Instagram
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
  • I
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам
Меню
  • Жаңалықтар
  • Мәдениет
  • Cаясат
  • Технология
  • Қоғам

Перизат Мырзахмет: «Жайнаны» көргендер Қазақстанға Netflix келді деді

Биылғы жазда YouTube-көрерменге «Жайна» сериалы жол тартты. Туынды қоғамдағы қыз баласына қатысты стереотиптер мен табу тақырыптарды қозғады. Екі-ақ пилот сериясы шыққан өзекті сериалды көпшілік ұнатты. Жалғасын талап етті. Араға үш ай салып, көптің сұрауымен сериал түсірілімі қайта жанданды. OPA түсірілім алаңына барып, процесті қызықтап, «Жайнаның» сценарисі Перизат Мырзахметпен сұхбаттасып қайтты.

by Назгүл Назар
30.12.2020
Reading Time: 5 mins read
Фейсбукта бөлісуWhatsapp бөлісу

«Жайна» сериалы қоғамда резонанс тудырды. Жастарға арналған, өзекті әлеуметтік проблемасы бар, оның үстінде қазақ тілінде бұрын-соңды мұндай туынды болмағаннан ба? Не себеп?

«Жайна» сериалы мақсатты аудиторияның 30% қамтыды. 18-34 жас аралығындағы жастар, оның ішінде қыздар көп көрген. Оның үстіне, көрермендердің 40% астамы — ер адамдар болып шықты. Бұл да проблеманың қоғамда өзекті екенін көрсетеді. Жастар онысын айта алмай жүр. Көбісі тіпті проблема неде екенін түсінбейді. Былай қарасаң, ата-анасының айтқанын да істейді, қоғамның талаптарын да орындайды, бірақ ішінде бақыт жоқ, «толыққанды адаммын», «тұлғамын» деген сезім жоқ. Соның бәрін біз қопардық, «осындай проблема бар» деп көтердік. Сонымыз дөп тиген сияқты.

Фото: opa.kz

Қазір енді бәріне Жайнаның тағдыры қызық боп тұр. «Осындай жолды таңдаған адам, өзінің махаббаты үшін күрескісі келетін адам соңында бақытты бола ма?» деген сұраққа бәрі жауап тапқысы келеді. Сериалдың көпке ұнағаны сонша, көрермендеріміз жалғасын сұрап, онысын кез келген жерге жазып кете беретін болды. Индира да (бас рөлді сомдайтын актриса), мен де «Жайна қайда?» деген сұрақтан көз ашпайтын болдық. SMM-мамандар да «Жайна қайдадан?» шаршадық» деп, әзілдеп күледі. Десе де, осындай қолдау үшін рақмет. Тіпті сериалдың жалғасын түсіруге қажет ақшаны «краудфандиң жасап жинайық» дегендер де болды. «Ешкім түсірмесе, өзіміз түсіре берейік, сценарийге көмектесейік. Бізден қандай көмек керек?» деп дамыл таппағандар да көп болды.

Кейін мен «өз басыңыздан өткен оқиғаларды маған жазыңыздар, арасында қызығы, расында өзектісі болса, сериалға енгізем» дегенімде де, директ толып қалды. Неше түрлі оқиғалар. «Ешкімге айтпаған нәрсемді сізге айтып жатырмын» деп жазды көбі. Кәдімгідей риза боласың. 

Сериал жалғасы халықтың сұрау-тілегімен түсірілді деуге бола ма? 

Өзі де солай. Өйткені жаздыгүні бес-алты пилот шығардық. Соның ішінде сұранысқа ие боп, көптің көңілінен шыққан екі сериал болса, соның бірі — осы «Жайна».

Сериал бір проблеманы көтеру арқылы коғамдағы бірнеше мәселенің басын ашты. Маған қызығы — сценаристің салған негізгі идеясы қандай? «Жайна» шын мәнінде не туралы сериал?

