Бизнесті дамыту, инвестициялық тартымдылықты арттыру, мемлекеттік-жекеменшік сектордың әріптестігі деген бастамаларды Қазақстан қоғамы бірнеше жылдан бері естіп келе жатыр. Оның мақсаты біреу ғана – елдің экономикасын көтеру. Осыған орай, әр өңірде атқарылып жатқан шаруалар да аз емес. Мәселен, Алматы облысы әкімдігі жекеменшік кәсіпорындарды қолдау, олармен ақылдаса отырып жұмыс істеу, жетістікке бірге қол созып, кемшіліктерді бірге түзеп, қиындықтарды бірге еңсеру үшін үлкен-үлкен жобаларды қолдап отырады. Бұл тарапта облыс әкімінің кәсіпкерлермен кездескенін, жұмыстың бет алысын талқылағанын жиі естіп қаламыз.
Алматы облысы екіге бөлініп, Жетісу облысы құрылғалы, еліміздегі ең ірі мегаполис Алматы қаласына жақын орналасқан Алматы облысы өндірістік облыс ретінде жиі атала бастады. Себебі, үлкен қаланың айналасында бизнеске, кәсіпорындардың жұмысына, түрлі өндірістік салаларға мүмкіндік басқаларға қарағанда көбірек беріледі. Оның себебін айтпаса да белгілі, сұраныс халық тығыз орналасқан аймақтарда көп болады. Және инвесторлар да шалғайға ат сабылтып жүргенше, жақын маңдағы мүмкіндікті бірінші пайдалануға тырысады. Сондықтан, облыс орталығы Алматыдан небары 100 шақырым жерде орналасқан Алматы облысының әкімдігі Алматы қаласының маңындағы көптеген өндіріс орындарының жұмысын қашан да бақылауда ұстап, олардың ары қарай дамуына мүдделі. Мемлекеттік-жемеменшік әріптестіктің мақсаты да осы болатын.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев осындай мақсатта «Алматы тұрмыстық техника зауыты» өкілдерімен кездесу өткізіп, зауыттың қазіргі жағдайын, болашақтағы даму бағыты туралы жоспарларды талқылады. Қазіргі таңда Алматы облысы әкімдігінің басты жұмыстарының бірі – облыс орталығы болып бекітіліп, аты өзгерген Қонаев қаласын жан-жақты дамыту. Бұл ретте облыс орталығының өндірістік әлеуетін жолға қою маңызды мәселенің бірі. Қала ғана емес, қала маңындағы өндіріс орындары тек облыс орталығын ғана дамытып қоймайды, берісі облыс экономикасын, арысы республика бойынша бәсекеге қабілетті экономикалық климат жасауға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, қазір әкімдіктің басты бағыты – отандық өндірісті дамыта отырып, облыс тіршілігін жандандыру. Өйткені, бұл бағытта Алматы облысының мүмкіндігі зор. Шалғай облыстар сияқты емес, мемлекеттік бюджетке көп қол арта бермейтін облыс ретінде аймақтағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да аз болмайтыны түсінікті.
«Алматы тұрмыстық техника зауыты» — бизнес жоба ретінде аталғанымен, былтыр іске қосылған, жұмыс істеп жатқанына бір жыл болған ірі жоба. Аталмыш бизнес жобаның құрылтайшысы Сойыртас Абдулқасым және қаржы директоры Әділжан Қожабергеновтер облыс әкімімен кездесу кезінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жармұхамбет ауылында 6 гектар жерге салынған зауыттың қазіргі уақытта газ және электр пештерін шығаруды ұйымдастыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл жобаның инвестициялық жоба екенін айта кету керек. Зауыт бір жылда 200 мың пеш шығаруға қауқарлы.
«Бүгінгі таңда отандық шикізатты пайдалануды көздейтін теледидарлар, тоңазытқыштар мен мұздату жабдықтары, шағын пештермен үлкен пештер шығарудың өзекті қажеттілігі туындап отыр, бұл отандық компаниялардың өнімін арттыруға мүмкіндік береді. Өндіріс жергілікті шикізатты пайдалана отырып, өнімнің өзіндік құны бәсекеге қабілетті және сапа барлық заңды талаптарға сай болады. Өнімді Кеден одағы елдерінде және Орталық Азияда өткізу жоспарлануда, бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырады.Сіздермен кездескенімізге өте қуаныштымыз. Бұл өңір инвестиция тарту орталығы болып табылады. Осы орайда, сіздердің тараптарыңыздан қолдау мен ынтымақтастыққа үміттенеміз, – деді компанияның бас директоры Абдулқасым Сойырқас.
Қазір зауыты пеш қана емес, теледидар, тоңазытөыштар, кондиционерлер шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін, жаңадан құрылған облыс орталығы маңынан жер телімін алуды көздейді. Бұл жағынан облыс әкімдігі де қолдауын аямайтынын білдірді. Қазір кәсіпорын өкілдері өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен бөлшектерді жеткізу бойынша әртүрлі кооперациялар, компанияларымен түрлі бағытта келіссөздер жүргізіп жатқанын айтады. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те кәсіпкерлердің жобасын толықтай қолдайтынын айтып, Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриалды-иновациялық даму басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлына, Алматы облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Садуақасовқа, және Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаевқа аталған серіктестікке барынша қолдау көрсетіп, жер телімін тауып беруді тапсырды.
Айта кету керек, аталған зауыттың өндірістік қуаты 1 млн бірлік жабдықты құрайды. Жобаның алғашқы кезеңіне 25 млрд теңгеден астам инвестиция салынады. Жоба толықтай іске қосылғанда халықты жұмыспен қамту бойынша да біраз шаруа реттеледі. Еуропа елдерінде әр ауылдың шетінде өндіріс орындары болатынын, сол зауытта ауыл тұрғындары жұмыс істеп, тіршілігін жасайтынын туралы жиі айтамыз. Бұл жоба да толық іске қосылғанда 1200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылатынын айтып отыр. Демек, мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігі арқасында инвестиция тартылып қана қоймай, онда облыс тұрғындары жұмыс істеп, нәпақа табуға мүмкіндік туады. Өндірістің ең бір артықшылығы да осында. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» бағдарламасының негізгі мақсаты да осы. Бизнесті дамыту арқылы, азаматтардың тұрмысын түзеп, әл-ауөатын арттыру және үлкен өлшеммен алғанда елдің экономикасын дамтыу.