Ресейлік суретші Артем Лоскутов «Белорусь» картинасын аукционда 3 миллион рубльге сатты. Ол Twitter әлеуметтік желісінде картинадан түскен қаражаттың жартысын Белоруське жіберуге уәде етті.

Бастапқы құны 1 рубльді құраған аукцион картинасының бағасы санаулы сәттерде шарықтап кеткен. Себебі — автордың өзі ойлап тапқан сурет салу техникасында: суретші ақ кенепке қызыл бояуды тоқпақпен (дубинка) ұрып жаққан. Картина Белорусь ұлттық қозғалысы туының түстерімен бірдей. Кенептегі тоқпақ ізінен қалған қызыл түсті бояудың ізі халыққа жасалған зорлық пен жазықсыз төгілген қанның символындай. Дәл осы ерекешелігінің арқасында сурет құны жүздеген есеге өсіп, миллиондаған адамның әр алуан эмоциясына себеп болды.
«Картина 3 миллионға сатылды. Ақшаны белорустарға жіберген кезде хабарлаймын», — дейді Лоскутов әлеуметтік желідегі парақшасында.