Ең басында осы сериалға тапсырыс түскенде, команда қыз баланың кездесулерде өткеретін сезімін түсірейік деді. Мен сонда «әр серия сайын бір жігітпен кездесе беретін қызға бізде ешқандай құрмет болмайды, себебі менталитет сондай» дедім. Америкада түсірсең, бір жөн. Күнде бір кездесу, күнде бір жігіт — қалыпты жағдай. Бізде бұл қалыпты емес. Бізде жігіттің бірнеше қызы болса, ол — сері болады да, қыздың бірнеше жігіті болса, ол — «жезөкше», «жүргіш» атанып кетеді. Сондықтан «қолға осындай мүмкіндік беріліп тұрғанда, әлеуметтік мәселені көтерейік, осындай проблема барын айтайық» дедім.

Сонда көбісі «бұл қаншалықты сұранысқа ие болар екен, біздің қоғамда отырып қалған қыздардың проблемасы соншалық өзекті ме?» деп сұрап, күмәнданды. Ал бұл жалғыз отырып қалған қыздың проблемасы емес қой. Ол ата-ананың да проблемасы, өйткені «балам бақытты болса» дейді, бірақ енді реті келмей жүр, орындалмай жүр — соған уайымдайды. Ол, сондай-ақ, іні-сіңлілердің  де проблемасы. Олар да үйленіп, шаңырақ құрғысы келеді, бірақ әпкесінен аттап кете алмайды. Оның жанын ойлайды, өздерінің бақытын ойлайды, сөйтіп жүргенде шатасады. Ол ажырасқан, әйтпесе өзінің әйелі бола тұра, басқа қыздармен жүретін жігіттердің де проблемасы. Олардың да басында бір қиыншылық боп тұр ғой, әйтпесе, сүйген жардың көзіне неге шөп салады? Демек, әу бастан сүймейді, өзі таңдаған адамына қосылмаған.

Сондай нәрселердің басын ашып көрсетсек, аудитория кеңірек болады деп, осындай қорытындыға келдік. Отырып қалған қыздың проблемасынан бөлек, мұндағы ең басты проблема — қазақ қоғамының «жұрт не ойлайды?» деп өмір сүруі. Біздің қазақ өзі үшін бір күнде өмір сүрмейді. «Киім кисем, анау не ойлайды?». «Алтын тақсам, мынау не ойлайды?». «Үйге жиһаз алсам, туысым, көршім, енем не ойлайды?». Ешқашан «Мен не ойлаймын? Мен бұдан қандай рақат, қандай ләззат аламын?» деп ойламайды. Содан, «жұрт, тума-туыс, балам, әкем, шешем не деп ойлайды?» деген шеңберден шыға алмай жүрген адамдарға өмірдің басқа тұсы барын көрсеткіміз келді. 

Фото: opa.kz

Бірінші серияны бірден басқа ориентациядағы адам тақырыбынан бастадыңыздар? Аудитория қалай қабылдады?

Жастар керемет қабылдады. «Қазақстанға Netflix келді», — деді. Ол түсінікте де, себебі бізде бірінші рет мұндай тақырып қозғалып жатыр. Біз оны хайп үшін істемедік. Иә, әрине, бірінші кезекте, көптің назарын аударту үшін жасалатын дүниелер болады. Кез келген медиа мамандары мұны жақсы біледі. Ол үшін сен жасырын, табу тақырыптарды қозғауға тырысасың. Ал ориентациясы басқа адамдар қоғамда бар. Бұл да біздегі маңызы тұрғысынан кем түспейтін мәселе. Көзімізді қанша жұма қарағанменен, табиғат өз дегенін жасап, ғылым дәлелдеп қойған. Ол — туабітті болатын нәрсе. Ешкім отырып алып: «Ой, мен бүгін гей бола салайыншы», — деп ойламайды. Ол сол табиғатымен «қалыпты өмір» сүруге тырысады, бірақ бір күні онысы бәрібір шығады. Содан қиналады. Біз соны көрсеткіміз келді. Ал бұл жалғыз оның проблемасы емес. Осы туралы пост та жазғам: «Ешқашан үшінші тарапты бақытсыз етпеңіз!», — деп. Сериалда әлгі гей жігіт өзі бақытсыз, оған қоса, Жайнаны да бақытсыз еткісі келді. Иә, ол өте сымбатты, тұрақты жұмысы бар, керемет сыпайы жігіт шығар. Ертең ол ұсыныс білдіріп, Жайна оған тұрмысқа да шығар еді. Бірақ екеуі бір-біріне не моральдық, не физикалық бақыт сыйлай алмас еді. Сөйтіп, бір үйде екі бақытсыз адам өмір сүрер еді. Ол екі адамнан үшінші бақытсыз адам туар еді. Сөйтіп, бақытсыздардың доминосы құрыла берер еді. Сосын бір күні біреуі құлар еді… 

