Алматыда “Хотя бы в кино” (“Ең болмағанда кинода”) фильмінің түсірілімі басталды. Бұл туралы Gakku Plus арнасы хабарлады.
Кинода аурухана салу тендерін жеңіп алып, бірақ ақшаны жымқырған шенеуніктің оқиғасы баяндалады. Әкімнің рөлін танымал әзілкеш Қайрат Әділгерей сомдайды, ал оның оң қолы рөлінде — “Бизнес по-казахски” фильмінен танымал Гүлнәз Жоланова. Сондай-ақ, актерлік құрамда Дәурен Серғазин, Төлепберген Байсақалов, Әшім Ахметов, Қылышбек Қасымбек, Асхат Түгелбаев және Қанат Күнғожинов бар.
Туынды режиссері Тимур Дулатов үшін “Хотя бы в кино” алғашқы толықметрлі фильм болмақ. Оның сөзінше, қазір фильм саундтрегін жазу бойынша Димаш Құдайбергенмен келісім жүріп жатыр.
Түсірілімі Алматы және Ақтау қалаларында өтпек. Шытырман оқиғаға негізделген комедия осы жылдың күзінде шығады деп жоспарлануда.