Димаш Құдайбергенов “Привет, Андрей” бағдарламасындағы өте маңызды эпизодтың эфирге шықпай қалғанын айтып ақталды. Жұлдыздың сөзіне сенсек, қиылып кеткен бөлігінде Димаш өз елімен мақтанатынын және жерлестерін жақсы көретінін айтқан. Бұл тақырыпқа әнші Instagram-да екі бірдей пост арнапты.
“Бағдарламада қысқа, бірақ мен үшін өте маңызды эпизод болды, ол эфирге шықпады. Ол жерде өз еліммен мақтанатынымды және жерлестерімді жақсы көретінімді айттым. Сонау 2013 жылы «Саз әлемі» бағдарламасында болған оқиға бүкіл қазақстандықтардың маған деген қарым-қатынасының көрсеткіші емес…”, — деді Димаш Құдайбергенов.
Димаш қазіргі жетістіктерінің бәріне Қазақстанның арқасында жеткенін атап өтті. “Мансабым қарқын ала бастаған Америка, Қытайдағы халықаралық жарыстарға мен жалғыз мақсатым — еліміздің атын шығаруға бардым”, — деді ол.
Сондай-ақ, Құдайбергенов 2013 жылғы видеоны тарата бермеуді өтінді. Қанша жыл өтсе де, халық оны әлі талқылап жүргеніне таңқалды. Одан бөлек, кез келген сынды жақсы қабылдайтынын тағы айтты.
Естеріңізге сала кетсек, жақында Димаш Құдайбергенов Андрей Малаховтың “Привет, Андрей!” бағдарламасына қатысты. Шоуда жүргізуші “Ел Арна” телеарнасынан көрсетілген “Саз әлемі” бағдарламасында 17 жастағы Димашты қазылар алқасы сынаған бейнежазбаны көрсетті. Оны тамашалаған ресейлік жұлдыздар қазақстандық әріптестерінің сөзін сынады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram