Ұлыбританияның танымал радиохабар бірлестігі BBC қазақстандық Q-pop топ – Ninety one туралы жазды.
BBC мақаласында Q-pop музыкалық жанры, Ninety one бойзбендінің құрылуы, олардың гендерлік стереотиптерді қалай өзгертіп жатқаны және сол жолда қандай қиындық көргені, қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі туралы жазылған.
“Ninety one мүшелерінің андрогендік түрі, яғни ұзын шашы, гайлайнер (guy-liner, ерлерге арналған көз контурлағышы) және макияж сияқты ерлер мен әйелдердің ерекшелігін үйлестіре отырып, айтарлықтай консерватив ел — Қазақстан үшін және онда таралған гендерлік стандарттар үшін сын-тегеурінге айналды”, — деп жазды bbc журналисі.
2015 жылы Ninety one тобы құрылып, Кореяның К-pop музыкалық жанрына ұқсас Q-pop (Qazaq-pop) бағытын қалыптастырды. Басында топ құрамында 5 орындаушы болды: ZAQ, Alem, Bala, AZ, Ace. Бірақ былтыр 5 тамызда Ninety one-ның рэпері, әрі лидері AZ жеке себептерімен топтан кетті.
Топтың образы көп сынның астында қалып, ұжымның концерт қоюына, ән айтуына тосқауыл көбейген кез болды. Қазір де 91-ге скептик көзқараспен қарайтындар саны азаймаған. Десе де, бұл бес жігіт шыққаннан кейін Q-pop бағытында ән айтатын жеке орындаушылар да, топтар да көбейді. Қазір Ninety one әндері бүкіл әлемге танымал.Топ мүшелерінің айтуынша, олар әндері арқылы қазақ тілінің қолданысын дамытпақ.