп болды”

“Махаббат, қызық мол жылдар” телехикаясының бас кейіпкерлерімен үлкен сұхбат: кастиң, түсірілім кезіндегі сүйісу сахнасы, отбасылы өмір, актерлердің табысы жайлы.

by nazerke
30.03.2021
Reading Time: 2 mins read

Фото: opa.kz

Фейсбукта бөлісуWhatsapp бөлісу

9 наурызда “Qazaqstan” телеарнасында Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романының желісімен түсірілген сериал халық назарына жол тартты. Осылайша, аты аңызға айналған роман кейіпкерлері Ербол мен Меңтайдың махаббатын қазақстандықтар экраннан тамашалауға мүмкіндік алды.Телехикаяны ғана емес, сериалда қос ғашықты сомдаған Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарованың өмірін де көрермен бақылауға айналды. Себебі сериал түсірілімі аяқталғаннан кейін Ербол рөліндегі Ермек пен Меңтай рөліндегі Нарқыз отбасын құрды. Opa редакциясы назарыңызға жұлдыз жұппен өткен сұхбатты ұсынады.

— “Махаббат, қызық мол жылдар” телехикаясындағы басты рөлдерді сомдауға 7300-ден аса өтініш келіп түсіпті. Кастиңтен қалай өттіңіздер?

Ермек: “Махаббат, қызық мол жылдардың” актерлерін Cinexus сайты арқылы жинады. Кастиңге бүкіл Қазақстан қатысты. Өз басым бұл сайтқа өзім жайлы мәліметтер жіберген емеспін.  “Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдар” деген туындысына кастиң жүріп жатыр, анкетаңды, суреттеріңді жіберсең болады” деп маған көктемде айтқан болатын. Бірақ мен бір жұмыстармен жүріп, жіберуді ұмытып кетіппін. Сонымен, 2020 жылғы мамырдың соңына таман мені кастиңге шақырып, суретке түсірді. Алдымен “фотопроба” болды. Одан кейін “видеопробаға” шақырды. Сөйтіп, екі үш рет шақырғаннан кейін “Ербол” рөліне бекітті. 

Нарқыз: Ең алғаш кастиң жүріп жатқаны туралы “Қазақстан” ұлттық арнасының жарнамасынан көрдім. Одан кейін толық мәлеметпен танысып, анкетамды қалдырдым. Қателеспесем, осыдан бір жыл бұрын 21 наурыз сағат таңғы 9:30 болатын. Екі-үш аптадай бір хабарын беретін шығар деп күттім. Бірақ ешкім хабарласпады. Арада екі ай өткеннен кейін хабарласып, “фотопробаны” өткенімді айтып, “видеопробаға” шақырды. Оған барғаннан кейін сериалдың толық сценарийін берді, оқып шықтым. Бірақ маған алғашында Майраның (Меңтайдың құрбысы) рөлі бұйырыпты. Бірақ өзім  “тек Меңтайдың рөліне түскім келеді” деп іштей ниеттенгеннен кейін ол рөлден бас тарттым. Продюсер “онда басқа жобаларға түсе бер, кейін бірге жұмыс істей жатармыз. Біз негізі Меңтайдың рөліне басқа актриса алып қойған едік” деді. Бірақ сол күні түнгі 12-де қайта хабарласып, Меңтайдың рөліне қабылданғанымды айтты. 

Фото: Opa.kz

“Ұнамай, көңілден шықпай жатса да, ештеңе етпейді” деп басынан бір-бірімізді жұбаттық

— Аты аңызға айналған махаббат оқиғасындағы бас кейіпкерлерді сомдау деген үлкен жауапкершілік. Қорқынышты болмады ма? Образға кіру қиынға соқпады ма?

Ермек: Әлбетте, қорқыныш болды. “Махаббат, қызық мол жылдар” деген үлкен туынды түсірілейін деп жатқанын бүкіл Қазақстан білді. Тіпті кастиңнің қалай жүргенінен-ақ қандай үлкен туынды екенін байқауға болады. Оның үстіне, роман авторы — тарихи тұлға. “Махаббат, қызық мол жылдар” кітабын оқымаған адам аз шығар. Сондықтан, әр адамның қиялында Ербол мен Меңтайдың өзіндік образы бар. Кітаптағы сипаттамаға дөп түсу біздің міндетіміз болды. Бұл үшін алдына-ала режиссермен көп жұмыс істедік. Түсірілім алаңына бармас бұрын бірнеше күн кеңседе жиналып дайындалдық. Ол кезде Нарқыз екеуміз бір-бірімізді танымаймыз, араласқан емеспіз. Бұл да болса екі кейіпкер арасында бір байланыс тудыру үшін режиссер тарапынан жасалған әрекеттер деп білемін. 

