Apple компаниясының ресми сайтында Apple TV+ арнасы жаңа WeCrashed сериалын түсіруге кірісті деп жазылған. Бұл туынды америкалық WeWork компаниясы туралы болады. Компания коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істеп, стартаптарға жұмыс орындарын ұсынумен айналысқан. Алайда, 2019 жылы есепсіз шығындарға байланысты WeWork банкрот болатыны белгілі болады. Бұл өз уақытында үлкен жанжал тудырды. Осы оқиға қалай өрбігені туралы 8 эпизодтан тұратын жаңа сериалда айтылады. Онда Джаред Лето мен Энн Хэтэуэй компанияның негізін қалаушылар әрі ерлі-зайыптылар — Адам мен Ребекка Нейманды ойнайды.
Сериал режиссерлері — Джон Рекуа мен Гленн Фикарра. Бұл екеуінің бірінші бірлескен жобасы емес. Бұған дейін олар «Мына ақымақ махаббат» (Эта дурацкая любовь), «Фокус» және «Мысықтар иттерге қарсы» (Кошки против собак) фильмдерінде бірге жұмыс істеген.