Букмекерлер Eurovision байқауының 2021 жылғы жеңімпаздары жайлы болжамын бөлісті. Тізім Eurovisionworld сайтында жарияланған.
Сарапшылар ән байқауында Je Me Casse әнін орындайтын мальталық Дестини Чукуньера жеңімпаз атанады деп топшылауда.
Екінші және үшінші орынды, болжам бойынша, Швейцария мен Франциядан келген қатысушылар иеленбек.
Швейцария атынан Gjon’s Tears сахналық лақап атымен танылған музыкант Джон Мухарремай қатысса, Франция намысын Барбара Прави қорғайды.
Ән байқауы аясында даулы мәселелер де туындап үлгерген. Жұртшылық байқаудың грузиялық қатысушысы Торнике Кипианидің байқаудан шығарылуын талап етті. Оларға әншінің сын көтере алмай, Facebook парақшасында өзін сынағандарға бейәдеп сөздермен жауап қайтарғаны ұнамай қалған.
2020 жылы коронавирус инфекиясының таралуына байланысты тоқтатылған ән байқауы биыл, Роттердамның Ahoy аренасында мамырдың 18-22 аралығында өтпек.