Қыз баланы қоғамның көп бөлігі құрал, ойыншық ретінде ғана көреді. Сериалда сол көрініс тапты. Бірінші сериядағы гей азамат өз басын арашалап алу үшін «сен менің қызым бола салшы, әке-шешемнің көзіндегі репутациямды көтеріп берші» деп тұр. Екінші бөліміндегі үйленген жігіт те «әйелім іске жарағанша, сенімен жүре тұрайыншы» деген пиғылмен келді. Әйелге біз расында солай қараймыз. Қоғам, ер азаматтың көбі солай қарайды. «Бұл — менің проблемамның шешімі» деп ойлайды. Қыздың да өз басы, өз сезімі, ішкі қалаулары барына ешкім сенбейді. 

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Perizat Myrzakhmet (@perizatmyrzakhmet)

Ал әйелдің проблемасы — шын мәнінде қоғамның проблемасы. Біз жаралы ұрпақ өсіріп жатқанымызды түсінбейміз. Серияларының бірінде Жайнаның анасы: «Біз осыларды оқымай-ақ өмір сүрдік, өлмедік қой» дейді. Сонда Жайна: «Анашым, адам өмірге өлмеу үшін келмейді ғой, адам өмірге бақытты болу үшін келеді, тұлға болу үшін келеді» дегенде шешесінің жеңілетін жері бар.

Мақсат әйтеуір өлмей өмір сүру емес, асхана мен дәретхана арасындағы өткізуші құрал болу емес. Біз өмірге Алланың ұлы идеясын алып келдік. Миссиямыз бар. Бізсіз өмірде бір нәрсе де істелмейді. Адам — қоғамның маңызды бір бөлігі. Онысы көзге көрінбеуі мүмкін. Қазірдің өзінде екеуміз жай ғана әңгімелесіп отырып, үлкен мәселенің басын бұрап жатырмыз. Ештеңе бекер емес, өмірге келген әр адам маңызды.

Сценарист Перизат Мырзахметпен сұхбат барысы. Фото: opa.kz

Директке келіп түскен хаттардан іріктеліп, сериал желісіне арқау болғаны бар  ма?

Өкінішке қарай, келіп түскен хаттардың арасында ерекше, іліп аларлық оқиға болмады. Көбінде «Жеңгем, ағам біреумен таныстырды. Содан үйленіп кеттік, ажырасып кеттік» деген оқиғалар. Сондай-ақ, алып қашулар туралы көп жазды. Оның ішінде танымайтын адам алып қашқаны қаншама. Біреуі бақытты болып кеткен, біреуі — әлі күнге бақытсыз. Бір-біріне ұқсас жағдайлар. Сондықтан «бір айрықша оқиғаны алдық, осындайды күтіңіздер» дей алмаймын. Ерекше бір деталь тауып қалсам, міндетті түрде қосамын деп ойлағанмын. Бірақ халық онсыз да ойда бар нәрселерді жазды. Содан, алған бағыт дұрыс екен деп түйдім. 

Сіздің сценаристік зерттеу қандай болды? 

Мен біраз достың, таныс қыздардың миын ашыттым. «Қазіргі кездесулер қалай өтеді? Қайда барасыңдар? Не сөйлесесіңдер? Не істейсіңдер?» деп, әбден сұрақтың астына алдым. Өзім алғашқы кездесу дегенді көрмегелі тоғыз жылдай боп қалды ғой енді 🙂

Кездесу демекші, сериалда Перизаттың сценарийінен бөлек, Перизаттың болмысын құрайтын элемент-детальдарды көргендей болдық. Мысалы, бірінші  сериядағы жігіт  Жайнаны аттармен серуендеуге апарады. Сондағы атты инста-жұртшылық бірден таныды 🙂

Иә-иә, Лидер ғой. Кез келген шығарма — ол бірінші кезекте адамның өзі. Мысалы, «Қарғынды» оқығанда, бәрі Дулат Исабековтың өзін көріп отыратыны сияқты. Мұхтар Мағауин шығармаларынан да автордың өзін көргендей боласың. 

