Соңғы уақытта Гарри ханзаданың корольдік статусы әлем назарын аударып отыр. Бұған медиада тараған қауесет пен оның өзі жасаған хабарламасы себеп. Сол мәлімдемесіне сәйкес, ханзада Америка азаматтығын алатын болса, барлық патшалық атағынан бас тартуына тура келеді. Бұл, өз кезегінде, «герцог» атағына ғана емес, «ханзада» титулына да қатысты.
Мұндай тұжырымды британиялық және еуропалық корольдік отбасы бойынша әлемдік сарапшы Марлен Кенинг айтып отыр. Маманның ойынша, бұл заңдылық ханзаданың жұбайы Меган Марклға еш әсер етпеуі мүмкін. Себебі, герцогиня тұрмысқа шыққан сәтте Америка азаматы болатын. Сәйкесінше, азаматтығы ауыспайтындықтан, атақтары да сақталуы мүмкін.
Гарри ханзада Америка азаматшасының жұбайы ретінде, сол елдің азаматтығын алуға толық құқылы. Ал королдік жұптың баласы Арчи — екі елдің де азаматы.
Монарх отбасын атағынан айыруға қатысты қысымның күшеюіне ерлі-зайыптылардың Netflix-пен келісімі әсер етті деген болжам бар. Бұдан бөлек, жұптың АҚШ-тағы сайлау науқаны алдында жергілікті халықты дауыс беруге шақырып, саяси мәлімдемелер жасауы да британиялықтардың наразылығын тудырған. Олар мұны ханзада өзге ел саясатына араласып, патшалық әулеттің дәстүрін бұзды деп бағалап отыр.
Бұған дейін, Гарридің корольдік отбасы мүшелігінен бас тартуына қатысты арнайы келіссөздер өткен болатын. Нәтижесінде, ІІ Елизавета патшайым немересінің бизнес пен коммерциядан басқа салаларда атақты қолдана беруіне рұқсат берген.