Актриса белгілі классикалық шығармаларды қазіргі заманға сай өзгертіп, «Натали Портманның ертегілері» деген кітап шығарды. Жинаққа «Үш торай», «Тасбақа мен Қоян», «Қалалық және ауылдық тышқан туралы ертегі» шығармалары кірген.
Портман ертегілері классикалық нұсқаларымен салыстырғанда, гендерлік-инклюзивті сипатқа ие. Енді бұл туындылардағы еркек кейіпкерлердің әйел түрлері де бар. Мысалы, «Тасбақа мен Қояндағы» тасбақа Портманның жазған нұсқасында әйел екен.
Актрисаның ойынша, балалар ертегілерінің өмірімізде алатын орны орасан зор. Себебі, басқа туындыларға қарағанда, біз ертегілерді қайта-қайта оқимыз. Олар баланың қандай да бір ақпаратты бойына сіңіріп, өз құндылықтарын қалыптастыруына әсер етеді. «Осы ертегілерді оқып отырып, ондағы еркек кейіпкерлердің басымдығына таң қалдым. «Мен балаларыма не үйретіп жатырмын? Кімнің өмірі маңыздырақ, кімнің қамын көбірек ойлау керек сияқты сұрақтарға олар қандай жауап алады?» деген сауал туды», — дейді актриса.
Портманның мақсаты — шығармалардың мәнін өзгертпей, қазіргі заманға сай етіп қайтадан жазып шығу болған екен. Жанашырлық, мейірімділік пен қоршаған ортаны сақтау сияқты қасиеттерге барынша акцент жасаған. Бұл арқылы актриса жинақты балаларына ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіретін нұсқаулыққа айналдырғысы келеді.
Кітапты жазуға Портманның балалары да атсалысқан екен. Актрисаның сөзінше, ертегілерді жаңарту барысында ұлы мен қызы өз өзгерістерін енгізіп, «кішкентай редакторлар» қызметін атқарған.