— Қазір сериал көрермен назарына жол тартты. Жұмыстарыңыз көп көңілінен шықты ма?

Ермек: Көрермен экранда тұрған нәрсені ғана көреді ғой. Ал біз актер болғандықтан “кухнясында” қайнап жатамыз, бүкіл процестің қалай болғанын білеміз. Тек актердің ғана жұмысы емес. Оның ішінде оператордың, режиссердің, суретшілердің жұмысы бар, монтаж, дауыс, грим, костюм сынды детальдар көп. Осының бәрі бір-бірімен тығыз байланыста болған кезде ғана мықты туынды шығады деп ойлаймын. Дәл осы туындының түсіріліміне келер болсақ, “әттеген-ай” деген жерлер бар, әрине. Тым сыни көзбен қарағаннан кейін ба, әлде түсірілімнің қаншалықты қиын болғанын көргеннен кейін бе, өз көңілімізден аса бір шықты деп айта алмаймыз. Бірақ халықтың көңілінен шыққанын көріп-біліп жатырмыз. Пікірлерін күнде оқимыз. Әсіресе, Нарқыз оқып жатады. Жалпы туынды ұнағанына біз шын қуаныштымыз. 


— “Пікірлерді күнде оқимыз” дедіңіздер. Халықтың сынына қалай қарайсыздар? 

Нарқыз: Өнер адамы болғаннан кейін, оның үстіне бұл сериал бірінші туындымыз емес қой, сондықтан басынан-ақ сынға дайын болдық. Көбісі сериал кітаппен сәйкес деп жатыр. Өз басым, кітап пен телехикаяны салыстыруға келмейді деп санаймын. Себебі, кітаптағы дүние бір бөлек, режиссер мен сценаристің ойы тым бөлек. Сондықтан болар, “Ұнамай, көңілден шықпай жатса да, ештеңе етпейді” деп басынан бір-бірімізді жұбаттық. Себебі, бұл, ең алдымен, тарихи туынды. Оны түсіретін я ойнап шығатын біз ғана емес, үлкен шығармашылық топ бар. Бізге режиссер талап қояды. Біз сол талапты орындап, көңілден шығуға тырысамыз. Көбісі “Неге бұлай киініп алған? “Неге шашын жайып алған?” деп сұрап жатады. Ондай визуал бейнелер гример-суретшілердің Меңтайды қалай көретініне байланысты болады. Қасыбір сахнада кейіпкер шашын жайып тұру керек болса, жаямыз. Ал қазір сол сөздің бәрі енді бізге келіп тиіп жатыр. Актерлер сол жаққа киініп, боянып баратындай тура. Шын мәнінде оған біздің қатысымыз жоқ. Бізге берілген тапсырма — мәтін жаттап, кейіпкер бейнесін алып шығу. 

«Махаббатымызға сериал түрткі болды»

Ал енді сіздердің жеке өміріңізге келсек, таныстық қалай, қашан басталды? Махаббаттарыңызға сериал себепкер болды ма? 

Ермек: Иә, махаббатымызға сериал түрткі болды. Сериал кінәлі бәріне, сериалдың кесірінен бәрі (қалжыңдап)

Нарқыз: Менен бір қиындық көріп жүргендей (күліп). Негізі, иә, сериал — себепкер. Мен өнер академиясына бірінші курсқа түскенде, Ермек үшінші курс оқып жүрген. Ол кезде үлкен курстарды танымаймыз. Бір күні асханада отырғанда қасымдағы қыздар: “Мә, біздің 3-ші курстың жігіттері әдемі, иә?”, — дегенде, мен бұрылып, бірінші Ермекті көргем. Сосын қыздарға “Cендердікі көз бе, без бе? Қай жері әдемі? Қап-қара ғой” дегенмін. Содан тұрып, кетіп қалдық. Бірақ бір оқу орнында оқығаннан кейін бір-бірімізді сырттай танитынбыз, сәлеміміз түзу болатын.