Фото: opa.kz

Сценарий жазу барысы кризистік кезеңге сәйкес кеп қалғанда не істейсіз? Шығармашылдар тілімен айтсақ, «шабыт жоғалғанда қайтпек керек?». Қателеспесем, «Жайнаның» жалғасын шығарып жатқанда, сізде сондай бір кезең болды.

Иә, ондай болды. Дәл «Жайнаны» жазып жатқанда, мен Курпатовтың «Красная таблеткасын» оқып жүрдім. Тамызда сатып алған кітапты үзіп-үзіп, осы қыс басталғанша оқып бітірдім ғой деймін. Сонда еңбектің соңғы бөлімі бәрімізге белгілі — «прокрастинация» тақырыбына арналыпты. Автор ол ұғымды иллюзия дейді. Шын мәнінде бұл «ага-эффект» екен. Яғни, бүгінгінің адамы  прокрастинациядан емес, масс-медиа сыйлайтын қысқа мерзімді «ләззаттарға» көңілі ауып, содан зардап шегеді. Оны оқып алған мен: «қайтсем де, әр нәрсеге алаңдамай, жазуым керек, өлсем де, тірілсем де, сценарийді аяқтауым керек», — деп, мақсат қойдым. 

Сөйтіп, бір аптада екі сериядан жазып жүрдім. Әріптестерім растайды — сценарийді жалғыз жазу өте қиын. Себебі, мұндайда екі-үш адам штурм жасап, оқиғаларды, сценаларды бірге ойластыруы керек. Мәселен, қарапайым қыз бен жігіттің кездесуін көрсету керек делік. Сценарист соның аясында  екеуінің мінезін, сол кездесуге деген екі жақтың көзқарасын бөлек-бөлек ашуы керек. Ал бұған brainshtorm қажет. Қиындығы сол — осы жұмысты жалғыз өзім жасауыма тура келді. 

Аптаның алғашқы екі күнін таза ойлануға жұмсап жүрдім. Келген идеяның бәрін блокнотқа тіздім. Үшінші күні түнімен соның бәрін қорытындылап шығамын. «Мынау керек, мынау керек емес, мынау артықтау, мынаны локацияға, адамына, тағысын тағы себептерге байланысты түсіре алмаймыз», — деп, қажет емесін алып тастаймын. Төртінші күні жазуға кірісемін. Сөйтіп, өзімді-өзім қинап, әйтеуір, бір аптада екі сценарийден өткізіп отырдым.  

Фото: opa.kz

«Кішкентай әйелдер» (Маленькие женщины) фильмінде Джо Марч кітабының кейіпкерін тұрмысқа шығарамын ба, жоқ па деп мың толғанады. Кейін баспагердің айтқанын істейді. Сіз қайттіңіз? Жайнаны классикалық хәппи энд күтіп тұр ма? 

Шын мәнінде финалға қатысты бізде де талас болды. Біріміз Жайнаны бақытты қылдық, енді біріміз бақытсыз еттік. Бүкіл оқиғаны сонымен аяқтап тастағандар болды. Шығармашыл топтың тағы бір жартысы сериал қайтсе де екінші маусымға ұласады деді. Сондықтан, ашық финал қалдыру керек деді. Түсірілімге екі күн қалғанша таласып, талқыладық. Сөйтіп бір тарап жеңді. Қай тарап жеңгенін енді көресіздер 🙂

Бұған дейін сізді көбіне телевизия жобаларының сценарисі ретінде білуші едік. Неге кинематографқа, сериалға бет бұрдыңыз? Қателеспесем, бұл сценаристік қоржындағы бірінші сериал…

Иә, идеядан реализацияға дейін жеткізген алғашқы сериалым. Бұған дейін «Құсайыновтарды» жаздық. Бірақ ол — Украинадан дайын келген сценарийдің қазақша адаптациясы. Оның алдында жазған «Тергеушілер» де сол, дайын өнімді біздің менталитетке сәйкестендіріп, адаптация жасадық. Ал мынау басынан аяғына дейін әр кейіпкерін, әр оқиғасын ойлап тауып жасаған алғашқы жұмысым.

