Бұрынғы әлем чемпиондарының жекпе-жегі 28 қарашада Лос-Анджелестегі Staples Center алаңында өтті.
Екі спортшы 8 раунд бойы жұдырықтасты. Калифорния Атлетика комиссиясы бұл кездесуде нокаутқа тыйым салған болатын.
Экс-әлем чемпиондарының айқасына Чед Доусон, Кристи Мартин мен Винни Пациенца төрешілік етті. Мартин екі жақ тең түсті десе, Доусон жеңісті Тайсонға, ал Пациенца – Джонсқа берді.
Төрешілер шешіміне екі спортшы да риза емес. Тайсон журналистерге берге сұхбатында жаңа кездесу өткізуге үмітті екенін айтты.
54 жастағы Майк Тайсон бұл кездесуі үшін 10 млн доллар, ал Рой Джонс болса, 3 млн доллар алған. Боксерлер 2003 жылы шаршы алаңда күш сынаспақ болған. Алайда, Джонс Тайсонмен 40 млн доллар сыйақыға жұдырықтасудан бас тартқан болатын.
Тайсон кәсіби карьерасын 2005 жылы аяқтаса, Джонстың рингтен кеткеніне екі жыл болған.