Былтыр желтоқсанда өткен Ninety one тобының онлайн концертіне билет сатып алған кейбір Eaglez-дар (Ninety one жанкүйерлері) желіде ренішін білдіріп жатыр. Бұған өткен концерт жазбаларын Juz Еntertainment Youtube арнасына жариялай бастауы себеп болған, деп хабарлайды Q-pop жаңалықтарын мәлімдеп отыратын Primerqpop instagram парақшасы.
Кейбір жанкүйерлері топтың мұндай шешіміне риза емес. 20 желтоқсанда өткен онлайн концерттің ережесіне сәйкес, көрермендерге шоуды видео, фотоға түсіруге және оны желіге жүктеуге тыйым салынған болатын. Шоуды тек билет сатып алғандар көре алды.
Алайда, Juz Еntertainment 1 наурыздан бері онлайн концерт жазбаларын желіге жүктей бастады. Мұны концертті көрмегендер қуана қабылдап, осындай мүмкіндік сыйлаған үшін топқа алғысын білдіріп жатыр. Ал ренішін жасырмаған бір топ eaglez концерт жазбаларын жариялайтынын білгенде, билет сатып алмайтынын айтуда.
Ninety One-ның instagram-дағы постында “Рахмет, келесі жолы билет сатып алмаймын”, “Шынымен бәрін салып шықпақсыздар ма?”, “Билет алғандарға өкінішті”, “Қайран 4 мың теңге” деген комменттер кездеседі.
Айта кетсек, былтыр өткен Ninety one-ның онлайн концертінің билет құны 4000 теңге болды. Бүгінге дейін топ онлайн концерттен 5 әнді жариялады. Арасында Zaq пен Balа дуэтінің орындауындағы “Nukteler” деген жаңа ән бар.