40 жастағы танымал актриса Ребел Уилсон арықтау құпиясымен бөлісуін жалғастыруда. Жұлдыз 20 келі салмақтан қалай арылғанын айтты.
Күніне 3000 калорийға дейін тұтынатын Ребел Уилсонға салмақ тастау қиынға түскен. Оның әдеттегі ас мәзірі көбіне көмірсулардан тұрған. Ал қазір Уилсон балық, тауықтың төс еті сияқты ақуызы жоғары өнімдермен тамақтанады. Бұрын етті онша көп жемейтін актрисаға диетаның бұл түрі оңайға соқпаған.
“Күн сайын тек пайдалы тамақ жеймін деп айта алмаймын. Кейде әдеттегі режим бұзылады, мұнымен ештеңе істей алмайсың. Жай ғана баланс сақтауға тырысамын. Мен “тыйымға жол жоқ” деген ережені ұстанамын. Егер бургер жегім келсе, фастфуд мейрамханаcына барып, бұрын жейтін порциямның жартысын жеймін. Сол бургер мен аз ғана фриді жеп, өзімді жақсы сезінетін болсам, қалауымды орындаймын”, — деді Уилсон People-ға берген сұхбатында.
Ребел Уилсон пандемия кезеңі өмір сүру салтын өзгертуге мүмкіндік берді деп санайды. Оның ойынша, артық тамақтануының себебі — өзін жақсы көрмеуінде болған. Барлық уайымын жоғары калориялы тағам мен құрамында қанты көп өнімдерді жеумен ғана жеңуге тырысқан.
“Мен тым арық боламын деп ойламаймын, бірақ сыртқы және ішкі болмысым енді ғана үйлесім тапқандай”, — деді актриса.
Ребел осы уақытқа дейін әртүрлі диеталарға отыруға тырысқан. Бірақ, бәрі нәтижесіз болыпты. Қазір актриса дұрыс арықтаудың құпиясы — адамның өзін жақсы көруінде дейді.