Қазақстандық әнші Әкімхан Мәженов Уфадағы «Яңы Моң» халықаралық музыкалық телевизиялық байқауына қатысып жатыр. Қазір отандасымыз 3-ші кезеңнен өтті.
25 жастағы Әкімхан жобаның бірінші кезеңінде “Қазақстан-Гүлістан” әнін орындап, бұл жобаға қатысуына себепкер болған марқұм әкесін еске алды.
Байқаудың екінші кезеңінде ол қазылар алқасының қатарында болған танымал әнші Валерий Меладзенің «Актриса» әнін орындап, оның жоғары бағасын алды.
“Маған бар дауысын салып айтқаннан гөрі ақырын айтқан әлдеқайда қиын дейтін. Сіз бірде-бір рет айқайға, я форсажға көшкен жоқсыз. Дауысыңыздан көп энергия сезіледі. Орындауыңызда бірде-бір қате нота болған жоқ. Басыңызда компьютер бар ма, әйтпесе қалай бұл? Әр нота соншалық керемет өңделіп шықты. Бұл таңғаларлық жағдай», — деді Меладзе.
Үшінші кезеңде Әкімхан Мәженов башқұрт тілінде ән шырқады. Оның орындауын ұнатқан жоба жетекшісі, танымал әнші Элвин Грей сахнаға шығып, қолын алды.
«Яңы моң» халықаралық музыкалық жобасының кастиңінде 52 орындаушы бағын сынап, олардың 16-сы ғана жобаға қабылданған болатын. Байқау соңында жеңімпаз 1 миллион рубль ақшалай сыйақы мен танымал ресейлік әнші Элвин Грейдің лейблінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.