Асанәлі Әшімовтің 5 томдығы мен күнделіктері
Көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері Асанәлі Әшімов жастық шағынан бері күнделік жазуды қолға алған. Жас күнінде 15 шақты дәптерін жоғалтып алған екен. Кейіннен олардың бәрін топтастырып, баспадан кітап етіп шығарған.
Соның бірі — алғашқы жары Майра Аймановаға арнап жазған «Майраның әні» кітабы. Кітап 35 жыл отасқан жары қаза болғаннан екі жыл өткен соң 1995 жылы шықты.
Өнер қайраткерінің 2007 жылы 5 томдығы жарық көрді. «Жан бөлек», «Алаштың Асанәлісі», «Менің жанрым — күнделік», «Ғұмыр-дария», «Асанәлі Әшімов және қазақ өнері» кітаптарында актердың өмір жолы, сүйікті жары мен ұлдары – Мәдидің, Сағидың рухына арнап, емірене жазған естеліктері, өмірден түйген ой-толғаулары жарық көрген. Автор өзіне қымбат жандармен кітап арқылы сырласып, олардың рухынан күш-қуат, тірек іздейді. Қызметтес болған әріптестері жайлы әңгімелеп, өнегелі ғұмырын көпке үлгі етеді.
2008 жылы халық әртісінің «С любовью — Ваш Асанали Ашимов» деген кітабы жарық көрді.
Ләйла Сұлтанқызының «Менің екінші кітабым» мен екінші кітабы
Танымал тележүргізушінің екі кітабы да көпшілікке етене таныс. Оның біріншісі «Менің екінші кітабым» деп аталады. Не себепті бірінші туындысы мұндай атауға ие болды? Көпшілік дәл осылай сан сұраса да, журналист жауап беруден жалыққан емес.
Кітап автобиографиялық туынды болған соң, құрамына 12 жасымнан бері жүргізіп келе жатқан жеке күнделігімнің үзінділері кіреді. Әрине, сол күнделігім мен үшін әрқашан да бірінші кітап болып қалады. Сол себепті жарыққа шыққан кітаптың атауы «Менің екінші кітабым» болғаны дұрыс, — деп түсіндіреді автор.

Ләйла Сұлтанқызының жарық көрген екінші кітабы «Әйел» деп аталады. Кітапта 123 әйелдің сұрағына мамандардың кеңесі, өмірде кездесетін оқиғалар мен сан қилы тағдырлар жазылған. Автор “Әйел” кітабы көп адамның қоғамнан жасырған әрекеттерін бүкпесіз баяндайтынын айтады. Көпшілікке ортақ сан сауалға жауап табу мақсатында кітапқа еліміздегі үздік псиxолог, гинеколог, маммолог мамандар жұмылдырылған.
«Өзі жайлы ғана» жазбаған Баян Алагөзова
Баян Алагөзованың «Баян. Өзім жайлы ғана емес» бестселлер кітабы 2017 жылы жарық көрді. Продюсер естеліктер кітабында өзі, отбасы және жеке өмірі туралы бар шындықты жазған. Автор кітапты зейнет жасында жазуды жоспарлағанымен, жеке өміріндегі шулы оқиғаға байланысты сұрақтарға нүкте қоюды мақсат еткен.
«Менің жеке өмірім көп адамды қызықтырғаны соншалық — олар менің жеке өміріме араласып кетті. Мұндай қысымнан қорғана алмаймын, жасырыну да мүмкін емес. Мені бәрі көріп жүр. Сондықтан адамдардың мені артықшылығы мен кемшіліктері бар, жеңген және жеңілген, қателіктері бар қарапайым әйел екенімді түсінуі үшін кітап жазуыма тура келді», — деп түсіндірген еді Баян Алагөзова.
Продюсер кітапты төрт ай ішінде жазып шыққан.
Айнұр Тұрсынбаеваның психологиялық кітаптары
Кітабымен көпшіліктің сауалына жауап, көңіліне медеу тауып беруді мақсат еткен автордың бірі — белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаева.
«Кез келген адамның арманы орындалады, кез келген адам мақсатына жетеді. Арманның орындалатынына ең алдымен миды сендіру керек. Бірақ ми сенбейді. Миды сендіру өте қиын. Сол сенімсіздіктен арылу үшін бірінші кезекте түпсананы тазалау керек. Ал түпсананы қалай тазалаймыз? Жалпы, түпсана деген не? Адам ес білгелі түпсанасына жазылған кедергілер мен қорқыныштардан қалай құтылады? Оған не жазылғанын қалай оқимыз, әлде қалай тыңдаймыз, қалай сеземіз?» Айтыскердің «Түпсана» деп аталатын кітабы — осы сұрақтардың жауабы.
Адам есейген сайын ақылым көбейіп келе жатыр деп ойлайды. Бірақ ақылды болған сайын арманға қол жеткізу қиындап, көп нәрсеге сене бермейміз Байқайсыздар ма? Қай-қайсымыздың болсын бала кездегі армандарымыздың көбі орындалған. Неге? Себебі баланың энергетикасы таза. Олар ешкімді жамандамайды. Ешкімге ренжімейді, — дейді ақын.
Осындай көңіл тазалығын насихаттай отырып, Айнұр Тұрсынбаева психология жанрында «Айнұрдың мотивациялары» және «Айнұр аффирмациялары» деп аталатын қос кітабын да шығарды.
Айтыскердің «Сөз менеджменті»
«Алтын домбыраны» екі мәрте жеңіп алған айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов көпшілікке ораторлықты меңгертуді көздеп, «Soz менеджменті» кітабын жазып шықты.

«Сөз менеджменті» кітабы — жаңа заманның сұранысына сай жарық көрген туынды. Халықтың психологиясын, ұлттық болмысын ескере отырып жазылған кітапта сөйлеу шеберлігін арттыратын бірнеше тәсіл көрсеткен. Әртүрлі мамандық өкілдері кітапта көрсетілген тәсілдерді қолдану арқылы ойын орнықты, сөзін көркем жеткізе алатын деңгейге қадам жасайды, — дейді автор Жандарбек Бұлғақов.
«Қарызсыз қазақ» — Бағлан Әбдірайымов
Жігіттер тобының солисі Бағлан Әбдірайымов — екі кітаптың авторы. Алғашқы кітабы «Ақ пен қара» әншінің басынан өткен оқиға негізінде жазылған. «Дарын» сыйлығының иегері бұл туындысын ақ пен қараның ортасында адасып жүргендерге сабақ болсын деген мақсатпен жазғанын айтады.
«Ақ пен қарада» жеке басымнан өткен құмар ойынның азабы, қарызға бату, абыройдан жұрдай болу тақырыбы қозғалады. Не үшін ойнадым, кімдер ойнайды, қалай қойдым, кім және не көмектесті деген сұрақтарға жауап бердім», — дейді әнші кітабы жайында.
«Ақ пен қараны» көпшілікке жеткізген Бағлан Әбдірайымов қазақстандық баспагер Бақытжан Бұқарбаймен бірлесіп екінші кітабын шығарды. Кітапты «Қарызсыз қазақ» деп атап, қарызсыз өмір сүрудің және 100 миллион теңге қарыздан құтылудың құпиясын бөліскен. Қарыздан сақтайтын жаңа әдеттер мен қарыздан құтылуға көмектесетін әдістерді көрсеткен.
Осылай көрген-білгенін кітапқа айналдыруды кейінгі кезде танымал тұлғалар трендке айналдырғандай. Бұл — OPA-ның назарына түскен сан кітаптың санаулысы. Сіз қай танымал тұлғаның кітабын оқығыңыз келеді?