Әдетте Холливуд жұлдыздарының байлығына қызыққан қылмыскерлер бірнеше миллион доллар тұратын зергерлік бұйымдарын немесе үйін тонайды… Бірақ Леди Гаганың мүлкін ұрлағандардың құндылығы бөлек екен — жұлдыздың француз бульдогтарын нысана етіпті.
Стефани Джерманоттаның (әншінің шын аты) бұл ит тұқымына деген сүйіспеншілігі ерекше — үшеуін асырайды: Коджи, Мисс Азия және Густаво.
Үйінде ұзақ уақыт болмайтын болса, Гага оларды көмекшісі Райан Фишерге тапсырады.
Сондай жағдай болып, әнші жақында Римдегі “Gucci үйі” (House of Gucci) фильмінің түсіріліміне кеткен. Үй иесі жоқта иттермен серуендеуге шыққан Райанға екі қарулы адам қастандық жасап, Коджи мен Густавоны ұрлап кеткен. Мисс Азия (үшінші ит) қылмыскерлерден қашып үлгеріпті, кейінірек полиция итті көрші көшеден тапты.
Төрт оқ жарақатын алған Райан ауруханаға ауыр күйде жеткізілді. Құқық қорғау органдары баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыскерлер екі қара нәсілді жігіт екен. Олар оқиға орнынан BMW автокөлігіне мініп қашып кеткен.