Одан кейін осы сериал кастиңінен өткен соң барып, Ерболды Ермек ойнайтынын білгенде қатты таңғалдым. Оның алдында “Бір тоқсанда” да (Gakku арнасында көрсетілген мектеп өмірі, махаббат жайлы сериал) бірге ойнау керек едік, бірақ бір жағдайларға байланысты мен Заринаның (“Бір тоқсан” сериалында Ермек сомдайтын кейіпкердің ғашығы) рөлін ойнай алмай қалдым. Міне, содан бір жылдан кейін “Махаббат, қызық мол жылдардың” түсірілім алаңында кездестік. Түсірілім басталардан 1-2 апта бұрын ертерек барғанымызда, режиссер бізді таныстырып тұрып: “Сериал аяқталғанда сендер отбасын құрасындар, бірге боласыңдар” демесі бар ма. Ол кезде бір-бірімізге онша менсінбедік. Арада бәрібір бір барьер болды. Бірақ бұйырған нәрсе кетпейді екен, басымызға жазылғаны. Одан қашып кете алмадық. Махаббатымызға себеп — осы сериал. Осы жерде таныстық. Бір-бірімізді ұнатсақ та айта алмай жүрдік. Бірақ тез тіл табысып кеттік. Төрт ай бойы бірге рөл сомдадық. Сериал түсірілімі 19 қыркүйекте аяқталса, мені 20 қыркүйекте ұзатты. Карантин болған соң, шағын той жасап, отбасымызбен атап өттік. 


“Қазір сүйісу сахнасы болады” деген кезде мен әбден уайымдап, қобалжыдым

— Араларыңызда сезім барын түсініп, оны білдіруге қанша уақыт қажет болды? 

Ермек: Шынымды айтсам, түсірілім басталмас бұрын мен ондай ештеңе сезбедім. Кеңседе бірге дайындық жасап жүргенде де жұмыс ретінде қарадым. Түсірілім басталған кезде ғана “Өмірім өзгереді-ау” деген ой болды. Сөйтіп, бір-бір жарым ай өткеннен кейін бір-бірімізге ғашық бола бастадық.

Нарқыз: Бір жарым ай ішінде отбасын құрдық. Бір-бірімізді танып білуге осы уақыт жеткілікті болды. Ал сезім сериалдың алғашқы сахнасында басталды. Түсірілімнің ең бірінші күні таңғы алтыда жиналдық. Сол күні режиссер “Қазір сүйісу сахнасы болады” деген кезде мен әбден уайымдап, қобалжыдым. Бір-бірімізді танымаймыз да. Ата-анама хабарласып, рұқсат сұрадым. Ол кісілер “ештеңе етпейді, түсінеміз, жұмысың ғой” деді. Ермек бұрын-соңды ондай сахналарда ойнаса, менде ондай сахна болмаған. “Қалай болады екен?” деп уайымдап жүрсем, бұл кісі де қобалжып жүр екен. Сөйтіп, сол сахна өткеннен кейін қызық бір сезім пайда болды. 

Ермек: “Бір тоқсан” сериалындағы 10-шы серияны түсіргенде Заринамен сүйісу сахнасы болды. Ол кезде қалай қобалжысам, “Махаббат, қызық мол жылдар” сериалында екі есе қобалжыдым.

— Бір дубльдан түсіріле қоймаған шығар? 

Ермек: Әрине. Дубльдан бөлек, кадр көбірек болды. 

Нарқыз: Үстінен, шетінен түсірілетін кадр көп. Таңғы алтыда жиналдық. Түскі бірден бастап, кешкі алтыға дейін сол сахнаны ғана түсірдік қой. Содан кейін қалай адамға бауыр баспайсың?! 


“Актрисамен, жалпы өнер адамымен ешқашан өмірімді жалғамаймын, мен үшін бір отбасында бір өнер адамы болғаны жетеді” деп ойлағанмын

— Қазір ше, отбасылық өмір қалай? 

