Джо Байден ант беріп, 46-шы мемлекет басшысы қызметіне кірісті.
Жаңа президент ел алдындағы сөзінде бірігудің маңызы туралы көп айтты. Дональд Трамптың атын бірде-бір рет атамаса да, «қара күндерді» артта қалдыру керек деген ой білдірді. «Билікке жету жолында өтірікке жүгінетіндер аз емес. «Конституция мен азаматтарды қорғаймын» деп уәде берген басшылар бұл уәдесінде тұрмады», — деді ол.
Байденнің алдында Камала Харрис ант берді. Ол АҚШ-тың бірінші әйел вице-президенті атанды.
Іс-шараға, сондай-ақ, көптеген жұлдыздар қатысты. Ұлықтау рәсімінің алдында әнші Леди Гага АҚШ әнұранын айтты.
Дженнифер Лопес салтанатты шараға дайындаған әнін екі ант беру рәсімінің ортасында орындады.
АҚШ-тың ең жас ақыны — 22 жастағы Аманда Горман “Біз шығар белес” (The Hill We Climb) деген өлеңін оқыды. Ал кешке Джон Ледженд, Брюс Сприңстин, Джон Бон Джови және Джастин Тимберлейк қатысқан мерекелік концерт өтті.
Рәсімге бұрынғы президенттер Барак Обама, Джордж Буш және Билл Клинтон әйелдерімен бірге келді. Трамптың кезінде вице-президент болған Майк Пенс те шараға қатысты.


