Кейінгі кезде үшінші рет үйленуге ниеті барын айтып жүрген актер Даурен Айдарқұлов өмірлік қиын сәттерде өлім туралы ойлау керегін айтып, Instagram-да жазба қалдырған. Бұған алаңдаған оқырман актер халін сұрап, түрлі қолдау комменттерін жазуда.
“Кейде көңіл-күйім болмай, ашулы, ренжулі, жауыз болатын кездер бар. Оған себеп те әртүрлі: отбасылық қатынастар, ауыр сөздер, жұмыс жағдайлары, қаржылық проблемалар және т. б. Мұндай кезде дұрыс шешім қабылдап, нақты және жеткілікті ойлау мүмкін емес екенін түсінемін. Бірақ мен тыныштықты қалпына келтірудің және өмірге, айналамдағы бүкіл нәрсеге сүйіспеншілікпен қараудың әдісін таптым”, — деп жазды Айдарқұлов.
Бұрын мұндай жағдайда актер бәрін уақыт еншісіне қалдырса, қазір жаңа әдісті қолданады екен: қиын жағдайға тап бола қалса өлім туралы ойлау керегін түсінген.
“Өлгеннен кейін бәрі тоқтайды. Сондықтан, әзірге тірі кезде мені қоршаған жандарға барынша көмектесіп, бағалап, жақсылық жасап, жылу мен сүюге, құрметке бөлегім келеді. Тіпті бұл жандар маған мыңдаған қиындықтар туғызса да, мен олармен жақсы қарым-қатынаста болуға дайынмын. Адам жақсы жаққа өзгеруге бейім. Мен әлі қанша өмір сүретінімді білмеймін. Бірақ өлімнен қашып құтыла алмайсың. Сондықтан. әзірге тірі кезімде мені қоршаған жандарды сүйіп, құрметтеп, бағалаймын”, — деді актер.