Сәкен Майғазиев “Шымкент қаласында ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға жұмсалған қаржы неге көп?” деген сұраққа жауап берді. Дау “Зерттеу” қоғамдық қоры жүргізген зерттеуден кейін басталған. Қор ақпаратына сүйенсек, оңтүстік мегаполистегі қалалық мәдениет үйі Наурызды тойлауға 565 млн теңге жұмсаған. Еске сала кетсек, былтырғы жыл соңында әнші осы мекеменің директор міндетін атқарушы болып тағайындалған. Сын астында қалған Майғазиев желіде “жын ойнақ жасағандай көрсетудің қажеті жоқ, 19 мекеме атсалысқан 100-ден аса шараға бөлінген қаражатты мен ойлап тапқан жоқпын” деп ақталып, өз есебін берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
“Бүгінде Шымкент «жасыл» аймақта тұрған Қазақстандағы жалғыз қала. Елдің аузында жүрген сомма тек наурыз мерекесіне ғана қаралған қаржы емес. 572 миллион теңге (565 млн емес), жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы. Соның ішінде Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалды. Наурызға қатысты іс-шаралар наурыздың соңына дейін, тіпті сәуір айына дейін жалғасады. Айтайын дегенім, 213 миллион теңгенің өзі кейбір блогерлер жазып жатқандай 5-6 іс-шараға бөлінген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бөлінген бюджет бабамнан қалған қаржы емес!”, — деп жазды әнші.