Алматының жас суретшілері сары жапырақтан Әл-Фарабидің портретін жасап шығарды. Қазақ ұлттық университетінің стадионында пайда болған суреттің ауданы 1600 шаршы метрді құрайды.
Суретшілерге еріктілер көмектесіп, оны бар болғаны бір күнде аяқтаған. Барлығы 10 адам қатысыпты. Портретті тек биіктен ғана тамашалауға болады. Ол футбол алаңының өлшемімен бүкіл стадионды алып жатыр.
«ҚазҰУ стадионын таңдадық. Себебі, бұл университет Әл-Фараби есімімен аталады. Стадион өте үлкен. Жұмыс та оңайға түспеді. Шамамен үйеңкі және басқа да ағаштар жапырақтарының 150 қабы кетті», — деді идея авторы Джохар Юнусов. Ол туындыны Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнады.
Суретті анық ету үшін жас суретшілер пиксель жүйесін қолданды. Стадионды көптеген алаңдарға бөліп, оларды жапырақтармен толтырған. Әр шаршыға өз реңкін берген.
Портрет ауа-райы бұзылғанға дейін тұрады. Метеорологтар мегаполисте жақын күндері жылы шуақты күндердің боларына уәде етіп отыр. Осылайша, алматылықтар Әл-Фарабидің портретін әлі бірнеше күнге дейін тамашалай алады.