Ермек: Отбасылық өмір өте тамаша. Мен өзімді бақытты адам деп санаймын. Негізі Нарқызбен таныспай тұрып, мен “актрисамен, жалпы өнер адамымен ешқашан өмірімді жалғамаймын, мен үшін бір отбасында бір өнер адамы болғаны жетеді” деп ойлағанмын. Бірақ, қазір өзімнің қаншалық қателескенімді түсініп отырмын. Өйткені, Нарқыз екеуміздің әңгімеміз ешқашан таусылмайтын сияқты. Біз өнер жайлы, отбасы туралы сөйлесеміз. Нарқыз да, мен де — өнер адамы. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Мысалы, Нарқыз түсірілімде болып, түннен таңға дейін сонда жүрсе де, мен оны түсінемін. Өйткені, түсірілмнің не екенін білемін. Менде де дәл солай. Жақында бір жоба басталды. Сонда бір күнге жоқ болып кетсем, Нарқыз телефон соқпайды, жазады. Себебі түсірілім болып жатуы мүмкін дейді. Екі өнер адамы қосылып, ортақ тақырып, шығармашылық әңгіме көп болғаннан деградация болмайды. Басқа кәсіптің адамы болса, мүмкін түсінбеушіліктер болар ма еді. Жалпы, өнер адамын түсіну қиын ғой. 

Нарқыз: Өнер жолында жүргеннен кейін болашаққа да бірге жоспар құрамыз. Ермекте бірдеңе бастап жатса, барынша қолдауға тырысамын. Біреулерге өнер жолы оңай көрінеді. Көбі “бір киноға түсіп танымал бола қалды, ақшасын алады да кете береді” деп жатады. Негізінде бұл жол өте қиын. Мысалы, “Махаббат, қызық мол жылдарда” төрт ай жұмыс істедік қой. Сол төрт айда еліміздегі індетке қарамастан көрермен үшін бәрін жасадық. Мен де жарымның актер болғанын қаламайтынмын. Бірақ өнер адамын сол саланың адамы ғана түсінеді екен. Алдағы уақытта екеумізде де біраз жобалар бар. Бірақ бірге түсеміз бе белгісіз.

“Өнер адамы үшін ең үлкен қауіп — көрермен болып қалу”

— Карантин кезінде көптеген түсірілімдер тоқтап қалды, өнер адамдарында табыс жағынан біраз қиындық туды. Сіздерге қалай әсер етті? 

Ермек: Біршама қиын болды. Кішігірім жарнама, интеграцияның арқасында әйтеуір тәуір шықтық. Бірақ “Махаббат, қызық мол жылдар” расымен де құтқарды. Бір шабыт берді. Егер оған бармағанда, қазір өмірім қай толқынмен кететінін білмеймін. 

Нарқыз: “Қазақ аруы” ( Нарқыз Айдарова «Қазақ аруы — 2020» атанған) біткеннен кейін бірден карантин басталып кетті. Сонда біртүрлі болып қалдым. Осымен өнер тоқтап қалатындай көрінді. Наурыздан мамырға дейін үйде отырып қалдым. Оған дейін үнемі театр, дайындық, түсірілімдерде жүрдік. Деградация басталды. “Махаббат, қызық мол жылдарға” шақырғанда қатты қуанып кеттім. “Өнер адамы үшін ең үлкен қауіп — көрермен болып қалу” дейді ғой, сондықтан үнемі бірдеңе жасап, талпынып жүру керек. Негізі біздегі өнер адамдары өз саласынан бөлек, тағы бір жұмыс алып жүруі керек сияқты. Себебі түсіріліммен ғана Қазақстанда актерлер күн көре алмайды. Той, жеке бизнес, майда-шүйде тірлік болуы керек. Сондықтан, түсірілімдерге ғана сеніп жүре алмаймыз. Тапқан ақшамыз біреуге аз, біреуге көп болуы мүмкін. Отбасын асырап отырған өнер адамдары бар. Көбі бизнесін ашып алған. Кейбірі — instagram арқылы табыс табатын блогерлер. Әйтпесе, жеке бутик-дүкендер ашып алған. Қысқасы, осындай қосымша тірлік болмаса, жалғыз түсіріліммен бізде өмір сүре алмайсың. 

«Тапқан ақшамыз біреуге аз, біреуге көп болуы мүмкін»

— Сонда, қазақстандық кино саласындағы актерлердің табысы жақсы емес пе?

