Құйын әміршісі (Повелитель бури, 2010). Оскар сарапшыларымен келіспеген жыл. «Құйын әміршісі» фильмін Ирактағы АҚШ әскерінің бейнесін гуманизациялау әрекеті ғана деп бағалаймын. Мен ғана емес. Көптеген мамандар сондай қорытындыға келді. Ирактың бір қаласында әскери қызметте жүрген сапёрдің басынан кешкендері мен ішкі арпалысы өзімнің ішімді пыстырып жіберді. Ал мен жанкүйер болған «Көрінбейтін жақ» (Невидимая сторона) және «Абыройсыз тексіздер» (Бесславные ублюдки) режиссерлік шешімдерімен, актерлік еңбекпен, айтар ойларымен айрықша еді. Эх.

Король сөйлейді! (Король говорит, 2011). Бұл жылы Оскар сарапшылары әбден қиналған шығар. «Қара қу» (Черный лебедь), «Бастау» (Начало), «Әлеуметтік желі» (Социальная сеть) және тағы басқа бәсекеге әбден лайық фильмдер тартысқа түсті. Осынша мықтының арасынан жеңіп шыққан «Король сөйлейді» шынымен мықты ма? Иә, расында лайықты жұмыстардың бірі. Баяндалуы баяу. Тура ағылшын мәнерінде. Бірақ Британия монархтарының өмірін қызықтайтын, қызықтамаса да хабары бар, хабары жоқ болса да қызықты оқиғаларды қалт жібермейтін адамдар үшін көп жайттың мәнісін көрсетеді. Колин Фёрт пен Джеффри Раштың актерлік дуэті еліктіреді.

Әртіс (Артист, 2012). 1927 жылы жұлдызы төмен құлдилаған сақау фильмдердің әртісінің өмірі қызық па? Маған қызық болмады. Әрине, фильм авторлары барынша ерекше қылуға тырысқан. Түссіз, сақау фильм. Тек актердің эмоциясына қарап не болып жатқанын түсінесің. Костюмдер мен декорация тартымды. Болды. «Үздік фильм» аталымына сәл жетіңкіремеді. Ал мен Оскарды Тейлордың «Күң» (Прислуга) немесе Спилбергтің «Майдангер ат» (Боевой конь) фильмдеріне берер едім. «Күң» сюжетімен де, актерлік құрамымен де, айтар ойымен де айрықша. Ал «Майдангер ат» өте ауқымды.

«Арго» операциясы (Операция «Арго», 2013). Оскарды саясиланған деп айыптауға тағы бір түрткі болған фильм. Туынды АҚШтың Тегерандағы құтқару операциясы туралы. Бен Аффлектің режиссерлік шеберлігіне дау жоқ. Бірақ Оскарға жететіндей сюжет емес еді деп қоямын. Бұл жылы мен Оскарды Тарантиноның «Тәуелсіз Жанго» (Джанго освобождённый) фильміне берер едім. Тарихи әділетсіздікке ирония призмасынан қарау, Жейми Фокс пен Кристоф Вальцтың шебер ойыны, ДиКаприоның жанкештілігі көрерменді баурамай қоймайды. Жалпы актерлік құрам таңдай қақтырады. Ал Тарантиноның режиссер ретіндегі қолтаңбасы тайға таңба басқандай анық оқылады.

12 жыл құлдық (12 лет рабства, 2014). Алдыңғы екі жыл қатарынан американ расизмі, құлиеленушілік дәуірі тақырыбын айнала қашқан Оскар осы жолы алыс кете алмады. Скорсезенің «Уолл-стрит бөрісі» фильмінің обалына қалып, ДиКаприоның жолын тағы бір кесіп, жеңісті «12 жыл құлдық» фильміне бере салды. Лайық емес деп айтпаймын. Төрт құбыласы түгел, мығым жұмыс. Дегенмен мен үшін «Уолл-стрит бөрісі» фаворит еді. Әлі де солай. Неге «Даллас сатып алушылар клубы» (Даллаский клуб покупателей) жеңбеді деп ойладым. Ол фильм көтерген тақырыптар (нашақорлық, СПИД және сексуалдық ориентация) Оскардың жақсы көретін тақырыптарының бірі ғой.

Бұдан кейінгі жылдары да барлық Оскардың барлық жеңімпаздарымен келіспесем де, салыстырмалы түрде ашық та әділ үлестірілген сияқты. Ендігі кезек сіздерде, қымбатты көрермен. Көріп, өз атыңыздан Оскар үлестіріп көріңіз.