«Неге сериал?» деген сұраққа келсек, мен өзі телевизияға келгендегі басты мақсатым —  қазақ халқының сауатты болуы еді. Мен реалиспін, сондықтан, жүз пайыз сауатты, жүз пайыз адекват болып кетпейтінімізді жақсы түсінемін. Қазір өз құқығын білетін, тұлға ретінде, адам ретінде өз миссиясын түсінетін, «қоғамға нендей пайда келтірем?» деп жүрген сауатты адамдар максимум — халықтың 10% құрайды. Қалған 90% — өмірге не үшін келіп, не істеп жүргенін түсінбейді.  

Әрине, бұған халықтың өзі де кінәлі емес, тарихи, әлеуметтік жағдайлар — себеп. Бірақ қазір біз сол проблеманы біліп тұрып, шығу жолдарын іздеп жатқанымыз жоқ. Проблемаға бір-ақ адамды кінәлап қойып отырмыз. Жалғыз онда емес, мәселе өзімізде де болып тұр. Біз өзіміз аңсайтын жаңа қоғамға дайынбыз ба? — Дайын емеспіз. Мысалы, жапондық, корейлік, америкалық, еуропалық өмірді армандаймыз. Бұл халықтардың игілігі ережелерімен, құндылықтарымен сәйкес келіп отыр. Ал біз сол құндылықтарға, ережелерге дайын емеспіз.

Сценарист Перизат Мырзахметпен сұхбат барысы. Фото: opa.kz

Сондықтан телевизияға алғаш келгенімде бірінші миссиям — сауатты халық қатарын көбейту болса, екіншісі — қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту болған. Басында әншілердің, әртістердің аузына керемет сөз салып, небір жобалар жасадық. Жұрт соларды  көріп: «ой, мына әнші данагөй, анау әнші ақылды, кемеңгер екен», — деп жүрді. Біз де күшті нәрсе ойлап тапқан екенбіз дедік. Бар ойымыз — солар арқылы көбірек халықты қамту еді. Сөйтсек, әртістердің өзі дәнеңе үйренбепті. Қазіргі талай оқиға соған дәлел. Сөйтіп, басшылықпен сөйлесіп, телевизиядан кетуді ұйғардым. Тіпті биылдың өзінде «сценарий жазып, шоу жасауға қайтып кел» деп шақырды. «Бармаймын», — дедім. 

Біріншіден, қазір әлемдік тенденция — сериал, екіншіден, қысқа да нұсқа дүние жасап, небір керемет нәрселерді айтып-жеткізуге болады, ал шоулар — құр даңғыр-дұңғыр, уақытты өлтіру, миыңды ағызу. «Бармаймын» дегенім үшін біраз реніш те естідім. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деді.  Бірақ, өкінішке қарай, он жыл уақытымды босқа өткізіп алғанымды түсіндім. Жұлдыздар мен халық арасында байланыс жасаймын деп жүріп, керісінше, көпті адастырып алғанымды ұқтым. Сондықтан қазір қысқа да болса, сапалы сериалдар түсіргім келеді. Оның үстіне, сериал тілі біздің халыққа көп әсер етіп жатқанын түсіндім. 

Көп отандық сериалдарда кейіпкерлерді орысша араластырып сөйлетеді. Бірде-бір қазақша слэң жоқ. Қазақтың слэңі — бұттың арасынан шықпайтын боқтау сөздерден әрі аспайды. Мен сол стереотипті бұзғым келеді. Қазақтың тілі де жеңіл, қолдануға ыңғайлы бола алатынын дәлелдегім келеді. Сондықтан сериал осы идеяны іске асыруға жақсы құрал екенін түсіндім. 

Фото: opa.kz

Перизат — американ сериалдардың фанаты. ТОП-5 фаворитіңізді атаңызшы. 

