Ешқашан психолог қызметіне жүгініп көрмеген адам терапияның нәтижелі боларына толық сенбеуі мүмкін. Енді бір категория стресс әбден асқынғанда ғана көмек іздейді.
Адам психологиясы — өте күрделі құрылым. Соны түсінбегендіктен, көпшілік маманына баруға асықпайды. Достардан кеңес сұрап, соларға жүгінсе, мәселе шешімін табады деп ойлайды.
Шындығында психолог тек жан жарасын емдеуші ғана емес. Сіздегі арпалыстың мәнін түсініп, тұлғаңызды тануға, өзіңіз үшін дұрыс шешім қабылдауға жетелейтін маман.
Opa.kz редакциясы психолог Сәулентай Талғатқызымен сұхбаттасып, достың кеңесі психолог көмегінің орнын неге баса алмайтынын талдады.

Сәулентай Талғатқызы
Жеке тәжірибесі нәтижесінде авторлық методикасын ойлап тапқан психолог, бизнес-тренер, психологиялық тренингтер авторы
Достарыңыз сізге “жақсылық тілеп”, қате шешім айтуы мүмкін
Әлеуметтік желіде психолог іздеп, кеңес сұраған постардың астынан “Анам тұрғанда, психологтың не керегі бар?”, “Менің ең жақсы психологым – ол менің достарым” деген комментарийлерді жиі кездестіреміз.
Қолдау көрсететін жақын адамдардың болғаны өте жақсы. Бірақ, олар сізге психолог бола алмайды.
Жақын адамыңыз сіздің сезімдеріңізге ортақтасып, қолдау білдіруі мүмкін. Бірақ, оның айтқан кеңестері сізді қорғауға бағытталған дұрыс емес шешім болуы мүмкін. Бұның себебі — досыңызбен арадағы жақын байланыс. Әдетте, біз жақындарымызды ренжітіп алмау үшін қателіктерін тура айтудан жасқанамыз.
Психологтың сізбен жақындық байланысы жоқ
Психолог үшін маңыздысы — сізбен жақсы қарым-қатынасын сақтап қалу емес. Ол сырттай бақылаушы ретінде еш эмоциясыз мәселеге қатысты өз ойын айта алады. Сондай-ақ, сізге де жағдайға жаңа қырынан қарап, талдау жасауға көмектеседі. Досыңыз не жақыныңыз секілді нақты бір шешім, кеңес ұсынбауы мүмкін. Мәселені бөлшектеп талдап, шешім қабылдауыңызға демеуші болады.
Тәжірибелі психологтар өз жақындарына не таныстарына қызмет көрсетпейді. Себебі, психолог қызметіне жүгінген адамға маман барынша ашық, бар сырын айта алатындай жағдай қалыптастыруы керек.
Жақын адамыңыздың жеке тәжірибесі сізге көмектесе алмайды
Жақыныңыздан кеңес сұраған кезде ол мәселеге қатысты ойын өз тәжірибесі мен көзқарасына қарай саралайды. Тек өзінің емес, анасының, танысының ұқсас жағдайларын мысалға келтіруі мүмкін. Ал сізге өз мәселелеріңізді шешу үшін басқа біреудің тәжірибесі керек пе?
Психолог “сау психикасын” жалға беруші
Психологпен өткізген бір сағат ішінде ол үшін ең маңыздысы — сіз бен сіздің психологиялық жағдайыңыз. Тәжірибелі маман — бір сеанс бойы сізге өзінің “сау психикасын” жалға беретін адам. Сіз сол сананы қолдана отырып, мәселенің шешіміне өз ой-талдауларыңыз арқылы келесіз.
Тәжірибелі психологтар жүйелі түрде арнайы супервизиядан өтіп тұрады. Супервизия – психологтың клиент ретінде басқа бір психологтың көмегіне жүгінуі. Бұл сабақ немесе теория емес. Психолог та терапия арқылы өз психологиялық травмаларын емдеп, ішкі ойларымен бөлісуі қажет. Себебі, таза сана — психологтың басты құралы. Тәжірибелі маман өз супервизорларын жасырмайды. Сіз де психологыңыздан қанша сағат терапиядан өткені туралы ашық сұрай аласыз.
Достарыңыз сіздің проблемаңыздан шаршауы мүмкін
Достарыңыз үнемі сізді тыңдауға дайын бола бермейді. Оларды алаңдататын басқа да мәселелері, жеке өмірі бар. Сіздің өтінішіңізден бас тартқысы келсе де, “ұят болады” деген оймен сізді тыңдауы мүмкін. Салдарынан жағдайды толық түсінбеген адам сізді одан әрі шатастыруы мүмкін.
Психолог үшін сіздің психикаңыз ең маңызды дүние
Тәжірибелі маман терапия барысында өзінің кім екенін ұмытады. Оның басты міндеті — сізді мәселенің дұрыс шешіміне бағыттап, талдау жасауға көмектесу. Шерлок Холмс секілді сіздің психологиялық денсаулығыңыздың бөлшектерін жинаумен айналысады.
Терапия барысында клиентке ыңғайлы атмосфера қалыптастыру маңызды. Басқа сыртқы факторлар әсеріне, телефон қоңыраулары мен хабарламаларға алаңдамауы қажет. Тәжірибелі психолог сеансты үйінде, кафеде немесе әңгімені басқа біреулер естуі мүмкін ортада өткізбейді. Сізбен ыңғайсыздықтар туралы ашық сөйлесуі қажет.
Психологтардың этикалық кодексіне сай психолог сізге толықтай құпиялылықты қамтамасыз етеді. Сіз туралы жеке мәліметті іздеп, әлеуметтік желіден қосымша ақпарат алуға тырыспайды. Кездесіп қалған жағдайда бірінші болып амандаспайды. Сіздің терапияңыз туралы туысқандарыңызға, жақындарыңызға, тіпті заңды қамқоршыңызға айтпауы қажет.