Тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасы матчының бас төрешісі болып әйел тағайындалды. Ол — франциялық Стефани Фраппер. Бұл туралы Еуропалық футбол қауымдастықтар одағының (УЕФА) сайтында хабарланды.
Француз әйел бастаған төрешілер тобы Чемпиондар Лигасы топтық кезеңінің бесінші турында туриндік «Ювентус» пен киевтік «Динамо»арасындағы матчта қазылық етеді. Стефани Фраппердің көмекші төрешілерінің бәрі — ер адамдар.
Чемпиондар лигасында әйелдің бас төреші болуы — тарихта бұрын-соңды болмаған оқиға. Өткен жылы Фраппер УЕФА Суперкубогында «Челси» мен «Ливерпуль»арасындағы матчты өткізген. 2019/2020 маусымынан бастап, ол Франция чемпионатының ойындарында да жұмыс істейді.