Топ-50 ғой менікі 🙂 Талғамға байланысты ауыса береді. Дәл қазір мен үшін бірінші орында — «Тақтар ойыны» (Игра престолов). Бұрын «Құмарлық анатомиясы» (Анатомия страсти) болатын. 12-ші маусымнан кейін өз рейтиңімде орны төмендеп қалды. Десе де, ол — екінші орында. Сосын — «Достар» (Друзья), «Аналарыңды қайтіп кездестірдім» (Как я встретил вашу маму) ситкомдары. Бесінші орында соңғы көрген — «Патшайым қадамы» (Ход королевы) сериалы. 

Мен өмірімде шахматты осыншалық қызық, интригаға толы керемет ойын деп ойламаппын. Шахматистердің жан дүниесін түсінбеппіз. Олардың күресін, дайындығын, құштарлығын ұқпаппыз. «The Queen’s Gambit» соның бәрін ашып берді. 

«Патшайым қадамы» сериалы. Фото esquire.ru сайтынан алынды

Ұлыбритания мен АҚШ бірігіп түсірген «Тәж» (Корона) сериалын да ұнаттым. Біз, мысалы, «бәлембай ханымыз, бәлембай биіміз бар» дей береміз, бірақ олар туралы әлі күнге бір керемет байопик түсіре алғанымыз жоқ. Мысалы, Орбұлақ шайқасынан қандай мықты сериал жасауға болар еді. Біз оны жасамадық. 

Әрбір аңыздан фильм жасауға болады. Күллі түркі әлемі табынып отырған Қожа Ахмед Яссауидің сүйегі жерімізде жатса да, ол туралы әлі ешбір құнды дүние жасамадық. Түсіруге болады, бірақ түсіре алмаймыз. Түсірсек, «Балалық шағымның аспаны» сияқты фильм жасаймыз: қайда барса да, не істесе де супер-пупер, идеал тұлға қылып қоямыз. Олай болмайды ғой. Бір кемшілікті көрсету керек. Адам болған соң ол қателеседі, кейде қызғанып қалады, бірде көре алмай қалады, әйтпесе, көзіне шөп салады. Біз ондайды ешқашан көрсетпейміз. Идеал еткіміз келеді. Ал идеал адам ешкімге қызық емес. 

Мысалы, Американың «Музейдегі түн» (Ночь в музее) деген үш бөлімнен тұратын фильмі бар. Солардың тарихқа деген жеңіл көзқарасын ұнатамын. Алады да, Линкольн, Рузвельттерді шапқылатып қояды. Бізде Абылай ханға бір әзіл айтқызып көр, быт-шытыңды шығарады: «Ойбай,  Абылай сендерге немене, сайқы-мазақ па?!» дейді. — Әй, ол да адам болған ғой. Мысалы, бір музейге барғанымда естідім. Оны «Опырық ауыз Абылай» деп атаған екен кезінде, өйткені қартайған шағында тісінің бәрі түсіп қалған. Содан аузы ойылып, ішіне кіріңкі боп тұратын болса керек. Сондай детальдарды айтқызбайды ғой бізде.  Ал ол кейіпкерге шынайы адам кейпін берер еді. 

«Музейдегі түн» фильмінен скрин-эпизод. Фото 1c-interes.ru сайтынан алынды

Қанша жылдан бері сапалы мамандар тапшылығы туралы айтып келесіз. Қатарын көбейту үшін мастер-класс өткізіп жүрдіңіз. Жағдай өзгерді ме?

Ештеңе өзгерген жоқ. Кеше Марғұлан Сейсембай ағамыздың бір сұхбатын көріп қалдым. «Болашақ креатив мамандардың қолында болады» дейді. Көп мамандықтарды, мысалы, қарапайым операторлардың өзін қазір роботтар алмастыра бастады. Сол роботқа бәсекелес болу үшін мега креатив болуымыз керек. Сценарийдің өзін робот жазатындай жағдайға жетеміз. Дайын сюжетті салған соң, «мына жерде эмоция, мына жерде қозғалыс, мына жерде ойын болады» деп, математикалық жолмен есептеп шығарып береді. Кореяның өзі робот-дикторды іске қосты. Жаңа эра басталды деген сөз ғой. Бір күні бізге де келеді.

