Ақ жол партиясы атынан депутаттық сауал жолдаған Берік Дүйсенбинов Алаш Республикасының құрылған күні 12 желтоқсанды — «Алаш күні» деп ресми белгілеп, жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынды.
«Өткен аптада ғана еліміздің Тәуелсіздік күні алғаш рет жаңа форматта, даңғаза той түрінде емес, тәуелсіздік үшін жандарын қиған қаһарман жастарымыздың рухтарына дұға жасап, еске алу түрінде атап өтілді. Бұл шешімді «Ақжол» партиясы дұрыс деп санайды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні 86-ның желтоқсанында алаңға шыққан қайсар жастармен бірге тәуелсіздік үшін күрескен, осы ұлы міндетке қызмет еткен батырларымызды да еске алғанымыз жөн деп есептейді», — дейді ол.
Биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толды.
Құрметті Әлихан Асханұлы! Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ақ жол» фракциясы Алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде – «Алаш күні» деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрайды», — деді Берік Дүйсенбинов.