Сауд Арабиясының Жоғарғы соты 11 сәуірде ешкімнің жаңа туған айды көре алмағанын, сол себепті Парсы шығанағы елдеріндегі Рамазан айы дүйсенбіде басталмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Риа Новости.
Сауд Арабиясының бұл шешімін көптеген басқа араб елдері де қолдаған. Десе де, әрқайсы өз астрономдары мен дін мамандарының сөзіне сүйенеді.
“Шаабан айының 29-да комитеттің жаңа айдың туғанын бақылау туралы үндеуіне ешкім жауап бермеді. Сондықтан комитет жұмысы дүйсенбіде жалғасады”, — деп жазылған Катардың вакууфтар және ислам істері министрлігінің мәлімдемесінде.
Мысыр, Ирак, Тунис, Ливан, Кувейт, Йемен, Оман, БАӘ сияқты елдерде Рамазан айы 12 сәуірде басталмайды. Егер дүйсенбіде жаңа ай тумасаонда бұл елдерде ораза сейсенбі не сәрсенбі басталады.
Еске сала кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталатынын мәлімдеген болатын.