Танымал әнші Әли Оқапов анасы, ҚазКСР халық әртісі Роза Рымбаева туралы фильм түсірмек. Бұған дейін Роза жайлы деректі фильм түсірілген. Десе де жаңа туынды өмірі мен шығармашылығы жайлы толықметрлі фильм болады деп күтілуде. Әли Оқапов өзін кинопродюсер ретінде сынап көрмек. Бұл жайлы Әли Instagram желісінде “Гәккуге” берген сұхбатында айтты.
“Бұл фильмді түсіру туралы идея 2-3 жыл бойы қарастырылды. Бірақ осы жолы өзіміз қолға алып, неге көрмеске деп бастадық. Қорқыныш бар, қобалжу бар. Бірақ менің ойымша әр адам бір білмейтін нәрседен қорқады ғой. Ақырын-ақырын қадам басып, қазір өз ойымызды жүзеге асырмақшымыз”, — деді Оқапов.
Фильм жайлы анасы Роза: “Бұл фильмді түсіру бір жағынан біз үшін ерекше қуаныш. Себебі бұл біздің отбасымыздың басынан өткен өмір. Бұл енді кез келген әйел адамның басынан өтететін қиыншылықтар. Себебі мен сияқты жалғыз басты адамдар көп. Бірақ қиындықтарға қарамастан бәрін жеңіп, балаларын өсіріп, өзі де жоғарғы деңгейге көтеріліп бақытты болған аналар көп. Осындай фильм түсірілсе деп өзім ойлаймын. Ең бірінші осы фильмді жасайық деп ұсыныс жасаған – Әли”, — дейді.
Фильмді түсіріліміне дайындық басталып кеткен екен. Продюсері — Әли Оқапов болса, режиссері — Қайыржан Орынбеков. Музыкалық продюсері болса — Эмиль Досов.