Қыс басталысымен көбі сноуборд тақтайшаларын арқалап, тауға аттанады. Үйренуге ниеттілер де көп. Бірақ бұл оңай спорт түрі емес. Мысалы, танымал актер әрі нағыз сноуборд шебері Тәуекел Мүсілімнің өзі дұрыс емес сырғанап, оңбай құлап, бір рет бұғанасын шығарып алған екен. Бұл оқиғамен актер Opa.kz редакциясына берген арнайы сұхбатында бөлісті. Мүсілімнің сөзінше, жоғары жылдамдықпен сырғанап келе жатып, тақтайдың шеті жерге тиіп кетер болса, ұшып кетуіңіз мүмкін. Сол үшін қауіпсіздік ережелерін барынша сақтану керек.
Тәуекелдің өзі алдымен шаңғы теуіп үйренген. Сырғанаудың бастапқы дағдыларын меңгерген оған сноубордқа тұру онша қиын болмапты. Сол үшін де жаттықтырушы жалдамаған.Бірақ, тақтайшаны бағындыруды мақсат тұтқандарға актер кәсіби маманға жүгінуге кеңес береді.
“Енді ғана сноуборд үйреніп жүргендерге айтарым, оны youtube-тен көріп алып, дәл қайталаймын деу — бос әурешілік. Үйрену үшін сноубордты жақсы тебе алатын таныстарыңызбен бірге барыңыз. Ондай достар болмаса, арнайы жаттықтырушы жалдаған жөн. Олардан бастапқы техникасын көріп-біліп алып, әрі қарай ақырындап өзіңіз үйрене бересіз. Жалпы, сноуборд тақтайының арты мен алды жерге тиіп кетіп, жарақат алмас үшін тепе-теңдік ұстап тұру керек. Осы ретте аяқтың өкшесімен баланс сақтай алу маңызды”, — деді Тәуекел редакцияға берген сұхбатында.
Тәуекел ескерткен жарақаттардан аулақ болу үшін әрі сноуборд теуіп үйренемін деушілерде туындайтын көп сұраққа жауап алу үшін Opa.kz осы спорт түрінің жаттықтырушысымен сөйлесті.

Алина Константинова (@snowboarding_almaty) – Шымбұлақ тау-шаңғы курортында 7 жыл сноуборд жаттықтырушысы болып қызмет атқарады. Жасы – 23-те. Сноуборд тебуді 11 жыл бұрын бастаған. Бала кезінде шаңғы тебудің фристайл-могул деген түрімен кәсіби түрде айналысқан. Уақыт өте келе сноубордқа көбірек қызығып, басқаларды да осы спорт түріне үйретіп жүр.
Шаңғыдан сноубордқа дейін…
Өскеменде тұрғанда, мен кәсіби түрде шаңғы тептім. Қазақстандық танымал спортшы Юлия Галышова сияқты фристайл-могул деген түрімен айналыстым. Кейін отбасылық жағдайға байланысты Алматыға көштік. Шаңғы тебуді сол кездерде тастап кеттім. Арада біраз уақыт өткенде сыныптасыммен бірге тауға бардық. Ол – сноуборд, мен шаңғы алдым. Сонда сыныптасым маған сноуборд тебуді ұсынды. Мен аса жақтыра қоймадым. Содан екеуміз бәстестік. Мен одан жеңіліп қалған соң ғана, сноубордты байқап көруге мәжбүр болдым. Бірақ сол күннен бастап сноубордтан түспейтін болдым. Кәсіби түрде айналысып, Олимпиада резервінің даярлау орталығына да қабылдындым. Алайда ол кезде сноубордиң Қазақстанда аса дамымағандықтан, жаттықтырушы болуға мамандандым. Сноубордпен айналысу бостандық пен өз-өзіңді жеңгендей сезім сыйлайды. Мен үшін сноуборд – бұл жылдамдық.
Сноубордиң бәріне жарамды ма?
Менің ойымша, жоқ. Сноуборд бәріне бірдей жағатын спорт түрі емес. Біреу шайды, біреу кофені жақсы көретіні сияқты, біреу шаңғыға, біреу сноубордқа жақын. Сонымен қатар, физиология жағдайын да ескеру керек. Балаларға шаңғы тепкен дұрыс деп айтар едім. Себебі, шаңғы тебу қауіпсіз. Омыртқа мәселесі бар ересектерге де осындай кеңес берер едім. Егер жарақатыңыз болса, тәуекелге бармаған жөн. Сноубордшылар жаттығу кезінде, сырғанағанда жиі құлайды. Биіктен құлау денсаулығында онсыз да ақауы барларға қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай адамдар үшін дұрысы — шаңғы.

Сноуборд тебуді қалай тез үйреніп кетуге болады?
Бірден айтайын, бұны тез үйрену өте қиын. Қалай болғанда да, үйренуге кемі –бірнеше сағат кетеді. Біріншіден, әр адамның мүмкіндігіне байланысты. Екіншіден, қандай нәтижеге жеткіңіз келетініне байланысты.
Шымбұлақ баурайлары халықаралық стандарттарға сәйкес қиындық деңгейіне байланысты 4 түрлі түспен белгіленген:
— Жасыл: енді үйреніп бастағандарға арналған;
— Көк: оңай баурайлар;
— Қызыл: қиын баурайлар;
— Қара: өте қиын баурайлар.
Әдетте орта есеппен екі сағаттық сабақтан кейін жаңадан бастағандар өздігінен жасыл баурайдан еркін түсіп жатады. Кейбіреулері тіпті кішігірім бұрылыстар жасап үйренеді. Одан да биікке, мысалы, қызыл баурайға көтерілуді мақсат еткендерге бір маусым қажет. Аптасына бір рет келіп, жаттығып жүрсеңіз, жай сырғанап қана қоймай, прогреске ұмтылсаңыз, онда қыстың соңында сіз қызыл баурайдан сенімді сырғанайтын боласыз.

