Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев салдырған «Медеу» мұз айдынының ашылғанына 50 жыл толды. Алматылықтар демалыс күні осы мерейтой аталып өтті.
Мерекелік бағдарлама Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Одан кейін мәнерлеп сырғанау шеберлері Роман Костомаров, Евгения Медведева, Татьяна Тотмянина, Максим Маринин, Оксана Домнина, Максим Шабалин және Морис Квителашвили қонақтарға шоу көрсетті.
Сондай-ақ мұз айдынына өзінің ерекше бағдарламасымен қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 жылғы қысқы универсиаданың күміс жүлдегері және II қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева шықты.
Мұз айдыны аумағында көптеген ойын-сауықтық интерактивті алаңдар орнатылған.
«Медеу» мұз айдыны 1972 жылы 28 желтоқсанда ресми түрде пайдалануға берілді. Теңіз деңгейінен 1,691 метр биікте орналасқан «Медеу» мұз айдыны» — Алматы қаласының мақтанышына айналған және қала тұрғындарының сүйікті орындарының бірі. Оның аумағы 10 500 шаршы метр жерді алып жатыр және 10 500 көрерменді сыйғызады.
«Медеу» атауы ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген қоғам қайраткері, қазақ халқын көшпелі отырықшылыққа бейімдеу жұмыстарымен айналысқан, қазақ балаларына арнап пансионат ашқан Медеу Пұсырмановтың құрметіне берілген.
Алғашқыда Мәскеу «Медеуді» Қырғызстанға салуды жоспарлаған. Бірақ Дінмұхаммед Қонаевтың араласауымен Алматы қаласына салу жөнінде шешім шығарған. Министерлер кеңесі кұрылыс жұмысына 1 миллион рубль қарастырыпты. Бірақ Қонаевтың араласуымен 14 миллион рубль бөлінген.