Бірақ сенде робот жасай алмайтын нәрсе бар. Ол — адами сезім, адами фактор, қарым-қатынас факторы. Сол себепті де келешекте адаммен қарым-қатынас жасайтын мамандардың бәрі сұраныста болады.

Қазір, өкінішке қарай, қазақта креатив аз. Мастер-классқа келетіннің көбі менің көзіме түссе, мен оларды жұлдыз қылады екен деп ойлайды. Кейін «Курсыңыздан өтіп едім, мынадай жерге жұмысқа тұрғызып бересіз бе?» деп өтініш айтады. Маған кезінде туған інілерім: «Алматыға келіп, журналист болайықшы, актер болайықшы» дегенде, мен көмектеспейтінімді айтқанмын. «Өзіңде бірдеңе бар болса, тесіп шығасың, Перизат жетектеп шығады деп келмей-ақ қой» дегенмін.

Енді бірі мастер-классқа келіп, жұлдызбен кездесуге келгендей отырады. «Күйеуіңізбен қашан таныстыңыз?» деген сияқты сұрақтар басталғанда, қаның ішіледі. Екі-үш адам ғана бірдеңе істеп, көзге түсті. Бірақ тап-тамаша бастап келе жатқанда, ата-аналары «тұрақты жұмысқа тұр» деп бұйырды. Содан жалғастыра алмады. 

Кейінгі кезде TikTok-қа әуесіңіз жайлы айтып жүрсіз. Жаңа желі несімен баурады? 

TikTok-тағы жастардың өзіне деген сенімі, өздерін ешкімнен кем көрмейтіні ұнайды. Мына біздің буынның жетістігі сол шығар — сондай ұрпақ тәрбиелеп шығардық. Байқағаным, «Мен — қазақпын» деген буын өсіп келе жатыр. Орысша сөйлеп, орысша ойласа да, біздің буынға қарағанда идентификациялау дегенді жақсы түсінеді. Мысалы, Алма деген бір қыз бар Tiktok-та. «Қазақтың тілі — керемет тіл, бірақ әлі күнге біз оны дұрыс қолдануды білмейміз» деген месседж таратып, креатив видеолар түсіреді. Жалпы бұған 90-шы жылдардағы буын кінәлі. Өйткені сол кезеңде тамақтың, материал дүниенің соңынан қуып, халық рухани азықты ұмытып кетті. Ол, әрине, түсінікті де, 30-шы жылдардағы аштық, оның алдындағы Ақтабан шұбырынды оқиғасы, ол да аштық, үйсіздік, тұрақсыздық — бәрі біздің менталға кері әсер етті. Бірақ мына тұрақты уақытта, тоқ заманда туған буыннан кәдімгідей үміт күтуге болатынын түсіндім. 

TikTok-тың фишкасы — тұнған креатив. Әрине, бағана айтқанымдай қазақ балаларының бұл ретте үйренері әлі де көп. Себебі көбісі басқа біреулердің челленджін, трендтерін қайталап түсіріп жүр. Бірақ соның өзінде қазақылықты қосып келе жатқан бағыты ұнады. 

Баяғының үлкендері «ойбай, бұл — ақыр заманның балалары, оңбайтын жастар» деуші еді, ал мен, керісінше, жастарды қолдаймын. Орден-медаль үшін емес, өзі үшін жұмыс істеп жүрген жастар маған құрметтірек. Мысалы, атақ-даңқы жер жаратын кемпір-шалдар айта алмаған сөзді алды да Тәуелсіздік күнінде Ninety One-ның төрт баласы тұрып, микрофонға айтып тастай салды. Сыртқы істер министрлігі айта алмаған әңгімені 91 айтып берген соң, болды ғой. Тақырып жабылды, меніңше.  

Фото: opa.kz
Tags: Жайна сериалыкинематографПеризат Мырзахметсценарист

Opa.kz — мәдениет, өнер, сән, спорт, денсаулық, технология әлеміне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған медиа ресурс.

жарнама
Контактілер
Instagram Envelope
© 2020 "Syntax Media" ЖШС