Биыл “Әлем аруы” халықаралық сұлулық байқауына «Қызылорда аруы-2019» атанған 18 жастағы Камилла Серікбай Қазақстан намысын қорғайтыны белгілі болды. Бұл туралы ақпарат Instagram-дағы “Мисс Қазақстан” ресми парақшасында жарияланды.
2020 жылы өтпек болған “Қазақстан аруы” байқауын коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген болатын. Есесіне, соның орнына жарысты ұйымдастырушылар мен қатысушылар қайырымдылық жасап, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды.
Олар пандемиямен күресуде дәрігерлерге көмектесіп, пандемиядан зардап шеккен және аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созған. Камилла Серікбай сонда қайырымдылық жасауымен ерекше көзге түскен екен.
“Әсіресе осы қиын кезеңде «Қызылорда аруы-2019» байқауының жеңімпазы — 18 жастағы Камилла Серікбай өзінің адалдығымен және басқаларға көмектескісі келетінімен ерекшеленді. Сондықтан, «Қазақстан аруы» байқауының дирекциясы Камилланы «Әлем аруы-2021» байқауына жіберуге шешім қабылдады! Оның «Әлем аруы» халықаралық байқауында біздің мемлекетіміздің абыройын лайықты түрде қорғайтынына сенімдіміз”, — деп жазды байқау ұйымдастырушылары.