Танымал әлеуметтік желі нәсілдік немесе діни белгілері бойынша араздық тудыратын мәлімдемелер үшін қолданушылардың парақшасын бірден өшіреді. Бұл ереже жеке хабарламаларды да қамтиды. Әрине, жеке хаттарды ешкім оқымайды, бірақ жәбір көрген инстаграм аккаунт иесі шағымданса, тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Бұрын мұндай құқық бұзатын сөздер жазған аккаунт иесін Instagram модераторлары хабарлама жіберу мүмкіндігінен уақытша айырып, ескерту жасап қана қоятын.
«Енді, осы ережеге сәйкес рұқсат етілмеген хабарламалар жіберу тоқтамаса, біз аккаунтты өшіреміз», — делінген әлеуметтік желі блогында.
Сондай-ақ, Instagram желісі болашақта құқық қорғау органдарымен жұмыс істеу жоспарда бар екенін айтып, оларға тәртіп бұзған аккаунт иелері туралы мәліметтер беріп отыратынын хабарлады.