Ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Майк Тайсон мен төрт салмақ дәрежесіндегі экс-әлем чемпионы Рой Джонс арасындағы жекпе-жекті Қазақстанда тікелей эфирде көруге болады.
Жекпе-жек 29 қараша, жексенбі күні Qazsport телеарнасында сағат 07:50-де басталады. Шаршы алаңдағы кездесу толық сегіз раундтық форматта Калифорния штатының Карсон қаласында өтеді. WBC жеңімпазға арнайы белбеу дайындаған.
53 жастағы Тайсон 58 жекпе-жек өткізіп, оның 50-інде жеңіске жеткен. 2005 жылы өткен соңғы жекпе-жегінде ол Брайан Макбрайдтан мерзімінен бұрын жеңіліп қалған.
51 жастағы Джонстың қоржынында 75 жекпе-жек бар. Оның 66-сында жеңіске жетсе, қалған тоғызында спортшы жеңілген. Соңғы рет ол екі жыл бұрын рингке шығып, Скотт Сигмонды жеңген.