Сноубордқа тұрғанда дене балансын сақтау маңызды
Шаңғы не сноуборд болсын, кез келген спорт түрінде дене балансын сақтау маңызды. Сноубордты үйренбес бұрын баланс жағын реттеу үшін “Balance board” деген жаттығуды жасауға болады. Ол үшін тақтайшаның астына цилиндр тектес зат қойып, үстіне шығасыз. Бастысы – тақтайша үстінде тұрғанда, екі шетін де жерге тигізбеу керек. Дене балансын сақтауға өте пайдалы жаттығу.
Экипировка мен сноуборд тақтайшасы. Қалай таңдау керек?
Егер сноубордпен бұрын-соңды сырғанамаған болсаңыз, алғашында арнайы киім мен тақтайшаны жалға алған жөн. Сатып алуға асықпаңыз! Себебі, әр нәрсе сырттан басқа болып көрініп, іс жүзінде мүлдем басқа болуы мүмкін. Сондықтан, менің кеңесім: 1-2 рет сырғанап көріп, содан кейін ғана экипировка жайлы ойланған дұрыс.
Сноуборд тақтасын таңдауда бірнеше критерий бар: тақтаның қаттылығы, пішіні, иілу мүмкіндігі және т.б. Тақталар мақсатына қарай да ерекшеленеді. Мысалы, жұмсақ тақталарда сырғанау оңайырақ. Әдетте, ондайлардың сыртында “үйренушілерге арналған” деген жапсырма тұрады. Сондықтан, сноуборд тақталарын өзіңіз сатып алудан еш қорықпаңыз. Дүкендегі сатушыдан немесе нұсқаушыдан кеңес сұрай аласыз.
Қауіпсіз құлаудың амалы қандай?
Бөксе жақпен құлағанда, жарақат қаупін азайту үшін құлап бара жатқанда төмен отыра қалу керек. Негізі, құлайтыныңды бір секунд бұрын түсінесің. Осы сәтте ең дұрысы – мүмкіндігінше төмен отырып, артқы жаққа шалқайыңқырап құлау. Қолды тіреуге мүлдем болмайды. Себебі, қол сүйектері осалдау, сынып кетуі немесе басқа да жарақат алуыңыз мүмкін. Ал жамбас сүйектері мықтырақ келеді, құлағанда сізді көтере алады. Мен өзім бірде осылай қолымды қоямын деп жарақаттанып қалғаным бар. Содан бері үйренушілерге құлағанда өзіңе қолмен көмектесуге болмайтынын үнемі ескертемін. Бірақ кейде инстинктив түрде әрекетімізді игере алмай кетеміз. Сондықтан, инстинкті ақыл, логикамен басып отыру керек. Әрине, бәріне тәжірибе қажет. Міндетті түрде қорғаныс киімдерін кию керек. Олар жарақаттың алдын алуға көмектеседі. Мысалы: спорттық шлемдер, тізеге арналған қорғаныс киімдері және т.б.

Сноуборд қауіпті ме?
Негізі, өмірде бәрі қауіпті. Мысалы, жай ғана дүкенге нан алуға шыққанда да құлап қалуыңыз мүмкін. Әр қадамыңызды ойланып бассаңыз, сноуборд соншалықты қауіпті емес. Бірақ мұнда сіз өзіңіз үшін жауап бергенімен, басқа да сырғанап жүргендер үшін жауап бере алмайсыз. Бір адам барынша мұқият болып жүрсе де, өкінішке қарай, оны қауіпсіздік ережелерін еш сақтамай жүрген екінші бір адам қағып кетуі мүмкін. Сондықтан, тауда жүру ережесін сақтап, және әр әрекетке мұқият болу – бәріне ортақ ереде.
Міндетті түрде сноуборд жаттықтырушысымен кеңесу керек пе? Әлде досың да үйрете ала ма?
Әрине, сіз тек жаттықтырушыға сене аласыз. Алайда жаттықтырушының бәрі кәсіби бола бермейді. Кез келген саладағы сияқты мұнда да маман көп, бірақ нағыз профессионалдар. Сноуборд жаттықтырушысын таңдарда оның қызметін пайдаланғандардың ол туралы пікірлерін оқып көріңіз. Достарыңыздан да сұрап көріңіз: олар танитын жақсы маман. бар шығар. Ал досыңмен бірге үйрену, әрине, қызықты процесс. Бірақ көбісі бірден жоғары баурайдан сырғанап үйреткісі келеді. Бұл қауіпті. Сондай-ақ, салдары сол — оқу процесі жүйелі болмайды. Сондықтан, тәжірибелі жаттықтырушымен кеңескен дұрыс. Олар тау баурайындағы қауіпсіздік ережесімен таныстырады, сноуборд үйренудің тиімді жолдарын көрсетеді. Одан бөлек, қате жасаған болсаңыз, жаттықтырушы оларды тез әрі қауіпсіз түзеп, не істеу керегін үйретеді.
Сноуборд жаттықтырушысының сабағы қанша тұрады?
Шымбұлақ тау шаңғы курортының ресми сайтында бағалар көрсетілген. Мен топ классты жаттықтырушы қатарына жатамын. Екі сағат сабақтың құны — 30 мың теңге. Ал инструкторлар құны — 16 500 теңге.
Посмотреть эту публикацию в Instagram