Халықаралық әйелдер күнінде Алматы қаласында өткен әйелдер шеруі жайлы жұлдыздар жарыса жазуда. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева алаңға шыққан феминистерді айыптап, мемлекет басшысынан орамалды қыздардың құқығын қорғауды талап етті. Қасым-Жомарт Кемелұлына жазып, Instagram-ға жариялаған айтыскердің әріптестері қолдап бөлісіп жатыр.
“Мен шетелге жиі ұшамын. Ұшып бара жатып та, келе жатып та түрлі кедергілерге жиі тап боламын. Жұрттың бәрі емін-еркін өтетін шекарадан мені жеке өткізеді, арнайы формадағы қызметкерлер жеке бөлмеге апарып та біраз тергеп барып жібереді. Қайта-қайта қайталана берген соң неге бұлай болып жатқанын сұрастырдым. Сөйтсем, бәріне кінәлі басымдағы “ақ жаулық” екен. Мен орамал таққалы қоғамға қауіп төндіріп жүр екенмін. Мен бір кездері телевизия саласында жұмыс жасадым. Сол кезде орамалым үшін қайта-қайта сөз естуге мәжбүр болып, ақыры кетіп тынғанмын. Орамал таққан қыздар Қазақстанда жұмысқа кіре алмай шет елге көшіп кетіп жатқанын да білемін.
Құрметті Президент! Қазақстандағы орамалды қыздардың құқығын сіз қорғамасаңыз, кім қорғайды?! Олар ер азаматтарды аттап өтіп, аттандап атып шығуға ұяты жібермейді. Қазақ тарихында елеулі із қалдырған Домалақ ана, Бопай ханшайым, Әлпеш ана, Гаухар ана, Ұлбике, Сара ақындар ақ жаулықтарына адалдық танытып алаштың аналарына айналған жоқ па?! Шаштарын қызыл-жасылға бояп даналықты дәріптеген кім бар?! Алланың әміріне бойұсынып жүрген арулар елдің тұтқасы болар адал ұлдарды дүниеге әкелмей ме?! Адамның кеудесіне не дін кіреді, не жын кіреді. Қоғамға қайсысы қауіпті?! Біз сіздерге арқа сүйейміз. Кешеден бері инстаграм әнші қыздардың посттарын өшіріп тастап жатыр. Неге?! Себебі қазақ сияқты текті халықтың рухын таптауға әлем қыздарымыз арқылы кірісіп жатыр! “Жатыр өзімдікі” деп жар салғызудың артында қазақты тамырымен құрту саясаты жатыр. Осы мәселе ойы күйінде қалмаса екен”, — деді Тұрсынбаева.
Фоллоуерлері “Дәл жеткіздіңіз. Айнұр ханым”, “Қолдаймын, орамал таққаның не айыбы бар”, “Түкия елінде орамал таққан қыз-келіншектерді Ердоған қос қолдап қолдайды”, “Айнұр ханым, сіздің айтқандарыңыз Президентке жетсе екен”, “Бұл шындық, мен Қазақстанда жүргенде қазіргідей орамалмен еркін жүре алмайтын едім. Қазір Абу Дабиде оқып жатырмын. Бұл жақта керісінше қысқа, ашық кигенді құптамайды” деген пікірлер білдірді.