Ермек: Өте аз. Негізі бұл кәдімгі кәсіп қой. Театрал актер мамандығын бітірген адам театрға барады. Бірақ театрдағы жалақы тым аз. Айына 50 мың ғана алатындар бар. Мысалы, АҚШ-ты, тіпті Ресейді алып қарасақ, ол жақта бір туындыға берілетін қаламақы біздікінен әлдеқайда көп. Біздегі бас кейіпкерді сомдайтындар Ресейдің эпизодтағы актерлерімен бірдей алады. Америка айтпасақ та, әлдеқайда алға кеткен. Біздегі бұл проблемаға себеп  факторлар көп. Киноға ақша бөлінгенмен, жан-жаққа тарап кетеді. Түбі тереңде жатқан нәрсе ғой. Сондықтан, бір киномен өмір сүру қиын. Жан-жақта резервте тұрған жұмысың болуы керек. Түсірілім біткеннен кейін дубляж, жүргізуші болу, той сияқты басқа да жұмыстарды қарастырып қоясың. Бірақ өз басым, тойға жақын емеспін. Академияда оқып жүрген кезде 4-5 той жүргізгенмін. Одан кейін тойға шықпадым. Кинода осындай “әттеген-ай” дейтін жақтары бар. 

Дамитын тұстары өте көп. Тек киноның арқасында ғана өмір сүру үшін кәдімгідей бір жұлдыз болуың керек. Ұсыныстан ұсыныс түсіп, бір туынды біткеннен кейін екіншісі күтіп тұратындай. Жоқ дегенде, жарты жылға жоспар құрылып тұру керек.

— Бірнеше жобаны қатар алып жүргенде жұмыс өнімділігі төмендеп кетпей ме?  

Ермек: Менің ойымша, бір жобаны бітіріп барып, екіншіге ауысқан дұрыс, әрине. Екі жақтан ұсыныс келгенде бір жақпен келісіп алу керек. Егер бас кейіпкерді сомдайтын болсаң, екі жаққа бірдей жүгіре алмайсың, шыны керек. Себебі түсірілім процесі ұзақ әрі қиын. Ұйқысыз түндер. Жазда тонмен, қыста майкамен түсетін кездер болады. “Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді” дейді ғой. Сондықтан, бір жобаны бітіріп алып, екіншіге ауысқан дұрыс. Бірақ әртүрлі жағдай болады. Соған да байланысты. 

Фото: Opa.kz

— Былтыр “Махаббат, қызық мол жылдар” түсірілімімен қатар “Бір тоқсанның” жалғасы “Lovonter”сериалының түсірілімі жүріп жатты. Ермек, бірінші маусымында басты рөлді сомдаған едіңіз, жалғасы болған сериалға да шақырту алған шығарсыз?

Ермек: “Lovonter” сериалына түсуге ұсыныс келді. Сонымен қатар, “Тағы бір тоқсан” сериалындағы эпизодқа шақырды. Маған бұл жайында қыста айтқан болатын. Мен бірден келістім. Өйткені, “Бір тоқсан” ерекше ыстық жоба болды. Оған бірге түскен актерлік құраммен әлі де тығыз қарым-қатынастамыз. Бірақ сериал жалғасының түсірілім датасы бірнеше рет өзгертілді. Қағаз ретінде келісімшарт та жасамадық. Сөйтіп жүргенде маған “Махаббат, қызық мол жылдарға” түсуге ұсыныс түсті. Ол үлкен жоба болғандықтан, одан бас тарта алмадым. Сөйтіп, екі таңдаудың ортасында қалып, бірден “Lovonter” продюсеріне хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Ол ешқандай қиындық жоғын, мені түсінетінін айтты. Йығымнан бір жүк түскендей болып, “Махаббат, қызық мол жылдарға” кеттім. 

— Сұхбат бергендеріңізге рахмет! 

Tags: Аты аңызға айналғанӘзілхан Нұршайықовбас рөлдіЕрбол мен МеңтайЕрмек Тұрғанбекқызық мол жылдармахаббатНарқыз Айдаровасұхбатүйленді

Opa.kz — мәдениет, өнер, сән, спорт, денсаулық, технология әлеміне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған медиа ресурс.

жарнама
Контактілер
Instagram Envelope
© 2020 "Syntax Media" ЖШС